Accessibility links

Әзербайжан валютасы екінші рет құнсызданды


Валюта айырбастау пункті жанына өтіп бара жатқан адамдар. Баку, 21 желтоқсан 2015 жыл.

Валюта айырбастау пункті жанына өтіп бара жатқан адамдар. Баку, 21 желтоқсан 2015 жыл.

Әзербайжан валютасы (манат) күрт арзандаған соң дүкендер жабылып, ел шетелдік валюта немесе ұзақ уақыт қолданатын тауар сатып алуға жүгірді.

Бакуде бір ер адам Азаттық тілшісіне «Бұл - тұтас халық үшін өте аянышты жағдай. Елдің бәрі доллар іздеп кетті, бірақ оны бірнеше банк пен валюта айырбастау орындары ғана сатып жатыр... Көптеген айырбастау пункттерінде доллар жоқ» деді.

«ХАЛЫҚТЫ БІР ТҮНДЕ ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗДЫ»

Әзербайжан орталық банкі желтоқсанның 21-і күні валюта бағамын еркіне жіберді, нәтижесінде манат 48 пайызға құнсызданып, бір доллар 1,05 манаттан 1,55 манатқа қымбаттады.

Бакудегі дүкеннің босап қалған сөрелері. 21 желтоқсан 2015 жыл.

Бакудегі дүкеннің босап қалған сөрелері. 21 желтоқсан 2015 жыл.

Ұлттық валютасы құнсызданған соң тұрғындар бүкіл елдегі дүкендер мен сауда орталықтарына асықты. Олар дүкен қожайындары бағаны қымбаттатып үлгермей тұрып, тауар сатып алуға жүгірді. Бакудегі «Бина» сауда орталығында аяқ киім сатушы қызметкер дүкенді жабу керек болғанын, әйтпесе ақшадан ұтылатындарын айтты.

Ал доллар мен еуро сатып алмақ болғандар ақша айырбастау орындарының жабық тұрғанын немесе валюта сатпай жатқанын айтады. Елдегі бірқатар банктер бір адам 500 АҚШ доллары шамасында ғана ақша айырбастайтын шек қойған. «Ешбір банк долларды манатқа айырбастағысы келмейді. Себебін білмейміз. Бұл бізді есеңгіретіп тастады. Адамдарды бір түнде банкротқа отырғызуға қалай дәттері барды?» дейді Бакудің тағы бір тұрғыны.

Желтоқсанның 21-інен кейінгі валютаның еркін бағамы туралы мәлімдемеден соң Бакудегі кейбір валюта айырбастау орындары долларды 1,56 және 1,59 манат арасында - ресми бағамнан әлдеқайда жоғары сата бастады. Орталық банк манатты еркіне жіберу туралы шешімдерін «елдің валюталық қорын қорғау» деп түсіндірді.

ҮКІМЕТТІ СЫНАУ

Экономистер мен оппозиция өкілдері манаттың күрт арзандауын сынап жатыр. Экономист әрі «Республикалық балама» (Republican Alternative) оппозициялық тобының мүшесі Натик Кафарли «Әзербайжан манаты еркін жүзуге жіберілді. Бірақ ешкім оған қалай жүзу керек екенін үйретпеген» дейді.

Карикатурада "Манатты суға жібермес бұрын оған жүзуді үйрету керек еді" деп жазылған.

Карикатурада "Манатты суға жібермес бұрын оған жүзуді үйрету керек еді" деп жазылған.

Әзербайжан «Халық майданы» партиясының төрағасы Али Керимли үкіметті «ұлттық валютаны өлтірді» деп айыптады. Ол «Манатты менмен, жемқор, қабілетсіз үкімет өлтірді. Енді баға да өседі, манатпен алатын жалақы, зейнетақы, қолда сақталған ақшаның бәрі 55 пайызға құнсызданды» деп мәлімдеді.

Үкіметтің әрекетінен манат биыл осымен екінші рет құнсызданып отыр. Ақпан айында девальвация болып, манат долларға шаққанда үштен бірге арзандаған еді.

Бакудегі IJS заң фирмасында жұмыс істейтін банк сарапшысы Акрам Гасанов елдің орталық банкін айыптап, оның алғашқы девальвациясы «тағы да құнсыздануға жол ашты» дейді. «Көптеген елдер соңғы жылдары өз валюталарының құнын төмендетті, бірақ Әзербайжандағы сияқты адамдар мен кәсіпкерлерге елеулі зиян келген жағдайлар болған жоқ» дейді Гасанов.

Ол девальвациядан соң Әзербайжан банктерінің көбі жойылады дейді. Оның сөзінше, «Банктің банкрот болуынан оның иесі мен менеджерлері жапа шекпейді, қарапайым салымшылар зардап шегеді». Ақпандағы девальвациядан бірнеше апта бұрын Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев манатты «әлемдегі ең тұрақты валютаның бірі» деп атап, шетелдік азаматтар мен компанияларға «ақшаны манатпен сақтаған жөн» деген кеңес берген еді.

Экономистер Әзербайжан валютасының құлдырауына мұнайдың арзандауы ықпал етті дейді. Бакудегі үкімет мұнай және табиғи газ экспортына қатты тәуелді. Brent маркалы мұнай желтоқсанның 21-і күні барреліне 36,10 доллардан сатылды, бұл 18 ай бұрынғы бағаның 33 пайызымен бірдей.

Moody 's рейтинг қызметі желтоқсанның 21-і күні Әзербайжан бюджетінің тапшылығы биыл жалпы ішкі өнімнің 9.2 пайызына жетеді деп болжады. 2015 жылы шикізат бағасының арзандауы Ресей мен Қазақстан валютасын да құнсыздандырған еді. Ресей рублінің де, Қазақстан теңгесінің де бағасы қазір долларға шаққанда бұрын болмаған рекордтық төменгі шекке құлдырап кеткен.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG