Accessibility links

«Нашар мен сорақының бірін таңдау»


Бакудегі дауыс беру учаскесінде ту іліп жатқан адам. 9 қазан 2013 жыл

Бакудегі дауыс беру учаскесінде ту іліп жатқан адам. 9 қазан 2013 жыл

Әзербайжанда президент сайлауы өтіп жатқан тұста Азаттық қазақстандық саясаттанушымен пост-советтік елдердегі сайлау мен саяси жүйенің ерекшеліктері туралы сұхбаттасты.

Сарапшылар «Әзербайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев бұл сайлауда үшінші мерзімге қайта сайланады» деп болжайды. Олардың пікірінше, Әзербайжандағы оппозиция әлсіз, сондықтан Әлиев қарсыластарынан әлдеқайда көп дауыс жинайды.

Азаттық тілшісі бұрынғы Совет Одағы құрамында болған елдерде өтетін сайлаулардың табиғаты туралы саясаттанушы Досым Сәтбаевпен сұхбаттасты.

Азаттық: – Бүгін Әзербайжанда өтіп жатқан президент сайлауына 10 кандидат қатысты. Кандидаттар саны осы елдегі бес жыл бұрынғы сайлаудан көп, арасында біріккен оппозиция ұсынған саясаткер де бар. Әзербайжандағы сайлау ТМД елдеріндегі жалпы саяси ахуалды сипаттай ала ма?

Досым Сәтбаев: – Біріншіден, саяси мәселелерге қатысты кейбір ортақ жайттар болмаса, ТМД елдері бір-біріне ұқсамайды. Әртүрлі деңгейдегі авторитаризм бар, оның өзінде де ол әртүрлі. Мәселен, тіпті, Қазақстан мен Өзбекстанды, Қазақстан мен Түркіменстанды бір деңгейге қойып бағалауға болмайды.
Досым Сәтбаев, саясаттанушы

Досым Сәтбаев, саясаттанушы


Пост-советтік елдердің кавказдық бөлігін алсақ, Арменияның саяси жүйесі мен Әзербайжандікі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан Әзербайжандағы сайлау ол елдің саяси жүйесінің өзіндік спецификасы аясында өтіп жатыр. Әзербайжан – пост-советтік елдердегі биліктің отбасы мүшелерінің біріне мұрагерлік жолмен тапсырылуын жүзеге асырған бірден-бір мемлекет. Биліктің әкесінен баласына берілуін айтамын. Бұл жайт жалпы саяси процеске әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан оппозициялық үміткерлер қағаз жүзінде болса да қатысып, Ильхам Әлиевпен бәсекеге түсуіне мүмкіндік алады.

Бірақ Әзербайжан жүзеге асырған, билікті отбасы мүшелерінің біріне мұрагерлік жолмен тапсыру механизмі – өзгеше.

Азаттық: – Келесі айда Тәжікстанда өтетін президент сайлауында тұңғыш рет әйел саясаткер Ойнихол Бобоназарова оппозицияның ортақ кандидаты болып ұсынылды. Автократ деп сипатталатын президенттер ұзақ уақыт басқарып келе жатқан пост-советтік елдерде Бобоназарова сияқты кандидаттардың сайлауға қатысып, дауыс жинауға мүмкіндігі бар ма?
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон


Досым Сәтбаев: – Әрине, сайлауға қатыса алады. Бірқатар оппозициялық партиялар оны қолдаған соң Тәжікстанның белгілі бір саяси бөлігінің мүддесін көрсете алады. Бірақ жеңіске жету мүмкіндігі өте төмен. Әсіресе көп жылдар бойы өзін ғана мемлекет басшысы санаған Эмомали Рахмон ұлдарының бірін саяси қызметке белсенді араластырып жатқан тұста мүмкіндік өте аз. Эмомали Рахмонның болашақ жоспары билікті отбасы мүшелерінің біріне мұрагерлік жолмен тапсыруға байланысты. Рахмон үшін бұл сайлау – «бізде демократия мен саяси бәсекелестік бар» дегенді жұртқа көрсету ғана. Сондықтан [Ойнихол Бобоназарованың] президент сайлауына қатысуына мүмкіндік бар, ал жеңіске жетуіне қазіргі саяси жүйеде мүмкіндік жоқ.

Азаттық: – ТМД елдерінде 1990 жылдары өткен сайлаулар мен 2000 жылдардағы сайлаулардың арасында қандай да бір өзгешелік байқала ма?

Досым Сәтбаев: – Әрине, оған Араб әлемінде болған жағдайлар қатты әсер етті. Тіпті пост-советтік кеңістіктегі бәсекелестік бар екенін көрсетудің өзіне ерінген авторитарлық мемлекеттер қазір бәсекелестік бар екенін көрсетумен айналысып жатыр. Сондықтан Араб елдеріндегі наразылықтар [пост-советтік елдердегі] саяси элитада қорқыныш пен үрейге себеп болды. Олар ең болмағанда «демократия ойнамаса» (демократия шарттарын сақтап жатқан түр танытпаса – ред.) жағдайды ушықтырып алатынын түсінді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақыратын үгіт-насихат билборды. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақыратын үгіт-насихат билборды. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл


Азаттық: – Бұл сонда жағдайдың оңала бастағанының белгісі ме?

Досым Сәтбаев: – Жоқ, бұл жақсы мен жаманның арасындағы таңдау емес. Бұл нашар мен сорақының арасындағы таңдау ғана. Мойындағы арқан ұзарғанымен, шешілген жоқ.

Азаттық: –ТМД елдеріндегі сайлауларды бақылаушылар көбінесе қарама-қайшы екі түрлі қорытынды жасап жатады. Бір тарабы (ТМД-лық бақылаушылар) «сайлау әділ өтті» десе, ЕҚЫҰ бастаған халықаралық бақылаушылар көп жағдайда «сайлау әділетсіз болды» деп бағалайды. Мұндай алшақтық қашанға дейін сақтала беруі мүмкін?

Досым Сәтбаев: – Сайлау қалай өткеніне қарамастан, оның нәтижесін қолдайтын халықаралық ұйымдардан бақылаушылар қатыстыру – саяси технологияның бір бөлігі. Өйткені осындай бақылаушылардың пайда болуы билік басында отырғандардың заңсыз сайлауын заңдастыру үшін жасалады. Сондықтан бақылаушылар арасындағы осындай қайшылықтарды саяси ойынның бөлігі деп білемін. Ал Әзербайжан сайлау процессін бақылауда ТМД-ның өзге елдерінен айтарлықтай ерекшеленбейді.

Азаттық: – Бұл үрдіс пост-советтік ТМД елдерінде қашанға дейін жалғасуы мүмкін?

Досым Сәтбаев: – Бұл «демократия ойнауды» доғарған кезде тоқтайды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG