Accessibility links

Әзербайжанның үкіметті, Иран мен саяси исламды сынаған жазушысы қаза тапты


Әзербайжан жазушысы Рафиқ Таги.

Әзербайжан жазушысы Рафиқ Таги.

Жазушы, журналист Рафиқ Таги қарашаның 19-ы күні түнде үйіне қайтып келе жатқанда белгісіз екі адам шабуылдап, жеті рет пышақтап кеткен еді.


Рафиқ Тагиге 4 сағат бойы операция жасап, өтін алып тастаған. Екі қабырғасы сынып, іш құрылысы зақымданып, қансыраған жазушы төрт күннен бері ауруханада жатқан.

Журналистің 23 қарашада қайтыс болғанын Азаттық радиосына марқұмның досы, «Алаторан» журналының редакторы Расим Караджа хабарлады. Оның айтуынша, Таги бүгін түстен кейін көз жұмған.

1950 жылы туған Рафиқ Таги өмірден өтерінен бір сағат бұрын ғана Азаттықтың Әзербайжан қызметіне сұқбат беріп, өзінің тәуір болып келе жатқанын айтты.

– Жағдайым бірқалыпты. Ауыр болғанымен, нашарлап жатқан жоқпын, – деген еді ол.

Тагиге операция жасаған дәрігерлердің бірі Низамеддин Әскеровтің айтуынша, Рафиқ Таги тұншығып қалған сияқты.

– Денсаулығы дұрыс болған. Өз құсығына шашалып өлген сияқты. Біз оның өліміне түрткі болған басқа себеп таба алмадық, – дейді Низамеддин Әскеров.

Оның айтуынша, дәрігерлер Тагиді қайтыс боларынан 10 минут бұрын ғана тексерген – жағдайы тұрақты болған.

Жазушының достары бұған дейін ауруханада қауіпсіздік шарасы жасалмағанын айтып, үкіметті тиісті шараларды қолға алуға шақырған. Бірақ Таги өзіне төніп тұрған ешқандай қауіп жоғын айтқан.

ТҮРМЕ, ПӘТУА ЖӘНЕ ҚАСТАНДЫҚ

Рафиқ Таги дүйсенбі күні Азаттыққа берген сұқбатында өзіне жасалған қастандық «осы айдың басында жарияланған мақаламмен байланысы болуы мүмкін» деген еді. Оның «Иран және жаһандану» деген мақаласы Азаттық радиосының Әзербайжан қызметі сайтына шыққан. Жазушы ол мақалада Иран үкіметін сынап, Тегераннан Әзербайжанға төнер қауіп-қатер туралы жазған.

Сейсенбі күні Иранның Әзербайжандағы елшілігі «Тагиге жасалған қастандыққа Иран үкіметінің қатысы жоқ екенін» мәлімдеді.

2007 жылы Баку соты Тагиді «Еуропа және біз» деген мақаласында исламға тіл тигізді деген айыппен 3 жылға түрмеге жапқан. Абақтыда 8 ай отырған жазушы президенттің рақымшылығымен бостандыққа шықты.

Баку маңындағы бір ауылда жүздеген исламшыл тұрғын шеру өткізіп, мақала авторын өлім жазасына кесуді талап еткен еді.

Бұл мақалаға қатысты Иранның аятолласы Фазел Ланкарани Тагиге қарсы пәтуа шығарып, оған өлім тілеген.

Таги советтік әзербайжан поэзиясының классигі Самед Вургунның шығармашылығы мен қоғамдық-саяси көзқарасын сынағаны үшін өзі 16 жыл мүше болған Әзербайжан жазушылар одағынан да шығарылған. Көз жұмғанша «Азат жазушылар одағы» балама әдеби ұйымына мүше болған.

Әзербайжан билігі жазушы Рафиқ Тагиге жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Рафиқ Тагидің соңғы сұқбаты:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG