Accessibility links

«Түрмеге кетсем де, жұмысымды тоқтатпаймын»


Журналист Хадиджа Исмаилова

Журналист Хадиджа Исмаилова

Азаттықтың Әзербайжан қызметімен әріптес болған журналист Хадиджа Исмаилова Бакудегі сот залында соңғы сөзін айтты. Ол «экономикалық қылмыс жасады» деген айыптарға қатысты өткен сот рухын сындыра алмағанын, қызметін тоқтата алмағанын мәлімдеді.

Хадиджа Исмайлова өзіне таққан айыптарды терістеп, «бұл - мұнай өндіретін бұрынғы советтік республикадағы жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы коррупцияны әшкерелеген мақалаларым үшін кек алудың амалы әрі саяси астары бар іс» дейді.

Журналистің мәлімдеуінше, «түрмеге қамап, кәсіби жұмысын тоқтату үшін сот оған қарсы айыптарды ойдан шығарған». Хадиджа Исмайлова судьяға «Түрмеге кетсем де, жұмысымды тоқтатпаймын» деді.

Өткен аптада мемлекеттік айыптаушы Исмаилованы тоғыз жылға соттауды сұрағаннан кейін журналист өзі сияқты тәуелсіз әрі пікірлес журналистермен бірге «коррупция мен заңсыздықты әшкерелей беретінін» мәлімдеген. Хадиджа Исмаилова «Біз аса маңызды істі атқарып отырмыз» деді.

«Біз қамау мен бопсалауға ұшырасақ та ашық жазып, қоғамға ақпарат тараттық... Өз жұмысымды орындағаныма бақыттымын» дейді ол.

Хадиджа Исмаилованың сотына кіре алмай тұрған адамдар. Баку, 31 тамыз 2015 жыл.

Хадиджа Исмаилованың сотына кіре алмай тұрған адамдар. Баку, 31 тамыз 2015 жыл.

2012 жылы Азаттықтың Әзербайжан қызметі эфирінде Хадиджа Исмаилованың Әзербайжан үкіметі президент Ильхам Әлиевтің отбасына алтын кенішін өңдеу құқығын бергенін әшкерелеген және 2014 жылы Әлиевтің екі қызы оффшор арқылы Әзербайжанның ең ірі ұялы байланыс бизнесі – Azercell компаниясын тіркеп алғаны туралы мақалалары шыққан.

Мақалалары үшін көптеген халықаралық сыйлық алған Исмаилованың айтуынша, істі шұғыл қараған «экспресс сот» нәтижесі алдын ала белгілі әрі заңсыздыққа толы болған.

Оның айтуынша, куәлерден сот кезінде алынған жауаптар мен айыптаушылардың оған қарсы дәлелдері «куәгерлерден қысым арқылы алынғаны немесе әлгі адамдар қол қоймаған мәлімдемелер» екені байқалған.

Сот залында журналист: «Куәлердің біріне пара ұсынған. Қалай ұялмайсыздар! Бұл не деген мемлекет?!» деді.

Журналист соңғы сөзін тағылған айыптарды тағы теріске шығару үшін пайдаланып, «журналистік зерттеулерінде дәл осы қылмыстарды әшкерелеуге тырысқан адамды үкіметтің «салық төлеуден жалтарды», «ақша жымқырды» және «билігін асыра пайдаланды» деп айыптап, дәлелдегісі келетіні қисынсыз» деді.

«Президент отбасы ұрлап, оффшор есеп-шоттарда сақталған ақшаға қатысты тексеру жүргізген адамды "оффшор компаниялар мен топтармен жасалған мемлекеттік келісім-шарттарды асыра пайдаланды, салық төлеуден жалтарды" деп айыптау тіпті күлкілі емес пе?» деді ол судьяға.

Енді пенитенциарлық мекемелер қызметіндегі қылмыстарды әшкерелеуге мүмкіндігім болады.

Журналист түрмеге қамалса да жұмысын доғармайтынын айтып, серт берді. Ол «15, тіпті 25 жыл да менің жігерімді жасыта алмайды» деп мәлімдеді.

«Енді пенитенциарлық мекемелер қызметіндегі қылмыстарды әшкерелеуге мүмкіндігім болады. Мен қиындықты мүмкіндікке айналдыра алатын жандардың қатарынанмын» деп мәлімдеді Хадиджа Исмаилова.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 39 жастағы Хадиджа Исмаилова - өзгеше ойлағаны үшін үнемі қудаланатын ең көрнекті белсенділер мен журналистердің, үкімет сыншыларының бірі.

Оны босату туралы АҚШ және өзге Батыс елдерінің үндеуіне қарамастан, Исмаилова былтыр желтоқсанда тұтқындалғаннан бері алдын ала қамауда отыр. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы оны ар-ождан тұтқыны деп атайды. Халықаралық журналистерді қорғау комитеті оған тағылған айыптарды «журналистік қызметі үшін кек алу» деп санайды.

Тамыздың 7-сі күні басталған сот процесіне шетелдік елшіліктердің кейбір өкілдері ғана қатысқан. Ал тәуелсіз журналистер мен азаматтық белсенділерді сот залына мүлде кіргізбеді.

Чарльз Рекнагелдің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG