Accessibility links

Әзербайжан белсендісі берілмеске бекінді


Әзербайжандық белсенді Лейла Юнус.

Әзербайжандық белсенді Лейла Юнус.

Әзербайжан билігі танымал құқық қорғаушы Лейла Юнусты «мемлекетке опасыздық жасады», «басқа да қылмыстарға қатысы бар» деп айыптап, түрмеде ұстап отыр.

Таулы Қарабақ қақтығысын реттеуге үлес қосуға тырысқан Лейла Юнустің жасы 58-де, қант диабетімен ауырады. Халықаралық құқық қорғаушылар Баку түрмесінде сот процесін күтіп жатқан әйелдің денсаулығына алаңдайды.

БИЛІКТІҢ ҚЫСЫМЫ

Лейла Юнус үндемей қалатын адам емес. Сәуір айында жарияланған мына видеода ол Бакудегі полиция бөлімінің алдында айқайға басып, қамауға алынғаннан соң полицейлердің тамақ ішуге мұрша бермегендерін, әжетханаға да полиция қызметкерімен бірге кіргенін айтқан.

Ол «Бес еркектің бір әйелді күзетуге шамасы келмей ме? Бес полиция қызметкері! Мені әжетханада да күзете ме? Біреуі маған әжетхана ішінде де қарап тұрды! Арсыз!» дейді ашуға булығып.

Юнус Әзербайжанның әділет үшін күрескен белсендісі ретінде танылды. Оны жұрт ар-ұжданның символы санайды. Шілденің 30-ы күні Лейла Юнусты алты сағат тергеді. Тергеуден соң билік оған «салықтан жалтарды», «алаяқтық жасады» деген айыптар тақты.

Лейла Юнустің күйеуі Ариф.

Лейла Юнустің күйеуі Ариф.

Оның күйеуі Ариф Юнус та тұтқында отыр. Оған «мемлекетке опасыздық жасады», «алаяқтықпен айналысты» деген айыптар тағылған. Екеуін де абақтыға 90 күнге жапты. Халықаралық құқық қорғаушылар «абақтыдағы жағдай нашар, екеуі де ауырып қалуы мүмкін» деп алаңдайды. Лейла Юнус қант диабетімен ауырады. Ал сәуірде полицияның тінтуі мен күні-түні жалғасқан тергеуден соң Ариф Юнустың қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен еді.

Азаттықтың Әзербайжан қызметіне сұхбат берген Лейла Юнус мамыр айында көрген қысымын айтты. Ол «Президент Әлиевтің адам құқығына қатысты жаманатын ескеріп, мен сияқты егде әйелге прокурорлардың бірі «алдымен сенің көз алдыңда күйеуіңді шөлмекпен зорлаймын, содан кейін оның көзінше сені зорлаймын» дегенін естігенде таң қалған жоқпын» дейді. Оның айтуынша, «осы тақілеттес оқиғаларды жұрттан 30 жыл бойы естіп келеді, енді соны өз басынан өткеріп жатыр».

Билік өкілдері бұл жолы аямасқа бекінген сияқты. Прокуратурада оқылған ұзақ мәлімдемеде Юнустар «Армения қауіпсіздік қызметімен астыртын байланыс орнатқан адамдар» ретінде сипатталады. Билік белсенділерді «Таулы Қарабақтағы этникалық армяндарға әскери ақпарат берді» деп те айыптайды.

ӘЛИЕВКЕ ХАТ ЖАЗУ

Әзербайжандағы журналистер мен белсенділерге қарсы әрекет ететін, билік партиясымен сыбайлас порнографиялық сайт Лейла Юнуске қарсы науқан бастады. Сайт оны жартылай жалаңаш кейіпкер ретінде мультфильмге түсіріп, Әзербайжандағы АҚШ елшісі Ричард Морнингстармен сөйлесіп тұрғанын бейнелеген. Онда Юнус «қасындағы адамның күш-қуаты қалмағанын айтып, тағы бір қара нәсілді конгрессменді жіберуді» сұрайды.

Юнустің жақын досы, құқық қорғаушы әрі тәуелсіз журналист Шавхелед Чобаноглу шілденің 31-і күні Азаттыққа «Лейла Юнустың тұтқындалуы таңғаларлық жайт емес. Ол жылдар бойы адам құқығы мен саяси тұтқындардың нашар ахуалына үкіметті айыптап, әділет іздеп келеді. Қоғам мен халықаралық ұйымдар алдында шындықты жасырмай айтты, биліктен қорықпады. Ол ешқашан берілмейді. Үкіметтің де оған аяушылық жасайтын ойы жоқ сияқты» дейді.

Бакудегі Бейбітшілік және демократия институтының директоры Лейла Юнус саяси тұтқындарды қорғап, сыбайлас жемқорлық пен билік өкілдерінің басқа да қылмыстарын әшкерелеп келеді. Ол Таулы Қарабақ қақтығысы бойынша Әзербайжан мен Арменияның жергілікті басшыларының кездесіп, тіл табысуы үшін еңбек етті. Юнус EuroOlympic ойындарының 2015 жылы Бакуде өтуіне қарсы шықты.

Әзербайжандағы АҚШ елшісі Ричард Морнингстар.

Әзербайжандағы АҚШ елшісі Ричард Морнингстар.

Армениямен арадағы шиеленісті жұмсартып, екі халықты татуластыруға тырысқаны үшін «тыңшы» да атанды. Сәуір айында Вашингтонда сөйлеген сөзінде елші Ричард Морнингстар Юнустерді қақтығысқан тараптары (бұл жерде Әзербайжан мен Армения – ред.) жарастыруға тырысатын «Track II процесінің мықты жақтастары» деп атады. Ол екі ел арасында сенім орнату үшін жұмыс істейтін «Минск тобының» бағдарламасын да еске салды. Елші «Бакудің ерлі-зайыптыларды қудалауы Әзербайжан мен Армения қарым-қатынастарына да зиян келтіреді» деді.

Әзербайжан үкіметі Юнустер ашқан институтты үкіметтік емес ұйым ретінде тіркемегендіктен, оларды енді «алаяқтықпен айналысты» деп айыптап отыр. 2011 жылы билік институт орналасқан ғимаратты бұзып тастаған еді.

Институт Демократияны қорғау жөніндегі Ұлттық қор, Германиядағы Маршалл қоры сияқты ұйымдардан грант алып, қызмет еткен.

Лейла Юнус президент Ильхам Әлиевке ашық хат жазғаннан бір күннен соң тұтқындалды. Хатында ол блогшылар мен белсенділерді тұтқындаған президентті сынайды. Әлиевтен «Неліктен олардан қатты қорқасыз?» деп сұраған ол президентті «тарихта тиран әрі диктатор ретінде қалудан» сақтандырады.

Осы айдың басында Әзербайжанды Әлиевтер әулеті билеп отырғанына 45 жыл толды. Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар 1969 жылы, Брежневтің тұсында, Совет Одағы кезінде Әзербайжан билігіне келген еді.

Маусым айында Азаттыққа сұхбат берген Лейла Юнус Әзербайжан азаматтарына «Берілмеуге тиіспіз. Өз құқығымызды қорғауымыз керек» деген үндеу тастады.

(Роберт Коалсон мен Илкин Мамедовтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG