Accessibility links

Ибрагимбековтің Әзербайжанға қашан келері белгісіз


Режиссер Рустам Ибрагимбеков, 1 тамыз.2013 жыл.

Режиссер Рустам Ибрагимбеков, 1 тамыз.2013 жыл.

Әзербайжан президенттігіне оппозиция ұсынған үміткер Рустам Ибрагимбеков еліне баруға кедергілер барын айтады. Оппозиция арасында оны алмастыруға дайын адамдар да жоқ емес.

Әзербайжанда халық құрмет тұтатын режиссер Рустам Ибрагимбеков биыл өтетін президент сайлауында Ильхам Әлиевке бәсекелес болатынын мәлімдеген соң жұрт қазандағы сайлау заңды саяси бәсекелестік үлгісін көрсетер деп үміттенген еді. Бірақ өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалу қаупі мен Ресей азаматтығынан бас тарту шарасының созылып кетуі Ибрагимбековтың Әзербайжанға баруына кедергі болып отыр.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҮМІТІ МЕН КҮДІГІ

Осы аптада Тбилисиде екі күнге созылған стратегиялық мәжіліс өткізген Әзербайжан оппозициясы үйге оралғанда қастарына тағы бір адам қосылар деп күткен еді. Бірақ жұрт Әзербайжанға саяси өзгеріс әкелер деген үміт артқан тұлға – Рустам Ибрагимбеков оларға қосылмады.

«Мен Бакуге міндетті түрде ораламын. Оған күмәндарыңыз болмасын. Бірақ менің достарым дәл қазір елге баруға үзілді-кесілді қарсы, себебі әлі біраз шешілмеген мәселелер бар. Соларды реттеген соң ғана барамын» деді ол жерлестеріне.

Баку маңында өткен оппозиция жиыны. 28 мамыр 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Баку маңында өткен оппозиция жиыны. 28 мамыр 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Әзербайжанда соңғы рет биыл қаңтар айында болған 74 жастағы Ибрагимбеков қазіргі президент Ильхам Әлиевке қарсы біріккен оппозицияның атынан сайлауға түсетін үміткер ретінде саяси науқанды бастау үшін 31-шілдеде елге қайтамын деп уәде берген еді. Бірақ Бакуде істі болу қаупі төніп тұрғаны және Ресей азаматтығынан бас тарту мәселесінің ұзаққа созылып кетуі режиссердің отанына оралуына кедергі болып тұр.

«Утомленное солнцем» фильмі мен советтік киноның классикасы саналатын «Белое солнце пустыни» шығармасының авторы Әзербайжанға оралса «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен тұтқындалудан қорқады. Оның Ресей төлқұжатынан бас тартуы мен екі елдің азаматы мәртебесін алу әрекеті де сәтсіздікке ұшырады. Сондықтан қазіргі жағдайда ол президенттікке үміткер болып ресми түрде тіркеле алмайды.

Шілденің соңында Тбилисиде Ибрагимбековпен кездескен Ұлттық кеңес (оны президенттікке ұсынатын топ) Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жолдап, Ибрагимбековтың Ресей азаматтығынан шығуын тездетуді өтінбек. Әзербайжан зиялылары арасында үлкен ықпалға ие Ибрагимбеков жиырма жылдан астам уақыт мұнайға бай елді отбасымен билеп-төстеп отырған Әлиевке қарсы тұрар деген үміт бар еді.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ: «Әзербайжан оппозициясы ортақ кандидат шығарды».

Бірақ Ибрагимбековтың осы уақытқа дейін көзге көрінбеуіне біріккен оппозиция мүшелерінің кейбіреуі наразы деген сыбыс тарады. Ұлттық кеңестің бір мүшесі, «Мусават» оппозициялық партиясының жетекшісі Иса Гамбар өткен аптада Ибрагимбековты өзінің ауыстыра алатынын мәлімдеді.

РЕСЕЙ КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

Бірақ, 31 шілде күні Азаттыққа берген сұхбатында Иса Гамбар әлі де Ибрагимбековке үміт артып отырғандарын жеткізді.

– Біздің қазіргі мақсатымыз – Ибрагимбековтың жолындағы жасанды бөгеттерді алып тастау, оны үміткер ретінде тіркеп, жеңіске жету. Басқа мәселелер уақыты келгенде шешіле жатады, – дейді Гамбар.

Президент Ильхам Әлиев 2003 жылы әкесі Гейдар Әлиев қайтыс болғаннан бері Әзербайжанды басқарып отыр.

Президент Ильхам Әлиев 2003 жылы әкесі Гейдар Әлиев қайтыс болғаннан бері Әзербайжанды басқарып отыр.

Оппозицияның тұйыққа тірелгені биліктегі режимнің өзіне деген сенімін нығайтқан сияқты. Осы аптада Әзербайжан президенті әкімшілігінің басшысы Әли Хасанов 2008 жылы 90 пайыз дауыс жинаған Әлиевтің «кез-келген саяси партиямен сөйлесуге даяр екенін, президенттік сайлауда алдына жан салмайтынын» жарқын дауыспен мәлімдеді.

Ресей президенті Путиннің Әзербайжанға келіп-кеткен сапарын Әзербайжанның мемлекеттік басылымдары «билікті Мәскеудің қолдайтынын көрсетті» деп жазды. Ибрагимбековтың Ресеймен ертеден тығыз қарым-қатынаста екеніне және Әлиевтің орыс энергиясы мен ықпалына тәуелсіздігіне қарамастан Путин қазіргі билік иесін қолдайтын тәрізді.

«Мәскеу ешбір жаққа бұра тартпайды» деп мәлімдеді Азаттыққа Рустам Ибрагимбеков. Алайда Путин Ибрагимбековтың азаматтығы мәселесін белгісіз мерзімге дейін созуы мүмкін. Солайша, 12-13 тамызда Әзербайжанға келгенде Путин қарсылассыз сайлау өткізуге жағдай жасағаны үшін Әлиевке бұйымтай айтуы да ықтимал.

Ибрагимбеков бұл сайлауға үміткер ретінде тіркеле алмаған жағдайда Әзербайжан оппозициясымен бірге жұмыс істеп, «үкіметтегі сыбайлас жемқорлық пен қатыгездікке қарсы күресетінін» айтады. Бакуден 550 шақырым қашықтықтағы Тбилисиден берген сұқбатында ол Әзербайжанның келесі президенті болуға тырысатынын жеткізді.

«Мен өзіме сынмен қарайтын адаммын. Бірақ әлі күнге дейін әзербайжан халқының үкіметтен өзгеріс күтетінін, сондықтан менің жеңісім үшін аянып қалмайтындарына сенемін» деді режиссер.

Әзербайжан президентінің сайлауы 2013 жылғы 9 қазанға белгіленген.

Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG