Accessibility links

Әзербайжандағы сайлау оппозицияны біріктірді


Әзербайжан президенті болудан үміткер Жамиль Гасанлы. Баку, 22 қыркүйек 2013 жыл.
Әзербайжан президенті болудан үміткер Жамиль Гасанлы. Баку, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Әзербайжан 9 қазан күні өтетін президент сайлауына дайындалып жатыр. Осы уақытқа дейін елді билеп келген автократ басшы Ильхам Әлиевтің үшінші рет сайланатынына көпшілік күмәнданбайды.

Бірақ бұл жолғы сайлау кезінде оппозицияның керітартпа сайлауға барынша қарсы тұрып, күш біріктіргені есте қалатын болды.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ЖАҢА КАНДИДАТЫ

Әзербайжан астанасының адам көп жүретін жердегі бір бұрышына тұра қалсаңыз, өмірдің ағысы соншалықты жылдам сияқты көрінеді. Жергілікті тұрғыннан «Елді ендігі бес жылда кім басқарады?» деп сұрасаңыз, әлгі ағыс күрт тоқтап қалғандай болады. «Ильхам Әлиевтің тағы да сайланатынан күмәнім жоқ. Ол президент болады. Басқаша болуы мүмкін емес» дейді ол.

Сауалнамалар, өткен өмір, ішкі түйсік – бәрі де автократ басшы Ильхам Әлиевтің 9 қазандағы сайлауда жеңіске жететінін айтады.

Мұрагерлік жолмен билікке келген 51 жастағы президент даулы болса да, конститутциялық шешіммен үшінші рет сайлауға түседі. Әлиев қуат көздерінен
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен жұбайы жаңа гольф алаңын ашу кезінде.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен жұбайы жаңа гольф алаңын ашу кезінде.
түсетін қаржыны шексіз пайдаланып, пікірі өзінікімен үйлеспейтін ақпарат құралдары пен әлеуметтік желілерді (қазір олардың саны тіпті аз) жіті бақылайды.

Осы аптада өтетін сайлаудың нәтижесі алдын ала белгілі болса да, оппозицияның әрекеті биліктегі режимге ұзақ уақыт қарсы шығатын қауқар бар екен деген үмітті күшейтті. Ең таң қаларлығы, бірнеше жылдан бері елеусіз қарсылық танытқан әзербайжандық оппозиция 2013 жылы бірікті.

Жаңадан құрылған оппозициялық коалиция, Ұлттық демократиялық күштер кеңесі елдегі режимге қарсы барлық топтарды, соның ішінде «Мусават» пен «Әзербайжан халық майданын» да қамтыды.

Кеңес атынан ұсынылған танымал үміткер, режиссер Рустам Ибрагимбековтің өтпей қалғаны да топтың бірлігіне кері ықпал етпеді. Олар енді Ибрагимбековке қарағанда аса танымал емес Жамиль Гасанлыны ұсынды.

«ЖИІРКЕНІШТІ САЯСАТ»

Басында сәтсіз қадам тәрізді көрінгенімен, кейіннен осы таңдаудың да артықшылығы бар екені байқалды. Орыстілді, Мәскеуде тұратын, Оскар сыйлығының иегері Ибрагимбеков әлемдік аренада кеңінен танымал болатын.
Жамиль Гасанлыны жақтаушылар. Әзербайжан, 7 қазан 2013 жыл.
Жамиль Гасанлыны жақтаушылар. Әзербайжан, 7 қазан 2013 жыл.
Бірақ 61 жастағы тарихшы және бұрынғы депутат Жамиль Гасанлы Бакудегі саясаттың ішкі иірімдерін жақсы біледі. Ол телеарнада өткен президенттік сайлау алдындағы пікірталаста соны айтудан тайсалмады.

– Биліктегі «Ени Әзербайжан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа тобығына дейін кірді. Ильхам Әлиевтің үкіметі жемқорлыққа тізесінен батты. Ал Әлиевтің өзі кеңірдегінен батып тұр, – деді ол.

Бұл пікірталасты цирк деп атауға тұрарлық еді, оған Әлиевтің өзі қатыспады. Ал қазіргі билікке тәуелді сегіз үміткер Гасанлыны қорлап, тіпті біреуі су толы шөлмек лақтырды. Бәсекелестер эфирдегі үкімет қаржыландыратын уақытын Гасанлы мен басқа оппозиционерлерді келемеждеуге арнап, оларды «иттер», не «гомосексуалдар» деп тілдеп, әйелдерін «жеңіл жүрісті» деп қорлады.

«Ени Әзербайжан» партиясының өкілі Сиявуш Новрузовтың шектен шыққаны соншалық, қырғи-қабақ соғыс жайлы, Қарабақ және Нахчыван аймақтарына қатысты бірнеше кітап жазған Гасанлының академиялық атағына жармасып, оны тілдеді.

"Сен ғалым емессің. Сен сыған едің, көшеде өмір сүргенсің. Сайлау өткен соң көшеде қаласың, Джамиль Гасанлы" деді Сиявуш Новрузов.

Бақылаушылардың айтуынша, кампания кезіндегі осындай уәждер мен пікірталастар қоғамда саясатқа деген жиіркеніш тудырды.

ӘЛИЕВТІҢ АЙЛАСЫ МЕН ЖАСЫРЫН ШОТТАРЫ

Бакудегі «Атлас» сараптамалық орталығының жетекшісі Элхан Шахиноглудың пікірінше, бұл стратегия Ильхам Әлиевке өте тиімді. Ол өзін тартыстан биік тұратын адам ретінде көрсетіп, ел алдына жиі шықпайды, халыққа тікелей «мені сайлаңдар» деп үндеу жасамайды.

– Халықтың саяси процестерге деген немкеттілігі жақсы емес. Бұл – билікке пайдалы, олар сайлауда көп күш жұмсамай-ақ жеңіске жетеді. Байқасаңыз, биліктегі партия тіпті Бакуде ірі көлемде кездесу, не жиын да өткізбеді, – дейді Элхан Шахиноглу.

Бірақ Әлиевтің көзге түспеуі де Гасанлыға назар аудартты. Гасанлының әдісі Ресей саясатына жаңа қосылған Алексей Навальныйдың тәсіліне ұқсайды. Гасанлы эфирдегі уақыты кезінде үкіметтегі сыбайлас жемқорлықты сынап,
Әзербайжан президенттігіне кандидаттар суреті. Баку, 7 қазан 2013 жыл.
Әзербайжан президенттігіне кандидаттар суреті. Баку, 7 қазан 2013 жыл.
Әлиевтің «мұнайдан түскен миллиардтаған долларды қалтасына басып жатқанын» айтты.

– Мен 2 мың манат аламын. Ол – менің зейнетақым, соны дәлелдейтін құжаттарды алып келдім. «Ени Әзербайжан» партиясы төрағасы Әли Ахмадовтан «Әлиевтің елден жасырған 48 миллиард манат (61 миллиард АҚШ доллары) қаржысының құжатын әкелдің бе?» деп сұрамақпын. Дубайдан вилла сатып алған 75 миллион АҚШ долларының құжаты ше? Нью-Йорк сотында дәлелденген, Әлиевтің пара алғанын растайтын құжаттар ше? Әлиев отбасының осы елден ұрлаған қаржылық ресурстары мен мүліктерінің құжаты бар ма? Егер онда болмаса, мен осы құжаттардың бәрін банк шотымен қоса әкелдім, – деді Джамиль Гасанлы.

Гасанлы аймақтарды аралап, полиция қатаң қадағаласа да жарты мыңға жуық адам жинап, жиындар өткізді. Азаттықтың Әзербайжан қызметіне бірнеше адам «жиынға қатыссаң, жұмысыңнан айрыласың, тергеуге аламыз» деп қорқытқанын айтты.

Сайлау алдында әлдекімдер «Халық майданы» партиясының жетекшісі Әли Керимлидің ұлын қамап, Гасанлының сенімді өкілі Октай Гүләлиевтің ұлын соққыға жыққан.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ДЕМОКРАТИЯҒА ӨТУ»

Билік ешкімге саяси қысым жасамағанын айтады. Бірақ БҰҰ мен Еуропа Одағы және ЕҚЫҰ сайлау алдында белсенділер мен журналистерге, оппозициялық саясаткерлерге қысым артқанына алаңдайды. Ұлттық кеңес мүшелері «әділ әрі жария сайлау өткенде жеңіске жететін едік, солайша екі жылға уақытша
Жамиль Гасанлының кампаниясы. Әзербайжан, 5 қазан 2013 жыл.
Жамиль Гасанлының кампаниясы. Әзербайжан, 5 қазан 2013 жыл.
үкімет құрып, жаңа сайлау өткізетін едік, конститутцияны қайта қарап, цензураны тоқтатар едік» дейді. Сайлау сайын төмен баға алатын елде бұл теорияны тексеріп көру мүмкін емес.

ЕҚЫҰ 1 қазандағы аралық есебінде «саяси қайраткерлер мен олардың отбасын қорқытып-үркіту» бар екенін айтып, әкімшілік ресурсты иелену біркелкі емес екенін ескертті.

Бірақ оппозиция мүшелері күрестің 9 қазанмен аяқталмайтынын айтады. Халық майданы төрағасының орынбасары Гөзел Байрамлы сайлау аяқталған соң да коалицияның ыдырамайды деп сенеді.

– Бұл сайлау үшін ғана біріккен құрылым емес. Ұлттық кеңес ұзақ уақыт бірігіп жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – автократизмнен демократияға өту, демократияны орнату. Осы мақсат орындалғанша демократиялық күштердің бір болғаны дұрыс, – дейді Гөзел Байрамлы.

Бұрынғы советтік елде жайылған автократтық режимді өзгертуге біріккен оппозицияның күші жетуі екіталай. Бірақ осының өзі мұнайдан түскен пайда мен билікті пайдаланып келген Әлиев режимінің шатқаяқтай бастағанының белгісі болуы мүмкін. Ал Гасанлының сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдемесі Әзербайжанның демократиялық болашағы үшін маңызды адамдарға – сайлаушыларға жетіп жатыр.

– Мен саған дауыс беремін. Бірақ сен сайланбайсың. Тіпті 50-60 пайыз дауыс жинасаң да, сайлана алмайсың. Әлиев баяғыда билікті иеленіп қойған, – дейді Баку тұрғыны Гасанлыға.

Арифе Казимова мен Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG