Accessibility links

Ильхам Әлиевтің қыздары ұялы байланыс бизнесін жаулай бастады


Әзірбайжан президентінің қыздары Лейла (оң жақта) мен Арзу Әлиевалар "Баку" журналының презентациясында. Мәскеу, 20 желтоқсан 2007 жыл

Әзірбайжан президентінің қыздары Лейла (оң жақта) мен Арзу Әлиевалар "Баку" журналының презентациясында. Мәскеу, 20 желтоқсан 2007 жыл

Азерфон Әзірбайжандағы ең қымбат телефон компанияларының бірі әрі елдегі 3G қызметін көрсететін жалғыз провайдер. Бірақ компанияға кім иелік етеді және 3G қызметін көрсететін монополиске қалай айналды деген сұрақтар жауапсыз күйінде қалып келген.


Азаттық радиосының Әзірбайжан қызметі компанияның акция пакеттерінің басым бөлігі Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің екі қызының бақылауында екенін анықтады.

ӘЛИЕВ ОТБАСЫНЫҢ ЕЛДЕГІ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДЕГІ БАЙЛЫҒЫ

Бакуде орналасқан компания Nar атауымен қызмет етеді. «Азерфон» Әзірбайжан экономикасындағы кейін пайда болған табысты компаниялардың бірі. 2007 жылдың наурызында құрылған компания 1.7 миллионға жуық абонентке қызмет көрсетеді, әрі ел аумағының 80 пайызында таралып отыр.

Өткен сәуір айында Каспий-Еуропа интеграциялық бизнес клубы (оның құрметті төрағасы президент Ильхам Әлиев) «Азерфонды» «жылдың үздік телефон операторы» деп таныды. «Азерфонның» басқарма төрағасы Джунейт Турктанға сыйды елдің байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Әли Аббасов табыстады.
Azerfon компаниясының белгісі

Әлиевтің отбасының бұған дейін де көптеген бизнес келісімдерге қатысы бар деген ақпарат тараған. Оның отбасы мемлекет меншігіндегі AZAL airline компаниясының көптеген кірісі бар активтерін жекешелендіріп алған және SW Holding деп аталатын компанияны басқарады. 2010 жылдың наурызында Washington Post газеті Ильхам Әлиевтің үш баласының Дубайда құны 75 миллион АҚШ долларына тең жылжымайтын мүлік иелері ретінде тіркелгенін жазды.

AZERFON-НЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

2006 жылдың соңында Әзірбайжанның байланыс министрлігі Azerfon компаниясының құрылғанын жариялағанда оған германиялық Siemens AG мен британдық тағы екі фирманың иелік ететіндігін айтқан. Министрлік бұл ақпаратты кейінгі жылдары да әлденеше рет қайталаған.

Алайда Siemens AG компаниясының өкілі Моника Брюклмейер-Лангендорф Азаттық раиосына өз компаниясының Azerfon-да немесе Әзірбайжандағы өзге бірде-бір ұялы байланыс операторларында ешқандай акция пакетіне иелік етпейтінін айтты. Финляндияда орналасқан Nokia Siemens Networks компаниясы (NSN) да Azerfon-да қандай да бір акциясының бар екендігін жоққа шығарды. «Nokia Siemens Networks-тің Azerfon-да акция пакеті болған емес. Nokia Siemens Networks коммуникация саласында қызмет көрсететін жетекші провайдер, әрі біз өз тұтынушыларымыздың акциясын иеленбейміз деген саясат ұстанамыз» дейді компания өкілі дейді Анна Лехтиранта.
Көрнекі сурет

Азаттық радиосы Әзірбайжанның байланыс министрлігіне Siemens компаниясынан алған ақпаратын айтқанда, министрліктегі өкіл Siemens компаниясының Azerfon-ның акционері екендігін айтты.
Azerfon компаниясының баспасөз қызметі радиоға компания акционерлері жайлы ақпарат беруден бас тартты. Баспасөз қызметі компанияның жалпы кірісі немесе қанша көлемде салық төлейтіндігі жайлы ақпарат беруден де тартынып, тек салықты уақытында төлеп отыратынын айтты.

Алайда Әзірбайжанның салық министрлігінен алған құжат бойынша (тіркеу нөмірі 1105-Е13-3906) Azerfon-ға Панамада тіркелген үш компания, Кариб теңізінің Невис аралына салық төлеуге тіркелген Cellex Communications S.A. компаниясы және мемлекеттің меншігіндегі Aztelecom иелік етеді. Azerfon-дағы Aztelecom-ның үлесі 10 пайыз болса, Невис аралындағы компанияның 18 пайыз үлесі бар екен. Ал Панамада тіркелген Hughson Management Inc., Gladwin Management Inc., және Grinnell Management Inc. компанияларының әрқайсысында 24 пайыздық үлес бар болып шықты.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ ТАБЫС ДЕКЛАРАЦИЯСЫН ТАПСЫРМАЙДЫ

Бакуде орналасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының басшысы Васиф Мовсумов мұндай бұлыңғырлық сұрақтарды көбейте түсетінін айтады. «Егер мемлекеттік екі өкілетті орган компанияға кімнің иелік ететініне қатысты қарама-қайшы ақпарат берсе, ал компанияның өзі ол жайында ашық ешнәрсе айтпаса, онда оның қызметінде сыбайлас жемқорлықтың болуы әбден ықтимал» дейді ол.

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілер салық төлемдерінде оффшорлық жалған компанияларды пайдалану арқылы компанияның шынайы иегерін және сыбайлас жемқорлық пен қаржы жымқыру сияқты заңсыз әрекеттерді жасырудың кең тарап кеткенін әлдеқашаннан бері айтып келеді.

Панама мемлекеттік реестріндегі ақпарат бойынша, Ильхам Әлиевтің 25 жастағы үлкен қызы Лейла Әлиева аталған Gladwin Management Inc. компаниясының президенті ретінде, ал кіші қызы, 22 жастағы Арзу Әлиева қазынашысы ретінде тіркелген.
Әзірбайжанның бірінші ханымы Мехрибон Әлиева екі қызымен және жиен-немерелерімен бірге сейілдеп жүр. Баку, 20 шілде 2010 жыл

Ал Hughson Management Inc. компаниясында керісінше, Арзу президент, Лейла қазынашы ретінде тіркеліпті. Үш компанияның да бастапқы жарналық капиталы 10 мың АҚШ долларына тең.

Панамада орналасқан үш компанияда да Оливье Местелан қазынашы деп көрсетілген. Ал Оливье Местелан - Ильхам Әлиевтің отбасымен тығыз байланыстағы швейцар бизнесмені. Лейла Әлиеваның Мәскеуде шығаратын «Баку» журналы оны коллекция жинаушы және меценат қылып көрсетеді. Ол Бакуде орналасқан «Kicik QalArt» галереясының иесі, әрі Art ex East қорын құрушы болып табылады. «Баку» журналы келтірген мәліметтер бойынша, заңгер мамандығын бітірген Оливье Местелан Әзірбайжандағы үйіне жылына бірнеше рет келіп кетеді. «Kicik QalArt» галереясы Оливье Местеланның өз бизнесіне қатысты жауап бермейтінін айтты.

Президент әкімшілігі де Ильхам Әлиевтің бизнес холдингтеріне қатысты ақпарат беруден бас тартты. Әзірбайжанда 2005 жылы қабылданған заң бойынша, жоғары деңгейлі мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде президент те өзі және жақын туыстарының дүние-мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс. Президент Ильхам Әлиев ондай декларацияны ешқашан ашық түрде жариялаған емес. Ал Әзірбайжанның орталық сайлау комиссиясы ондай декларацияның көшірмесін көрсету туралы өтінішімізді қабылдамай тастады.

3G МОНОПОЛИСІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ДЕ КҮМӘНДІ

Azerfon компаниясына қатысты өзге де жауабы жоқ сұрақтар жетерлік. Экономикалық бастамаларға қолдау көрсету орталығының директоры Ровшан Агаев Azerfon компаниясының нарыққа тендерлік лицензияны талап ететін 2001 жылы қабылданған заңды бұза отырып кіріккенін айтады.
Агаевтың айтуынша байланыс министрлігі Azerfon компаниясына тендерлік лицензиясыз қызмет көрсетуге құқық беріп, заңды бұзып отыр.

«Мемлекетте байланыс компаниялары заңды жұмыс істеу құқына ие болу үшін тендерге қатысып, өздерінің техникалық және инвестициялық мүмкіндіктерін көрсету қажет. Әзірбайжандық ұялы байланыс операторларының ешқайсысы мұндай тендерлерге қатысқан жоқ. 1995 жылы Bakcell, ал 1997 жылы Azercell компаниясы нарыққа шыққанда мемлекеттік сатып алулар туралы заң әлі қабылданбаған болатын. Солай болса да, Azerfon қызмет көрсете бастаған 2006 жылы ондай талаптар міндетті болып табылды» дейді Ровшан Агаев.

Агаевтың айтуынша байланыс министрлігі Azerfon компаниясына тендерлік лицензиясыз қызмет көрсетуге құқық беріп, заңды бұзып отыр.

Бұған қоса Azerfon компаниясының 3G қызметін көрсетуде қалай монополияға ие болғаны да түсініксіз. Абоненттер саны Azerfon тұтынушыларынан екі есеге көп бәсекелес Azercell компаниясы соңғы жылдары 3G қызметін көрсетуді сұрап байланыс министрлігіне бірнеше рет өтініш берген. Алайда министрлік компанияға лицензия беруден бас тартып келеді. Ал Azerfon лицензияны тендерге қатыспай-ақ алған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG