Accessibility links

Блогшы Эмин Милли – Әзербайжан оппозициясының белсендісі. Прагада өткен адам құқықтарына қатысты кинофестивальде қазылар алқасының мүшесі болған ол Азаттық сұрақтарына жауап берді.

Блогшы Эмин Милли – Әзербайжан оппозициясының жарқырап шығып келе жатқан жаңа «жұлдызы». Билікті сынап, 16 ай түрмеге отырып шыққан оны елде «есек блогшы» деп те атайды (билікті әжуалап, есекпен баспасөз-мәслихатын өткізіп, сайтқа видео салғаны үшін – ред.).

Блогшы Әзербайжанда демократиялық өзгеріс болады деп үміттенетінін, түрмеден алған сабағы мен Әлиев режиміне ықпал ету тетіктері туралы айтты.

- Әзербайжанда жыл басынан бері үкіметтегі сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалануға қарсы бірнеше наразылық оқиғалары болды. Сіздің ойыңызша биыл адамдардың көшеге жиі шығуына не себеп?

- Әлиев «Әзербайжандағы тұрақтылық кепілі - мен» деп келді. Қазір ол керісінше елдегі тұрақсыздықтың кепіліне айналды. Оның әкесі оппозицияға аз да болса кеңістік қалдыратын – парламентте оппозицияның бес-алты өкілі отыратын, оппозициялық басылымдардың сұрағына жауап беретін. Бұл екіжақты түсіністік бар сияқты әсер қалдыратын. Қазір бәрі өзгерді. 2010 жылдан бері парламентте бірде-бір оппозиция мүшесі жоқ. Бейбіт шеруге қатысқан адамдарды жазалау туралы заң қабылданды, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру мүмкін емес.

Адамдар осының бәрінен шаршады, көңілдері қалды. Сотқа, заңға сене алмайсың, бәрі қымбаттап кетті. Үкіметтегілердің жүздеген миллиард долларды ұрлап жатқанын білесіз. Әскердегі жағдай өте қиын. Әзербайжан армиясында жыл сайын 100 солдат опат болады, олардың 15-сі ғана армян қарулы күштерімен қақтығыс себебінен көз жұмады, қалғаны - жемқорлық пен қызмет бабын асыра пайдаланудың құрбандары. Аудандардағы адамдардың жұмысы жоқ. Сондықтан олар көшеге шыға бастады.

- Facebook сияқты әлеуметтік желілер билікке қарсылықты қолдауда қандай рөл атқарады?

- Әзербайжанда жаңа медиатөңкеріс болып жатыр. Елдегі тоғыз миллионнан астам адамның бір миллиондайы қазір Facebook желісіне тіркелген. Зерттеулер көрсеткендей, олардың жеті пайызы екі жыл бұрын күн сайын интернетке кіре алатын. Биыл америкалық профессор Кэти Пирстің зерттеуі бойынша, бұл сан 11 пайызға артқан.

Әзербайжан университетінің ректоры (Эльшад Абдуллаев) бірнеше жыл бойы үкіметтегі әртүрлі адамдардың әңгімесін таспаға жазып келген. Оның бауыры елдегі қауіпсіздік қызметі министрлігінде жұмыс істеді. Кейін із-түссіз жоғалып кетті. Ол бауырын табу үшін шенеуніктерді сатып алуға көшті. Бірақ одан еш пайда болмады. Қазір ол Францияда тұрады және құпия әңгімелердің бәрін YouTube сайтына шығарып жатыр. Әсіресе Әлиевтің оң қолы саналатын президент әкімшілігінің жетекшісіне бір миллион доллар бергені туралы видео үлкен шу шығарды. Бұрын ешқашанда қоғам алдында жарияланбайтын дүниелерді қазір мыңдаған адам оқиды.

- «Бұзақылық жасады» деген айыппен 16 ай түрмеге отырып шықтыңыз. Бірақ көпшілік сізді саяси әрекеті үшін жазаланды деп санайды. Әзербайжандағы адам құқықтарына қатысты кампания туралы шешіміңізді түрмедегі өмір өзгерте алмапты. Бәлкім күрес тәсілдеріңіз өзгерген шығар?
Осы жылы болатын өзгерістердің бәрі Батыстың көмегі арқасында емес, керісінше Батыстың Әлиевке қолдау көрсеткеніне қарамастан іске асады.

- Әзербайжанда көп нәрсенің жылдам өзгеріп жатқаны сондай, бақылаудың өзі қиын. Ең басты өзгеріс: бұрынғы және қазіргі оппозиция бір үміткерді қолдап отыр. Олар барлық стратегияны қамтитын жаңа құжатқа қол қойды. Онда жаңа үміткердің билікке келген соң орындауы тиіс барлық міндеттері көрсетілген. Бұндай әрекет елде бұрын болған емес. 16 ай түрмеде өткен өмірім мені қайрай түсті. Күресіп жүрген мұратымның дұрыс екеніне көзім жетті, әйтпесе мені түрмеге қамамайтын еді. Абақтыдан шыққан соң оппозицияның біріккенін көрдім. Бұл Әзербайжандағы демократиялық өзгеріске бастау болады деп үміттенемін.

- Халықаралық қауымдастықты Әзербайжандағы жемқорлық пен қызметті асыра пайдалануға қарсы жеткілікті шаралар қолданбады деп айыптадыңыз. Шетелдік үкіметтер елдегі адам құқықтарына қатысты жағдайды жақсарту үшін не істей алады?

- «Халықаралық қауымдастық» - өте кең мағынада қолданылатын термин. Мен АҚШ пен Британ үкіметін меңзегем. Бұл елдердің үкіметі Әзербайжаннан мұнай мен газ алатындықтан, Әлиевтің режиміне қолдау көрсетіп келді. Халықаралық қауымдастықтың азаматтық қоғам институттары Әлиев үкіметіне қаржылық көмек береді. Мысалы USAID жақында Әзербайжан парламентінің құқықтық комитетін басқаратын адамның үкіметтік емес ұйымына 1 миллион 500 мың АҚШ долларын бөлді.

Әзербайжандағы демократиялық қозғалыс өзгеріс жасау үшін аянбайды. Осы жылы болатын өзгерістердің бәрі Батыстың көмегі арқасында емес, керісінше Батыстың Әлиевке қолдау көрсеткеніне қарамастан іске асады. Халықаралық қауымдастыққа осы кезеңде айтылатын өтініш: халықаралық БАҚ-тың Әзербайжандағы оқиғаларға көңіл бөлуін сұраймыз. АҚШ пен Британия Әлиевті қолдаудан өздерінің әскери және экономикалық мүддесіне қауіп төнетінін түсінсе екен.

Сұхбатты ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG