Accessibility links

Әзербайжанда сайлау алдында саяси жанжал ушығып келеді


Әзербайжан президенті әкімшілігінің басшысы Рамиз Мехтиев. Баку, 3 желтоқсан 2012 жыл.

Әзербайжан президенті әкімшілігінің басшысы Рамиз Мехтиев. Баку, 3 желтоқсан 2012 жыл.

Елде парламенттегі орынның 1 миллион долларға сатылғаны жайында видео жарияланды. Ал саяси оқиғалар Шекспир шығармаларынан кем соқпай тұр - өшпенділік, сатқындық, тіпті адам өлімі де бар.

2012 жылдың қыркүйегінде Әзербайжан халықаралық университетінің бұрынғы ректоры Эльшад Абдуллаев 2005 жылғы сайлау алдында парламенттегі орынды саудалау хикаясын жасырын түсіріп алған.

Гүләр Ахмедова: Ақшаны өзім аламын. Бағасын айттым. Төлесеңіз, уәдемді орындаймын (Парламенттен орын аласыз). Шешім қабылдаңыз.

Эльшад Абдуллаев: 500 мың болады деген едіңіз.

Гүләр Ахмедова: Қазір олай деп отырған жоқпын.

Интернетте жарияланған видеода Абдуллаев Гүләр Ахмедовамен сөйлесіп отыр. Ахмедова - Әзербайжандағы «Ени» билік партиясының ықпалды мүшелерінің бірі. Ол Абдуллаевқа парламенттен орын алу үшін «500 мыңды тағы да екі есеге өсір» деп, ақша талап етіп отыр.

Ахмедова мен оның көмекшісі Севинж Бабаева «ақшаңды Рамиз Мехтиевке апарып береміз» дейді. Мехтиев – президент әкімшілігінің басшысы және ықпалы жағынан елдегі екінші адам саналады.

YouTube желісіне "Gülər Əhmədovanın utancverici görüntüləri" (Гүләр Ахмедованың ұятты болған көрінісі - ред.) деген атпен жарияланған видео:



Содан бері Абдуллаев интернетке жеті видео жүктеді. Олардың бәрінде 74 жастағы Мехтиевтің елдегі жемқорлықтың өркендеуіне жағдай жасап отырғаны, мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтыны айтылады. Абдуллаев «Егер Мехтиев биліктен кетпесе, әлі де көптеген роликтерді жариялаймын» дейді.

«БАУЫРЫМДЫ ТАБУ ҮШІН ПАРА БЕРДІМ»

Осы аптада жарық көрген соңғы роликте Абдуллаев бұл өшпенділік кампаниясын неге бастағанын түсіндіреді. Оның бауыры, Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік министрлігінің майоры Махир Абдуллаев 2003 жылы тұтқындалып, жоғалып кеткен.
Әзербайжан халықаралық университетінің бұрынғы ректоры Эльшад Абдуллаев. 2012 жылдың желтоқсаны.

Әзербайжан халықаралық университетінің бұрынғы ректоры Эльшад Абдуллаев. 2012 жылдың желтоқсаны.


Абдуллаевтың айтуынша, інісі адам ұрлаумен айналысатын қылмыстық ұйымның құрбаны болған. Өзі інісін құтқару үшін депутаттық мандантты сатып алған. Бірақ ол әрекетінен еш пайда шықпаған. Абдуллаев бірнеше жылдан бері Францияда бас сауғалап жүр. Ал оның жоғалып кеткен інісі қазір «өлдіге» саналады.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Абдуллаев "Әзербайжан билігінің інімді ұрлауға Мехтиевтің қатысы бар екенін тексеруден бас тартты" деп мәлімдеді.

- Осындағы заңгерлердің бәрі менің қолымдағы деректің 10 пайызымен ғана істі сот қарауына қабылдауға тиіс екенін айтады. Тіпті Европаның адам құқығын қорғау сотына беруге болатын еді. Олар менің Францияға келіп, әуре болғаныма таң қалады. Бірақ менің елден қашудан басқа амалым қалмады. Өміріме қауіп төнді, - дейді Абдуллаев.

Миллион доллар пара беруге шамасы жеткен Абдуллаевты бейкүнә жәбірленуші деу қиын. Ол басқарған халықаралық университет 2010 жылы заңсыз амалдар мен пара алудың көбейіп кеткені үшін жабылды.

Бірақ ол жариялаған роликтер Бакудегі талай былықтың бетін ашты. Ахмедованың көмекшісі, Мехтиевті «тойымсыз тышқан» деп атаған Бабаева желтоқсанның 26-сы күні түрік ауруханасында көз жұмды.
Әзербайжан парламентінің депутаты Гүләр Ахмедова. 2011 жылдың сәуірі.

Әзербайжан парламентінің депутаты Гүләр Ахмедова. 2011 жылдың сәуірі.


Бабаеваның ұлы Айхан Мамедов анасын «өз ажалынан өлген жоқ» деп санайды.

- Анамның тамағына у қосып берді. Ахмедова видео-роликтер туралы білді, Мехтиевтің көңілін орнына түсіру үшін менің анамның көзін жойды, - деді Мамедов.

Ал Ахмедова Мамедовтың бұл сөздерін жоққа шығарады. Ол Бабаеваны «қорыққан әрі науқас» адам ретінде сипаттайды. Азаттық радиосына Ахмедова «ақымақтың сөздеріне» түсінік беруден бас тартатынын» айтты.

Бірақ соңғы уақытта ел арасында «Гүләргейт» аталып кеткен видео-роликтер Ахмедоваға абырой әпермеді. Биліктегі партия қатарынан шығарылып, осы аптада үйқамаққа отырғызылды. Енді «Мехтиев жауапқа тартыла ма?» деген сауал көп адамды мазалайды.

«ДЕРБЕС ҚҰҚЫҚТЫ ТҰЛҒА»

Рамиз Мехтиев постсоветтік Әзербайжанның бірінші президенті Гейдар Әлиевке жақын болды, 2003 жылы биліктің президенттің баласына ауысуына ықпал етті. Ол Әзербайжандағы ішкі мәселелерді толықтай бақылайды және көптен бері саяси тұрғыда «тиісуге болмайтын» адам саналып келді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Рамиз Мехтиев. (Көрнекі сурет)

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Рамиз Мехтиев. (Көрнекі сурет)


Қоғамдық палата мен оппозициялық топтар үкіметтен Абдуллаевтың мәлімдемесін тексеруді талап етіп жатыр. Прокурорлар тағылған айыптың өтірік-шынын тексеруге кірісіп, Махир Абдуллаевтың жоғалуына қатысты іс қозғады.

Саясаткер Гусейнбала Салимов Абдуллаевтың видеолары Грузиядағыдай биліктің ауысуына ықпал етеді деп ойламайды.

- Билік сайлау қорытындысын қолдан жасайды. Тіпті Мехтиевті орнынан алған күнде де оппозицияда Әлиевке қарсы шығатын мықты бәсекелес жоқ. Үкіметте отырғандардың басым көбі – қариялар. Олар жақында саяси сахнадан кетеді. Басқару жүйесі түбірімен өзгермесе, бір шенеунікті екіншісімен алмастырғаннан еш пайда жоқ, - дейді ол.

Мақаланы аударған Динара Мәзен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG