Accessibility links

Әзербайжанның Еуропа кеңесін басқаруы сыналды


Полиция жастар ұйымының белсендісін ұстап жатыр. Әзербайжан, Баку, 6 мамыр 2014 жыл.

Полиция жастар ұйымының белсендісін ұстап жатыр. Әзербайжан, Баку, 6 мамыр 2014 жыл.

Әзербайжан Еуропадағы адам құқықтарын қорғайтын жоғарғы орган – Еуропа кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын болды. Белсенділер елдің өз ішіндегі адам құқықтары ахуалы нашар дейді.

Еуропа кеңесі Еуропадағы адам құқықтарын қорғайтын ең беделді орган саналады. Мамырдың 14-і күні осы ұйымның атқарушы мекемесі – министрлер комитетіне басшылық ету міндеті алты ай мерзімге Әзербайжанға берілді. Құқық қорғаушылар бұл жағдай Еуропа кеңесінің беделін түсіреді дейді.

«САЯСИ ТҰТҚЫНДАР БОСАТЫЛСЫН»

Азаттық радиосына берген сұхбатында адам құқықтарын қорғайтын Amnesty International халықаралық ұйымының өкілі Денис Кривошеев:

"Соңғы жылдары Әзербайжандағы адам құқықтарының жағдайы адам шошырлық болып тұр. Былтыр қазан айында болған президент сайлауынан бері ахуал одан бетер нашарлады. Үкіметке қарсы пікір айтқан адамдарға жалған айып тағылып, қамалып жатыр. Әзербайжан Еуропа кеңесінің министрлер комитетінің төрағасы болған тұста елде осындай ахуалдың қалыптасуы бізді алаңдатып отыр" дейді.

Ол Бакуді барлық саяси тұтқындарды босатуға, ал Еуропа кеңесін Әзербайжанды ұзақ жылдар басқарып келе жатқан Ильхам Әлиевтің тұсында болған адам құқықтарын бұзу фактілерін тексеруге шақырады.

«САЙЛАУДАН СОҢ ЖАҒДАЙ ТІПТІ НАШАРЛАДЫ»

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң құрылған Еуропа кеңесіне қазір 47 мемлекет мүше. Бұл орган адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Еуропа кеңесі өз үкіметтерінің озбырлығынан жазықсыз жапа шеккен саяси белсенділерге көмектесіп келе жатқан Еуропаның Адам құқықтары сотына басшылық жасайды.

Министрлер комитетіне төрағалық ету міндеті мүше мемлекеттер арасында алфавиттік тәртіппен алты ай сайын ауысып отырады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев.

Адам құқықтарын қорғаушы белсенділердің айтуынша, Әзербайжандағы ахуал Еуропа кеңесінің басты құндылықтарына мүлде кереғар, ұйымның беделіне нұқсан келтіреді. Совет Одағының құрамында болған мұнайға бай Әзербайжан билігі пікір алуандығын шектеп, саяси қарсыластарды түрмеге қамағаны, демократияны тұншықтырғаны үшін жиі сыналады.

Белсенділердің айтуынша, Ильхам Әлиев 2013 жылы қазан айында үшінші рет президент болып сайланғалы азаматтарды саяси көзқарастары үшін тұтқынға алу, тұрғын жайынан шығару, азаптау фактілері көбейіп кеткен. Белсенділер «сайлау әділетсіз өтті» дейді.

«СЫН МЕН ПЛЮРАЛИЗМДІ ТҰНШЫҚТЫРУ»

АҚШ-та орналасқан «Журналистерді қорғау комитеті» мамырдың 12-сі күні арнайы мәлімдеме жасады. Онда Әзербайжандағы «пікір білдіру бостандығы, адам құқықтарының жағдайы нашарлап кеткені, Бакудің сын мен плюрализмді тұншықтырып отырғаны» айтылды.

Мәлімдемеде комитет Еуропа кеңесінен Әзербайжан басшылығын жауапкершілікке шақыруды сұрайды. Журналистік ұйым «Олай болмаған жағдайда ұйымның (Еуропа кеңесі - ред.) легитимділігіне нұқсан келеді» дейді.

Әзірбайжанда осы күні «саяси астары бар» деп саналатын айыптармен 10 журналист түрмеде отыр. Бұған қоса және бес блогшы бас бостандығынан айырылған.

Осы айдың басында сот NIDA жастар ұйымының сегіз мүшесін 6-дан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Көп жұрт олар саяси белсенділіктері үшін жазаланды деп санайды. Жастарға «үкіметке қарсы шеруге (былтыр - ред.) қатысып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, есірткі және заңсыз қару сақтады» деген айыптар тағылған еді.

ТҮРМЕДЕГІ 130 АДАМ

Әзербайжандағы адам құқықтарын қорғаумен айналысатын «Бейбітшілік және демократия» институтының мәліметтеріне қарағанда, қазір Әлиев режиміне қарсы шыққан 130-дай адам түрмеде отыр. Осы ұйымның директоры, белгілі құқық қорғаушы Лейла Юнус өткен айда күйеуімен бірге Катарға ұшқалы тұрған жерінен қамауға алынды.
Лейла Юнус пен оның күйеуі Ариф.

Лейла Юнус пен оның күйеуі Ариф.

Ерлі-зайыптылар 26 сағат қамауда отырды. Полиция оларды босатқанымен, паспорттарын тәркілеп, шетелге шығуларына тыйым салды.

Әзербайжан мен Арменияны татуластыруды қолдайтын белсенділерге «Арменияның мүддесі үшін тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылды.

Бұдан бірер апта бұрын Лейла Юнуспен бірге Әзербайжан мен Арменияның татулығын насихаттайтын жоба бойынша жұмыс істеп жүрген журналист Рауф Миркадиров та «тыңшылық жасады» деген айыппен тұтқынға алынған еді.
58 жастағы Юнустың қамауға алынуы Әзірбайжанның Еуропа кеңесіндегі төрағалық имиджіне көлеңке түсірді.

Лейла Юнус Азаттыққа берген сұхбатында «Бұл оқиға Еуропа кеңесінің құрылуына негіз болған демократия, гуманизм және адам құқықтары идеалдарын аяққа таптап, ұйымның беделіне нұқсан келтіреді. Еуропалық саясаткерлер Әзербайжанның демократиялық дамуына емес, оның мұнайы мен газына көбірек қызығып отыр» дейді.

2001 жылы Еуропа кеңесіне қосылып, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясына қол қойғалы Әзербайжан мойнына алған 21 міндеттеменің тек төртеуін ғана орындады. Белсендінің айтуынша, «елде жылына 8-10 адам түрмеде қаза табады».

«Өз азаматтарын құл сияқты ұстайтын мемлекет ешқашан Еуропа кеңесі сияқты ұйымды басқармауы керек» дейді Лейла Юнус.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG