Accessibility links

Әзербайжан жазушысы қартайғанда қысым көрді


Әзербайжан жазушысы Акрам Айлисли. Баку, 13 ақпан 2013 жыл.

Әзербайжан жазушысы Акрам Айлисли. Баку, 13 ақпан 2013 жыл.

Бір кезде биліктің құрметіне бөленген әзербайжан жазушысы Акрам Айлисли қазір «өзгеше ойлаудың» зардабын тартып жүр. 78 жасар Айлислидің елден кетуіне тыйым салынған және қалған өмірін түрмеде өткізуі мүмкін.

Өзіне тағылған айыпты Айлисли «сандырақ» дейді. 2011 жылдан бастап жазушы Әзербайжан билігінде отырғандарды сынай бастады. Содан бері ол қорқытып-үркітуден көз ашқан емес.

Жыл басында Айлисли Италияда өткен әдеби фестивальге барам деп істі болды, халықтың көңілінен шыққан туындылар авторы содан бері үрейде өмір сүріп келеді.

Құқық қорғаушылар биліктің басқаша ойлайтын тұлғалармен күресі күшейгенін айтады.

АҚЫЛҒА ҚОНЫМСЫЗ АЙЫП

Наурыздың 30-ы күні Венецияда өтетін «Өркениеттер тоғысы» фестиваліне кетіп бара жатқан Айлислиді Баку халықаралық әуежайында полиция тоқтатады. Оны өзінен әлдеқайда жас шекарашыны соққыға жықты деген желеумен сапардан қалдырған, жазушы мұны «ақылға қонымсыз айып» деп сипаттайды.

2014 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған Айлислиге әуелі «бұзақылық жасады» деген айып тағылып, бір жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі төнеді. Бірақ қыркүйектің 6-сы күні Бас прокуратура айыпты қайта қарап, оны «билік өкіліне қарсы күш қолдану» деп өзгертті.

Егер әлгі шекарашы айыптауда көрсетілгендей «жарақат алған» болса, Айлисли жеті жылға сотталуы мүмкін. Тергеушілер жазушыны осы аптада тергеуге шақыратындарын айтқан, бірақ қыркүйектің 15-іне дейін ондай ештеңе болмады.

Әзербайжан полициясы. (Көрнекі сурет)

Әзербайжан полициясы. (Көрнекі сурет)

Айлисли өзіне тағылған айыптың ешбірін мойындамайды, оның бәрі «шығармаларым үшін өш алу» дейді. Жазушы Азаттық радиосына «Олардың айтуынша 30 жасар жігітті қатты ұрып жіберіп, ішкі мүшелеріне зақым келтіріппін. Адам сенгісіз айып, өте нашар ойластырылған. 20 мемлекеттің өкілі қатысатын шараға бара жатқанымды айтқан едім. Олар сыртқа шығу құқығымнан айырды» дейді.

«ТАС ТҮСТЕР» КІТАБЫ

Айлисли төрт-бес жыл бұрын Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің үкіметімен араз болып қалған.

2012 жылы «Тас түстер» романын жариялаған соң жазушы мемлекеттік атақтарынан айрылып, зейнетақысынан қағылған. Аталған кітапта автор 1980-жылдардың соңы 1990-жылдардың басындағы армян-әзербайжан қақтығысын сипаттайды.

Романда этникалық армяндарды әзербайжандардың аяусыз қырып-жойғаны баяндалған, бұл Бакудің Таулы Қарабақ соғысы туралы ресми деректеріне сәйкеспейді. Содан кейін Айлислидің шығармалары бұрынғы советтік елдің мектеп бағдарламасынан алыны тасталды.

Бакудегі пәтерінің алдында шеру өткізіліп, кітаптары өртелді. Парламент мүшелері оны сатқын деп айыптады, тіпті «Заманауи Мусават» партиясының жетекшісі Айлислидің бір құлағын кескен адамға 13 мың доллар көлемінде сый беремін деп уәде етті.

Авдокат Аласгар Маммадли.

Авдокат Аласгар Маммадли.

Әлиевтің үкіметі жазушыға қарсы ашу-ызаны халықтың «отансүйгіштік сезімінен туған әрекет, сатқынға қарсы наразылық» етіп көрсеткісі келеді. Бірақ «Азаматтық қоғам платформасы» қоғамдық ұйымының сөз еркіндігі бойынша қорғаушысы Аласгар Маммадли үкіметтің Айлислиге қарсы наразылықты өршітіп, отқа май құйып отырғанын айтады.

Ол «Жазушыны «сенімсіз адам» етіп көрсету – елдегі сөз еркіндігіне қарсы шабуылдың бір бөлігі. Айлислидің жасы мен беделін есепке алсақ, Баку әуежайында болған оқиғаны (полицияның оны ұстауын айтады – ред.) ешкім заңды деп санамайды. Әлбетте, оны жазған шығармалары үшін бөгеді, қасақана елден шығармай тастады» дейді.

Human Rights Watch ұйымы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің үкіметін «Айлислиге қарсы қорқыту кампаниясын тоқтатуға» шақырды. Ұйымның мәлімдеуінше, мемлекет «сөз бостандығына байланысты мойнына алған халықаралық міндеттерін тәрк етіп, тәлкекке айналдырып отыр».

Азаттық журналисі Хадиджа Исмаилова Айлислиге қарсы бұл шараны «үкімет ұйымдастырған» деп санайды. Исмаилованың өзі де биліктен қысым көріп, бір жарым жыл түрмеге отырып шықты. Оған «қаржылық қылмыс жасаған» деген айып тағылды. Журналистің өзі биліктің жемқорлығын сынаған мақалалары үшін істі болғанын айтады.

«ӘЛИЕВТІ СЫНАҒАНЫ ҮШІН ЖАУҒА АЙНАЛДЫ»

Хадиджа Исмаилова «Ешқашанда оның кітабын оқымаған адамдар шеруге шығып, кітаптарын өртеді. Үкімет Айлислиді Әзербайжанның ұлттық мүддесіне қарсы адам тәрізді көрсетті, әзербайжандарды жауыз ретінде сипаттаған деп түсіндірді» дейді ол. Қазір Исмайлованың өзі де елден шыға алмайды.

Журналист Хадиджа Исмаилова.

Журналист Хадиджа Исмаилова.

Журналистің сөзіне қарағанда, Айлисли «Тас түстер» кітабы үшін сотқа тартылғалы отырған жоқ, 2011 жылы қазіргі президенттің әкесі Гейдар Әлиевті «маньякқа тән сипаттары бар диктатор» деп суреттеген «Үлкен кептеліс» шығармасы үшін жазаланбақ. «Содан бері Айлисли қара тізімге ілінді, қазіргі қысым да соның белгісі» дейді Исмайлова.

2011 жылға дейін Айлисли үкіметті ашық қолдайтын. Оған «Халық жазушысы» атағы мен Әзербайжандағы ең жоғарғы мемлекеттік атақтар – «Құрмет» және «Тәуелсіздік» медальдері берілді. Ол 2005 жылдан 2010 жылға дейін парламент мүшесі болды.

«Акрам Айлисли қарапайым әзербайжан азаматы емес» дейді Исмайлова. «Үкімет Айлислиге осындай құқай көрсетіп, басқа жазушыларға да ескерту жасап отыр. Бұл қорқытудың бір әдісі және өте жақсы нәтиже береді».

Билік өкілдері Айлислидің жеке бас құжаттарын қайтармады және «тергеу кезінде сапарға шығуға тыйым салынады» деп мәлімдеді. Жазушының жақтастары сот істі қарағанша бірнеше жыл өте ме деп уайымдайды. Айлисли де кез келген сәтте түрмеге қамалуы мүмкін екенін біледі.

«Соттың істі қарауды ұзаққа созуы саяси астары бар істерде жиі болады, үкімет өзін сынаушыларға осындай амал қолданады» дейді Исмайлова. Еуропадағы Карнеги сараптама орталығының Кавказ бойынша сарапшысы және аға ғылыми қызметкері Томас де Ваал Айлислидің туындыларын «қаһармандық» деп бағалайды.

ҚАРТАЙҒАН ШАҚТАҒЫ УАЙЫМ

«Ол «Тас түстер» кітабын саясаткер немесе журналист емес, жазушы және суреткер ретінде жазды. Көргенін көркемдік тұрғыда баяндады» дейді ол. Айлисли бұл еңбегінде әзербайжан қоғамын қатесін мойындап, жауапкершілікті мойнына алуға шақырады.

Қай жерде жан тапсырамын дегенді ойламаймын. Бірақ осы жасқа келіп түрмеде өлгенім билікке де, маған да абырой әпермейді. Отбасым бұл жағдайды көп уайымдайды, әсіресе, әйелім мен қыздарыма батады. Солардың уайымы ауыр тиіп жатыр.

Азаттыққа берген сұхбатында жазушы Акрам Айлисли «көптеген қиындықты бастан өткергенін, бірақ соңғы жағдай бәрінен де ауыр тиіп тұрғанын» айтып, «басқа әлем халқы Әзербайжан билігі тәрізді қабылдамайтын оқиғаны баяндағаным үшін айыпты емеспін. Әдеби шығарма жарияға жол тартқан соң «жеке өмірін» бастайды. Өкінішке қарай, біздің билік бұған келіскісі келмейді» дейді.

Жасы келген және денсаулығы нашар жазушы әзербайжан түрмесінде ұзақ өмір сүрмейтінін біледі. Ол «Қай жерде жан тапсырамын дегенді ойламаймын. Бірақ осы жасқа келіп түрмеде өлгенім билікке де, маған да абырой әпермейді. Отбасым бұл жағдайды көп уайымдайды, әсіресе, әйелім мен қыздарыма батады. Солардың уайымы ауыр тиіп жатыр» дейді.

Рон Синовицтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG