Accessibility links

«Сирияда соғысқан» 10 әзербайжан ұсталды


Сирияда жүрген содырлар. Идлиб провинциясы. (Көрнекі сурет)

Сирияда жүрген содырлар. Идлиб провинциясы. (Көрнекі сурет)

Әзербайжанда «Сирияда соғысты» деген күдікпен 10 азамат қамалды. Мұны қаңтардың 7-сі күні осы елдің ұлттық қауіпсіздік министрлігіне сілтеме жасаған Әзербайжан мен Ресей басылымдары хабарлады.

БАҚ таратқан деректерге қарағанда, күдіктілер «іздестіру операциясы» кезінде тұтқындалған. Мәліметтерге қарағанда, «Ер адамдардың тоғызы 2014 жылы Сирияға жасырын кетіп, сол жақта дайындықтан өткен, түрлі атыс қаруларын қолдануды үйренген».

Ұлттық қауіпсіздік министрлігі мәліметіне сәйкес, жаттығудан соң ер адамдар «заңсыз қаруланған топтар құрамында» шайқастарға қатысқан. Енді Әзербайжан билігі бұл 10 адамды тергеуге алып, жедел шаралар қабылдауға көшті. Оның сыртында, Сирияға соғысқа кеткен басқа да азаматтарының аты-жөнін анықтауды бастады.

Деректерде бұл 10 адамның Сирияда қандай топ құрамында соғысқаны айтылмайды. Ер адамдардың барлығының аты-жөні белгілі, бірақ Сирияға нақты қай уақытта кеткендері және Әзербайжанға қашан, не үшін оралғандары хабарланбаған.

ТАҒЫЛҒАН АЙЫП, ШЫҚҚАН ҮКІМ ЖӨНІНДЕ АҚПАРАТ АЗ

«Сирияда соғысты» деген күдіктілер қалай, қашан тұтқындалды; олардың соты қалай өтіп жатыр - бұл туралы әзербайжандық БАҚ ашып ештеңе жазбайды. Өткен айда үкіметке тәуелді Day.az порталы Сабукси Кафаров есімді адамның Сирияда соғысқаны үшін айыпты деп танылып, 18 айға сотталғанын жазған еді. Алайда 2014 жылдың маусымында тұтқындалған Сафаровтың ісінде оның Сириядағы әрекеті туралы нақты дерек айтылмайды, тек «ұзақ уақыт» соғысқаны ғана баяндалады.

Қаңтардың 7-сі күнгі «шетелдегі экстремистік топпен байланысы бар азаматтардың» (10 әзербайжан) тұтқындалуы туралы дерек тұңғыш тараған ақпарат емес.

Өткен жылдың қыркүйегінде Әзербайжан билігі Пәкістан, Сирия және Ирактағы әскери топтардың мүшелері болған деген күдікпен 26 адамды қамады. Олардың бірі – Элшан Құрбанлиге «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы құрамында соғысу үшін Сирияға барған» деген айып тағылды.

СИРИЯҒА БАЛА-ШАҒАСЫМЕН КЕТКЕНДЕР

Таяуда билікке жақын АПА ақпарат агенттігі Мәскеуде тұратын әзербайжанның «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымына қосылу үшін Сирияға отбасымен кеткенін» хабарлады.

ИМ байрағын көтеріп тұрған содыр. Сирия. (Көрнекі сурет)

ИМ байрағын көтеріп тұрған содыр. Сирия. (Көрнекі сурет)

Қаңтардың 7-сі күні тараған дерекке қарағанда, АПА-ның мәскеулік тілшісіне із-түзсіз жоғалып кеткен әзербайжан әйел Туркан Хусейнованың немере ағасы «қарындасы мен оның отбасының Сирияға кеткенін» айтқан.

Агенттіктің жазуынша, 21 жастағы Хусейнова мен оның ері Гаджимурат Гамидов, бір жасар қыздары Сафия желтоқсанның бірі күні «жоғалып кеткен». Гамидовтың өзі - этникалық әзербайжан. Мәскеуге Дағыстаннан келген, қазір Ресей азаматы.

Хусейнованың ағасы – Жаваншир Хусейнов ерлі-зайыптылардың қаңтардың 1-і күні отбасына хабарласып, «Сирияға барып, ИМ-ге қосылу ниеттері бар екенін» хабарлағанын айтады. Әуелде олар «Түркиядамыз» деген. Одан ары қайда кеткендерін ешкім білмейді.

Дәл қазір Сирияда Әзербайжанның қанша азаматы соғысып жүргені белгісіз. Жаңалықтарда 200-300 адам деген дерек айтылады. Сириядағы Әзербайжан азаматтарының көбі ИМ құрамында сияқты. Өткен жылдың мамырында ИМ-нің Раккадағы бөлімінің әзербайжандық жетекшісі Мухаммед әл-Азери видео-жолдауында «ИМ Сириядағы жиһадта дұрыс бағыт ұстанады» деп мәлімдеген еді.

Сирияда соғысып жүрген азаматтарына қарсы әрі елдегі радикалдар қаупін азайту үшін Баку бұл тараптағы қысымын бұрынғыдан бетер күшейтіп отыр. «Лаңкестікпен күрес туралы» заңға барынша қатал өзгерістер енгізілді. Яғни, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға қолданылатын шаралар қатайды.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG