Accessibility links

Обама сәулет өнерінің ғажайып үлгісі болып табылатын Стамбул мешіттерінде болды және студенттермен жүздесті


АҚШ президенті Барак Обама түркиялық студенттермен кездесуде. Стамбул, 7 Сәуір. 2009

АҚШ президенті Барак Обама түркиялық студенттермен кездесуде. Стамбул, 7 Сәуір. 2009

АҚШ президенті Барак Обаманың Түркияға сапары оның президент ретінде негізінен мұсылман еліне жасаған алғашқы сапары болды. Обама Түркияның ислам құндылықтарымен қоса зайырлы, демократиялық бағытты ұстанып отырғанына назар аударды.

Түркияға сапары барысында Барак Обама Стамбулдағы аты белгілі Айа-София мен Сұлтан-Ахмет мешітіне арнайы барды.

Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен бірге көрнекті жерлерді аралаған АҚШ президенті Барак Обама исламдық және византиялық сәулет орындарын тамашалады.

Оның алдында Обама Ислам, Иудей, Христиан және басқа да түрлі діндер жетекшілермен кездесу өткізді.

Стамбулдағы тарихи орындарды аралап шыққан Барак Обама түркиялық университет студенттерімен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Обама онда Америка мұсылман әлемімен байланыстарының жаңа бетін ашады деген тұрғыдағы ұстаным-ойларын ортаға салды.

Дүйсенбі күні, Түркия парламентінде сөйлеген сөзінде Барак Обама мұндай байланыстар кеңейе түсіп, терроризммен күресте ортақ мүдделеріміз шектелмеуі керек деді.

“Мен сондай-ақ Американың мұсылман мемлекетімен, мұсылман әлемімен байланыстары біздің террорға қарсылық шаралары негізінде ғана болып қалмағанын айқын түрде айтқым келеді. Біз өзара мүдделер мен өзара сыйласымдықтың кең тұрғыда болғанын қалаймыз. Біз ыждаһатты түрде тыңдайтын боламыз, біз түсінбеушіліктерді жеңуге әрекет етеміз, біз ортақ мүдделерді қарастырамыз.”-деді Обама.

Ол өзінің Исламмен жеке байланыстарына да тоқталды. Барак Обаманың Кенияда мұсылман туыстары бар. Оның балалық шағы әлемдегі ең белгілі мұсылман елдерінің бірі - Индонезияда өткен.

Ақпарат көздерінің жазуынша, оның Түркияға сапары бірқатар мәселелер үшін тиімді жағдай болды. Оның бірі - Түркия арқылы Барак Обама ислам елдеріндегі мұсылмандарға өзінің жолдауын жеткізді.

Түркиялықтардың көбісі мұсылман болғандарымен, Түркияның негізін қалаушы, елдің атасы - Мустафа Кемал Ататүрік енгізіп кеткен зайырлы қоғам дәстүрін ұстанады. Олар өздерін Еуропа жеріндегі Түркия деп санайды.

Премьер-министр Ердоғанның исламшыл партиясы билікке келгеннен бері Түркия қоғамында зайырлы қоғамды қолдаушылар мен ислам дінін берік ұстанушылар арасында саяси және әлеуметтік тартыс болды.

Бұл тұрғыда New York Times басылымында жарық көрген мақалада Обама Түркияның мықты әрі зайырлы демократиясы мен бірге өзінің жеке мұсылмандық тегі туралы талқылағанда, екі тарапқа қатысты ұстамды, сыпайы сөйледі деп жазды.
Обама Түркиядағы сөзінде демократиялық реформаларды мадақтап сөйледі.

“Өткен бірнеше жылдар ішінде сіздер қауіпсіздік соттарын тоқтатып, талқылау құқын кеңейттіңіздер. Қылмыстық кодекске реформа жасап, қоғам мен баспасөз еркіндігіне жетекші болатын заңдарды күшейттіңіздер. Күрд тілінде сабақ беру мен хабар таратуға салынған тыйымды алдыңыздар және күрдтік телеарнаны ашуларыңызды әлем маңызды белгі ретінде қабылдады. Бұл жетістіктер демократиялық статистика болып қалмай, жүзеге асуы тиіс әрі ұзағынан болуы қажет жаңа заңдарды жасады, енді олар жалғаса беруі тиіс”-деді ол.

Обаманың Түркия сапарында ұстамды көтерілген тағы бір жайт - Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясы армяндарды жаппай қырған деген мәселе болды.

Ол бұл даулы мәселеде журналистердің айтқанына қарсы тұрып, жаппай өлтіру оқиғалары туралы сөйлегенде “геноцид” деген сөзді мүлдем қолданбады.

Обама бұл мәселеде Түркия президенті Абдулла Гүлдің Армениямен осы жағдайға байланысты келіссөздер өткізбек болған қадамдарын қолдайтынын айтты.

Обама Стамбулда Түркия мен Армения сыртқы істер министрлерімен екі елдің байланыстарын жақсарту тұрғысында кездесу өткізді.

АҚШ президентінің сапары Түркиядан кейін бірден Ирақта жалғасты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG