Accessibility links

Минск тұрғындары зағипқа қол жұмсаған полицияға наразы


Интернетке жарияланған полицияның зағип адамға қол жұмсаған видеосынан алынған скриншот.

Интернетке жарияланған полицияның зағип адамға қол жұмсаған видеосынан алынған скриншот.

Минск тұрғындары қала метросында зағип адамды баспалдақтан төмен итеріп жіберген полиция қызметкерлерін жұмыстан шығаруды немесе жауапқа тартуды талап етеді.

Минск полициясының 41 жастағы зағип жанды метро станциясында ары-бері сүйрегені видеоға түсіп қалған, енді Беларусь астанасының халқы оны қорғап, пікір білдіріп жатыр. Қыркүйектің 18-і күні болған оқиғадан соң сhange.org сайтында онлайн петиция жарияланып, онда «көзі көрмейтін адамға шабуыл жасаған» полиция қызметкерлерін сотқа тарту немесе қызметтен алу керек екені айтылады.

YouTube сайтына салынған бір минуттық видеода полиция қызметкерлерінің баспалдақтан мүгедек адамды итеріп жібергені көрсетіледі, сол жердегі адамдар олардың әрекетіне наразылық білдіріп жатыр. Камера зағип адамға қол жұмсаған полиция қызметкерлерінің соңынан жүріп отырған.

Құлап, төмен сырғыған зағип адамның басы металл таянышқа соғылады, ол басын ұстап жатып қалады, ал маңайындағы адамдар оны полициядан арашалауға тырысады. Қыркүйектің 21-і күні бұл петицияға 6 мың 800-ден астам адам қол қойды. Видеода Минскінің Уручье станциясындағы жағдайға куә болған басқа адамдар ашуланып, полиция қызметкерлеріне айғайлайды.

ПОЛИЦИЯ АЙЫПТЫ МА?

«Комсомольская правда» газетінің Беларусьтегі редакциясының жазуынша, «полицияға қарсылық көрсеткен» адамға қарсы қылмыстық іс қозғалған. Бірақ жергілікті тұрғындар оның заң бұзатындай ештеңе жасамағанын айтады. Видеоны сайтқа салған Кирилл Ковганов есімді тұрғын «Осы маңда тұратын адамдар оның күн сайын метро станциясында жүретінін біледі. Оған көмектеседі» деп жазды.

Ол «ВКонтакте» желісінде болған оқиғаны былай баяндады: «Екі полиция қызметкері оның қасына келді де, ештеңе түсіндірместен жұлқылап тұрғыза бастады, не болғанын түсінбей қалған ол қарсыласып, біреуінің қолын тістеп алды. Олар зағипты ұстап алып, қарсы күш қолдана бастады. Елдің көзінше полицейлер зағип адамды бәріміздің көзімізше баспалдақпен төмен сүйреледі, ол басын баспалдақ таянышына соғып алды, содан соң қылмыскер тәрізді оның қолына кісен кигізді». Ковгановтың жазуына қарағанда, полиция зағип адамға «адам емес, жануар тәрізді қараған».

Ал полиция қызметкерлерінің заң аясында әрекет еткенін айтады. «Комсомольская правда» газеті тергеу комитеті өкілінің сөзіне сілтеме жасап, «Ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынудан бас тартты. Негізсіз ашуға бой беріп, полицияға қарсы шығып, балағаттап, қорқытқан» деп жазады.

Зағип адамды тұтқындаған құқық қорғау мекемесінің өкілдері оның полиция бөлімшесінде қызметкерлеріне «күш көрсеткенін» айтады. Олардың сөзінше, соқыр адам полиция қызметкерін қолынан тістеп, бетінен ұрған, теппек болған, тіпті мундирін бүлдірген. Олар «41 жастағы азамат бұрын сотталған, бұзақылығы үшін айыпты болған» дейді.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG