Accessibility links

Беларусьте ұран жазылған жейде үшін де қамайды


Қарсылық шарасына келген белсенді Леонид Смоуж. Минск, 10 қараша |2013 жыл.

Қарсылық шарасына келген белсенді Леонид Смоуж. Минск, 10 қараша |2013 жыл.

Беларусьте президенттің отставкаға кетуін талап еткен жейде киген азамат бес күнге қамалды. Бір аптада мұндай шешім екі рет шығып отыр. Бұл Лукашенко режимінің қарсылыққа төзбейтінін көрсетеді.

Беларусьте үкіметке қарсы адамдар қол шапалақтағаны үшін немесе интернетке ойыншық аюдың суретін қойғаны үшін де қамауға алынып жатады.

«ҚЫЛМЫСТЫҢ» ЖАҢА ТҮРІ

Тізімге енді түрмеге қамауға қисын болатын жаңа «қылмыс» түрі қосылды. Бұдан былай Беларусь президенті Александр Лукашенконы орнынан кетуге шақырған жазуы бар жейде киген азаматтар да жазаға тартылды.

Минск қалалық сотында отырған Леонид Смовж. 11 қараша 2013 жыл.

Минск қалалық сотында отырған Леонид Смовж. 11 қараша 2013 жыл.

Қазанның 11-і күні Минск қалалық соты Лукашконың отставкаға кетуін талап еткен жазуы бар жейде киген орта жастағы азаматты бес күнге қамау туралы үкім шығарды.

Леонид Смовж қарашаның 10-ы күні билік тарапынан рұқсат етілген Совет заманында репрессияға ұшыраған азаматтарды еске алу шарасына «Лукашенкосыз Беларусь» деген сөз жазылған жейдемен келген. Полицейлер оны осы жейдені киіп жүрген жерінен ұстады.

«АРАМТАМАҚТАР САЛЫҒЫ»

Азаттық радиосына берген сұхбатында Смовж шара кезінде Лукашенконың жүргізіп отырған саясатына, соның ішінде «арамтамақтар салығын» төлеу шешіміне наразылық білдіргенін айтты. Салықтың жаңа түрі жұмыссыз азаматтардың мемлекетке айыппұл төлеуін талап етеді.

- Президенттің аузынан араша құжынап шығып жатқан түрлі өкімдер мен жарлықтарға қарсымын. Соның ішінде «арамтамақтар салығына» да наразымын. Биыл денсаулығым нашарлады, медициналық тексеруден әупіріммен әзер өттім. Мен енді не құлға, не қылмыскерге айналамын - себебі ресми түрде арамтамақ атанамын, - дейді ол.

Сотқа келген куәгерлер Смовждың ешқандай ұран айтып айғайламағанын, полицияға да қарсылық көрсетпегенін айтты. Оппозициялық партия ұйымдастырған шараға қатысқандардың арасынан басқа ешкім ұсталмаған.

«КЕТ!» ДЕУГЕ ҚАҚЫМ БАР»

Осыдан бір апта бұрын ғана «Лукашенко, кет!» деген жейде киген және бір азамат – Юрий Рубцов та үш күнге қамалған еді.

«Лукашенко, кет!» деген жейде киген Юрий Рубцов. Минск, 3 қараша 2013 жыл.

«Лукашенко, кет!» деген жейде киген Юрий Рубцов. Минск, 3 қараша 2013 жыл.

Зейнеткер Рубцов 1930 жылдары сталиндік репрессия құрбандарын еске алуға арналған, Минск маңында өткен жиында ұсталған.

Шараға қатысушылардың айтуынша, полицейлер оның қолын қайырып, көлікке мінгізген.

Сот процесі кезінде Рубцов Лукашенкодан орнын босатуды талап етуге қақысы бар екенін айтты. Ол «президенттің өзі теледидардан Беларусь халқы өтініш білдірсе, биліктен кетуге әзірмін деген» дейді.

Бұрынғы колхоз директоры Александр Лукашенко осыдан 20 жыл бұрын Беларусь президенті болды. Оны құқық қорғаушылар адам құқықтарын жиі бұзады деп айыптайды.

БИЛІКТІҢ ОСПАДАРЛЫҒЫ

Саяси ұрандар жазылған жейде киген азаматтарды тұтқындау режимнің кез келген формадағы қарсылыққа төзімсіз екенін айғақтайды.

Биліктің оспадарлығы кісі күлерлік жағдайға жеткен. 2011 жылы ондаған адам Лукашенко саясатына қарсылық ретінде бірлесе қол шапалақтағаны үшін айыпты деп табылып, 15 күнге абақтыға жабылған еді.

Демонстрация ұйымдастыруға тыйым салатын қатаң заңды бұзбау үшін наразы жұрт қол шапалақтаудың ерекше әдісін ойлап тапқан еді. Полиция шеруді қатыгездікпен таратып, 2 мыңға жуық адамды тұтқындаған. Сол жолы бір қолы жоқ адамға да «қол шапалақтады» деген айып тағылып, оған 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынды.

Константин Каплин есімді жұмыссыз жігіт екі айлық жәрдемақысын жинап айыппұл төлегенін айтты.

Ойыншық аюдың суретін интернетте жариялағаны үшін айыпталған Антон Суряпин. Беларусь, 17 тамыз 2012 жыл.

Ойыншық аюдың суретін интернетте жариялағаны үшін айыпталған Антон Суряпин. Беларусь, 17 тамыз 2012 жыл.

2012 жылы демократияға шақырған ұрандар жапсырылған ойыншық аюдың суретін интернетте жариялағаны үшін Антон Суряпин есімді студент бір айға қамалды.

Билік өкілдері Антон Суряпин мен Сергей Башаримовты Беларусь жеріне ұшақпен келіп, 1 мың ойыншық аю лақтырып кеткен швед жарнама компаниясына көмектесті деп айыптады.

Екі жігітке жеті жылға дейін бас бостандығын айырылу қаупі төніп тұрған еді, алайда 2013 жылдың маусым айында күтпеген жерден оларға тағылған айыптар алынып тасталды.

Галина Абакунчик пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG