Accessibility links

Лукашенко жақын серіктерін де қудалай бастады


Минск облысы атқару комитетінің төрағасы болған Борис Батура.

Минск облысы атқару комитетінің төрағасы болған Борис Батура.

Беларусь президенті Александр Лукашенко өткен аптада теледидардан бірнеше жоғары лауазымды шенеунікті сынап, қызметтерінен алып тастады. Олардың ішінде жақын серіктері де бар.

Беларусь басшысының ашулануына ағаш зауытындағы жағдай себеп болған. Лукашенконың қаһарына іліккендер ішінде оның жақын серігі саналып келген 66 жастағы Минск облысының бұрынғы губернаторы Борис Батура да бар.

АҒАШ ЗАУЫТЫНДАҒЫ ХИКАЯ

2012 жылы қарашаның 30-ы күні Беларусь президенті Александр Лукашенко Минск облысындағы «Борисовдрев» зауытына барды. Зауыт жұмысы президенттің көңілінен шықпады.

«Беразина» ағаш зауыты 1901 жылы сіріңке фабрикасы ретінде іске қосылған. Қазір де Ресей, Түркия, Иран мемлекеттеріне миллиондаған қорап сіріңке сатады. Бірақ одан түсетін пайда азайған, ал зауыттың өзі кір-қоқыстың ортасында тұр, құрал-жабдықтары шашылып жатыр.

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 25 қазан 2013 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 25 қазан 2013 жыл.

Бұл көрініске ызаланған Лукашенко бірінші вице-премьер Владимир Семашко мен Минск облысы атқару комитетінің төрағасы Борис Батура сияқты жергілікті шенеуніктерге шүйлікті.

Лукашенко оларға бір жыл уақыт беріп, зауыттың Семашко мен Батура уәде еткендей мінсіз болып тұрғанын тексеретінін мәлімдеген.

Бір жыл, бір күн өткен соң Лукашенко «Борисовдревке» оралды. Зауыттың алдыңғы жағы ашық түске боялған, біраз техникалық жетістіктер байқалады.

Зауыт басшылары қайта құру жұмыстары қалай жүргізілгенін баяндайтын нұсқаулық дайындап қойған еді. Бірақ Лукашенко олар дайындаған материалдармен таныспай, бұрынғы ескі көліктер тұрған (ол көліктердің кейбірі 1950 жылы шыққан – ред.) лас аумаққа қайта барды.

Ашуға булыққан Лукашенко қасындағы ішкі істер министрі қызметкеріне барып, Батура мен басқа шенеуніктерді жұмыстан қууды талап етті. Лукашенко «Батураны қазіргі қызметінен алып, мына фабриканы реттеу үшін осында жіберіңіз. Егер үш күн ішінде жұмысқа келмесе, оған қарсы қылмыстық іс қозғалсын. Көктемге дейін істі өзі бақылап, жұмысты атқармаса, мен сізге қарсы қылмыстық іс қозғаймын! Ол маған 10 күнде бәрін істеуге уәде берген» деді.

Лукашенко «Борисовдрев» зауытының басшылығына шүйлігіп, тағы бірқатар жоғары лауазымды шенеунікті қызметінен босатты. Олардың ішінде президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Андрей Тур мен «Беллесбумпром» ағаш және қағаз өнімдері концернінің төрағасы Александр Переславцев те бар.

«БӘРІН БІР АДАМ ЖОСПАРЛАЙДЫ»

Халық теледидар жаңалықтарынан бірнеше рет көрсетілген сюжетті қайта-қайта тамашалап, президент қаһарының астарын ұғуға тырысты. Бәрінен бұрын Беларусь саясатының ардагері Батураның қызметінен кеткені көпшілікті таңғалдырды.

Азаттықтың Беларусь қызметіне сұхбат берген 66 жастағы Батура ағаш жасау зауытына қызметке бармайтынын, есесіне мерзімінен бұрын зейнетке шығуды жоспарлап отырғанын айтты. Азаттық тілшісі одан «Президенттің қылмыстық іс қозғаймын, сотқа беремін деген сөзі» туралы да сұраған еді. Ол «Мейлі, солай болсын. Біз басыбайлы жұмысшылар сияқтымыз. Соны сезінгеннің өзі жақсы емес» деді.

Беларусь орманы. (Көрнекі сурет)

Беларусь орманы. (Көрнекі сурет)

66 жастағы, ақ шашты Батура еңбек жолын совет тұсында бастап, коммуналды-тұрмыстық секторда еңбек еткен. Кейін ол қызмет сатысымен өрлеп, 12 жыл бойы тұрғын үй шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Могилев облысының басшысы болған кезінде жергілікті экономиканы дамытқан ол сенімге ие болды.

Минск облысында құны 5 миллионға бағаланған Қытай-Беларусь индустриялық паркін салу мен Ресейге калий сатуға қатысты даулы мәселелерде Батура Лукашенконың сенімді өкілі міндетін атқарды.

Батура бұған дейін адал, көнбіс, көнтерілі адам ретінде көрініп келді. Бірақ ол кейде тіпті Владимир Путиннің өзі қызығатын дәрежеге жеткен Лукашенко билігін тұспалдап сынайтын.

Могилев облысында қызмет атқарып жүрген кезінде Батура «Мен ештеңені жоспарламаймын. Біздің президент бәрін өзі жоспарлап қояды» деп, Минск облысында жергілікті тұрғындардың алдында сөйлеген кезінде өзін «қожайын мен емес, мен жолдаспын» деп атап, астарлап Лукашенконы қағытып алатын.

Минск облысында Белоруссияның жақсы дамыған өндіріс орындары бар. Елдегі калий өнеркәсібінің орталығы саналатын Солигорскіде орташа жалақы мөлшері ел астанағы Минскіден де жоғары. Бірақ губернатордың қалтасын толтыруға Ресейге қарағанда Беларусьте мүмкіндік пен еркіндік аз.

Кейбір сарапшылар 2015 жылы қайта сайлануды көздеп отырған Лукашенконың жағдайы «мәз емес» дейді. Беларусьте саяси оппозиция аяусыз басып-жаншылған. Брюссель (Еуропа Одағы – ред.) мен Мәскеуге қарсы да Лукашенко бірнеше мәлімдеме жасады. Оның үстіне, 2012 жылы сыртқы істер министрі, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, 2012 жылғы Беларусь олимпада командасының басшысы сияқты біраз шенеунікті қызметінен алды.

Оның ойланбай айтылған мәлімдемелер арқылы ел басқаратыны осы апта тағы көрінді. Лукашенко «сот басталмай тұрып-ақ, біреудің ажалына себепкер болған қылмыскерді өлім жазасына кесуге болады» деп салды. Сарапшы Андрей Суздальцев thepolitoboz.com сайтына «Беларусь президенті өте қатыгез әрі кекшіл» деп жазды. «Бұның бәрі 1952-53 жылғы сталиндік бюрократияны еске салады, мұндай оқиғалар бұрын да болған, ал қазір жұрттың бәрі бұл дәуірдің соңын күтіп жүр» дейді ол.

Алесь Дащинский мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG