Accessibility links

Лукашенко: "Сталинге жету қайда"


СССР жетекшісі Йосиф Сталин (сол) мен Беларусь президенті Александр Лукашенканың суреттері

СССР жетекшісі Йосиф Сталин (сол) мен Беларусь президенті Александр Лукашенканың суреттері

Беларусьтің автократ билеушісі Александр Лукашенко совет жетекшісі Йосиф Сталинді "жағымсыз етіп сипаттауға" қарсы екенін білдірді.

Қазанның 16-сы күні Ресей журналистерімен болған кездесуде Беларусь президенті өзінің "Сталин сияқты жетекшінің басқан ізіне ілесе алмай келе жатқанын" айтып, жергілікті оппозицияны арандатушылар деп атады. Оның ойынша, оппозицияның наразылық шараларын көшеде ұйымдастыруына ешқашан жол бермеу керек.

Лукашенконың сейсенбі күнгі мәлімдемесінде ең қатты есте қалатын сөздер Владимир Ленин мен Йосиф Сталинге қатысты айтылды. Ол СССР-дың алғашқы жетекшілерін "қаралау" әрекетін айыптап шықты.

- Жарты ғасырдан соң біздің өзімізді қалай бағалауы мүмкін? Егер Батыстың сарынымен кете беретін болса, мені Сталиннен де жаман етіп суреттеулері мүмкін. Көшеде адамдарды бас салып ұстап алып, адам жеген болып шығуым да ғажап емес. Әсіресе, әйелдерді. Міне, Сталин мен Ленин де осылайша қараланды, - деді ол.

Беларусь президенті большевиктер революциясынан соңғы соғыстарда және әуелгі совет кезеңінде миллиондаған адамның өліміне себеп болды деп айыпталатын екі жетекшіден үйренгені көп екенін айтты.
Александр Лукашенко сайлаудан кейінгі алғашқы баспасөз мәслихатына келіп тұр. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл

Александр Лукашенко сайлаудан кейінгі алғашқы баспасөз мәслихатына келіп тұр. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл


- Мен Сталин мен Ленинге қарсы емеспін, керісінше олардың соңында қалып келемін,- деді ол.

Журналистермен кездесу үстінде Беларусь президенті тағы бір мәрте жергілікті оппозицияны мұқатып, жерлеп сөйлеуге тырысты.

- Көз үшін, арандату үшін бірдеңе қылып жүреді. Ал біз қулықтарына түсіп қаламыз. Билік болғасын бомбалаймыз, қамаймыз, жаныштаймыз дегендей. Оларға мұны да жасатпау керек. Бұл әрекеттерінің алдын алу қажет. Олардың көп алдына шығып осылай қимылдауы - біздің кемшілігіміз, - деді Лукашенко.

Саяси карьерасын колхоз парторгы, совхоз директоры боп бастаған Александр Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді.

1995 жылдан бері елде өткен бір де бір сайлауды Батыс ұйымдары әділ деп таныған жоқ.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш Еуропаның соңғы диктаторы деп атаған Александр Лукашенко 2010 жылғы желтоқсан айында Минскіде болған толқуды күшпен басқан соң Батыспен арасын тіпті ушықтырып алды. Сол жолы жүздеген адам қамалып, түрмеге жабылған еді.

Осы аптаның басында Еуропа Одағы да Лукашенконың режиміне қарсы санкцияларды ұзарта түсетінін жариялаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG