Accessibility links

Лукашенко 20 жылдан соң ана тілінде сөйледі


Беларусь президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күніне орай халыққар жолдауын арнап тұр. Минск, 22 сәуір 2014 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күніне орай халыққар жолдауын арнап тұр. Минск, 22 сәуір 2014 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко осыған дейін белорусша сөйлеуді бойына шақ көрмей келген. Осы аптада ол дүйім жұртты таңғалдырып, 20 жылдан кейін ана тілінде сөйледі.

Беларусьтің Тәуелсіздік күні қарсаңында белорус тілінде баяндама жасаған президент көп жылдар бойғы әдетінен «жаңылып», көпшілікті аң-таң етті.

«НЕГЕ ОЛ БЕЛОРУСША СӨЙЛЕДІ?»

20 жылдан соң автократ басшы халқының алдында бірінші рет орыс тілін ысырып қойып, ана тілінде сөйледі.

Лукашенконың бұл әрекеті Беларусьте біраз дүрбелең тудырды, кейбіреулер «ол Украинадан Қырымды тартып алған, талай жылғы одақтасы - Ресейден іргесін аулақ салғысы келеді» деп болжап жатты.

Бірақ бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин бұл елдің фашист әскерінен азат болғанына 70 жыл толуын атап өту үшін Беларусьқа ұшып келген.

Александр Лукашенконың белорус тіліндегі жолдауы:

Ал Лукашенконың бұрынғы баспасөз-хатшысы Александр Федута «адамдар мұның астарына үңіліп әуре болмасын» дейді. Федута президент қасынан 1995 жылы кеткен, қазір беделді саясаттанушы. «Ресейден алшақтауға тырысады деу бекер. Оның өз бағыты бар» дейді ол.

Федута Лукашенконың белорус тіліндегі алғашқы сөзін жазған еді. Лукашенко оны 1994 жылы Тәуелсіздік күні құрметіне, жаңа сайланған президент ретінде айтып шыққан.

Федута: «БАҚ сол кезде оның беларусь тілінде сөйлегенін сан-саққа жүгіртті. Содан соң Лукашенконың белорусша сөйлеуден беті қайтып қалды» дейді.

«ТАҒЫ 20 ЖЫЛ КҮТІП ЖҮРМЕЙІК»

Осыдан соң Беларусь президенті өз тілін ұнатпайтынын көрсетіп бақты. Ол 1994 жылы «Белорус тілінде сөйлейтін адамдардың қолынан сөзден басқа дәнеңе келмейді. Бұл тілде тіпті ойыңды толық жеткізе де алмайсың» деп мәлімдеген еді. Қызды-қыздымен Лукашенко «белорус тілі – кедей, орыс және ағылшын тілдері ғана – ұлы тіл» деп жіберді.

1995 жылы даулы референдум өткізіп, ол орыс тіліне белорус тілімен қатар мемлекеттік мәртебе бергізді. Сыншылар «ол билік еткен 20 жылдан астам уақыт ішінде тілдің мәртебесі төмендеді, белорус тілінде оқытатын мектептер мен осы тілде шығатын басылымдар азайды» дейді.

Белорус тілін мансұқтаудың ертеректен келе жатқан тарихы бар. Совет Одағы кезінде ол шаруалардың, кедейдің тілі саналып, мансап сатысында өрлеуді көздейтіндер тек орыс тілінде сөйлеген.

Қазір белорус тілін оппозиция мен ұлтшылдар және зиялы қауым қорғайды. Ал басқа халық орыс және белорус тілі аралас «трасянка» тілінде сөйлейді.

Лукашенконың осы аптада жасаған мәлімдемесі (аздаған акценті болса да) «президент ана тілін білмейді» деген пікірді жоққа шығарды. Интернет түрлі әзіл-әжуаға толып кетті. Саясаттанушы Федута белорустарды осы жолы Лукашенкоға «түсіністікпен қарауға» шақырды. Ол Facebook парақшасына «Беларусь президентін келемеждеуді доғарыңдар. Оны қорқытпаңдар, әйтпесе тағы 20 жыл күтеміз» деп жазды.

(Александра Дынько мен Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG