Accessibility links

Беларусь салып жатқан АЭС-тен Литва қауіптеніп отыр


Островецтегі Ресей салып жатқан АЭС. Беларусь, 13 сәуір 2016 жыл.

Островецтегі Ресей салып жатқан АЭС. Беларусь, 13 сәуір 2016 жыл.

Беларусьте салынып жатқан атом электр станциясында төтенше оқиға болып, ел билігі ол туралы тұщымды ақпарат таратпады. Бұл АЭС-тің төндірер қаупіне алаңдайтындарды сескентіп қоймай, Чернобыль апаты кезінде 10 күн үнсіз отырған Совет Одағын еске түсірді.

Көршілес Украинада болған адамзат тарихындағы ең ауыр атом апаты – Чернобыль қасіретіне 30 жыл болғанда сол жарылыстан жерінің төрттен бірі уланған Беларусь атом электр станциясын салып жатыр.

Алайда, құрылыс алаңындағы апаттан соң астанасы (Вильнюс) АЭС салынып жатқан Островецтен 50 километр ғана жерде тұрған Литва ғана емес, басқалар да дабыл қаға бастады.

Беларусь үкіметінің ашық ақпарат бермеуі жағдайды одан сайын күрделендірді. 1986 жылғы Чернобыль апаты болғанда Совет үкіметі де осылай үнсіз қалған еді. Азаттыққа берген сұхбатында Литва Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс:

- Ашығын айтсақ, [Беларусь басшылығы] тек олардың сөзіне ғана сенбейтінімізді түсінуі керек, себебі оның (АЭС-ті айтады – ред.) сапасы мен қауіпсіздігі әлі тиісті дәрежеде емес, – деді.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, шілденің 10-ы күні АЭС-те төтенше оқиға болған: қозғап жатқан кезде атом реакторының төбесіндегі шанағы құлап кеткен.

Көп ұзамай ел ішінде осы оқиға туралы түрлі алыпқашпа әңгіме тарады. Тек шілденің 25-і ғана ғана осы ауданның тұрғыны әрі оппозициялық «Біріккен азаматтық партияның» атынан қыркүйектің 11-і өтетін парламент сайлауына түскелі жатқан белсенді Николай Улаcевич өзінің Facebook-тегі парақшасында оқиғаның жай-жапсарын баяндады.

Оның айтуынша, шілденің 10-ы күні реактордың салмағы 330 тонна болатын шанағын бекіту жаттығуы кезінде ол 2-4 метр биіктіктен құлап түскен. Бұл шанақ сол күннің ертеңінде журналистер алдында ресми түрде бекітіледі деп жоспарланған еді. Улаcевичтің айтуынша, өзін қолдаушылардың қолын жинап жүргенде оған осы ақпаратты жеткізген 10 адам бұл мағлұматтың растығына кепілдік береді. Әлеуметтік желідегі бұл постты оппозициялық партиялар іліп әкетіп, таратып жатыр.

Араға екі апта уақыт салып, шілденің 26-сы күні Беларусьтің энергетика министрлігі шілденің 10-ында құрылыс алаңында төтенше оқиға болғанын растады. Министрлік оқыс жағдайдың «реакторды көлденең қозғалту барысында қоймада болғанын» айтумен шектелді.

Шілденің 26-сы күні құрылысты салып жатқан бас мердігер – Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясы реактор корпусына ешқандай зақым келмегенін және қадағалаушы органдар рұқсат берген соң оның қайта орнатылатынын хабарлады.

«Белапан» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тамыздың 1-і Беларусь энергетика министрінің орынбасары Михаил Михадюк реактордың шанағы қауіпсіздігі тексеріліп біткенге дейін бекітілмейтінін айтқан.

Тамыздың 1-і тағы мәлімдеме жасаған «Росатом» реактор корпусының бүлінбегенін қайта ескертті, дегенмен ресми органдар оны қолданбау туралы шешім шығарса, құлаған шанақты ауыстыра алатындарын да жеткізді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко жаңа атом электр станциясы елді Ресейге деген энергетикалық тәуелділіктен құтқарады деп үміттенеді (Беларусь газдың 90 пайызын Ресейден алады). Алайда, Островецтегі электр станциясын ресейлік компаниялар тұрғызып жатыр, қаржының жартысын Мәскеу құйып отыр. Болжам бойынша, АЭС құрылысына 5-тен 22 миллиард долларға дейін қаржы жұмсалмақ. Станцияның алғашқы бөлігі 2018 жылы, ал екіншісі 2020 жылы іске қосылады деп жоспарланған. 2025 жылға қарай тағы екі реактор салу жоспарланған, бірақ олар әлі жобаланып жатыр.

Лукашенконың оқиғаға қатысты пікір айтпауы 1986 жылғы Чернобыль жарылысын еске түсірді. Ол кезде де Совет Одағы басшылығы 10 күн бойы ешқандай ақпарат бермей, үнсіз отырған еді.

Кезінде парламент депутаты болған физик Юрий Воронежцев Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатында «Мен үшін бұл уақыт мәшинесіне отырып, ширек ғасырға кері шегінген дежавю сезімін туғызды, сол кезде біз Чернобыль апатының себептерін іздеген едік. Бәрі тура сол кездегідей, тек ол кезде Совет Одағы тотатитарлық мемлекет еді, ал қазір демократиялық Беларусь үкіметі бар деп жүрміз» деген.

- Басшылар не болғанын білмеді дей алмаймын. Ең жаманы – оны біздің білмегеніміз. Реактор шынымен құлады ма, оның бір бөлігі өртенді ме - не де болса мұның өте қауіпті екенін түсіндік, - дейді Воронежцев.

Президенттік мерзімге бес рет сайланып, «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Александр Лукашенко бір жағынан жақын одақтасы әрі қаржылай көмекшісі Ресейге арқа сүйеп, екінші жағынан Еуропамен де қарым-қатынасын түзеуге талпынып келеді.

Литва сыртқы істер министрі Линкявичюс «Беларусь басшыларының томаға-тұйық саясаты мүлде дұрыс емес» дейді. «Оқтын-оқтын болып тұратын осындай оқиғалар, ашықтық жоқ, олар жайлы ашық дереккөздерден әдетте тым кеш біліп жатамыз, сосын толығырақ ақпарат алуға тырысамыз, негізінде бұлай болмауы керек. Атом реакторының корпусы бүлінуі мүмкін деген соңғы оқиға өте қауіпті» деді министр.

Литва билігі мен АЭС-тің салынуына қарсы басқа да топтар Минскіні «жобаның табиғатқа әсерін зерттеуден бас тартты» деп айыптайды. Станция реакторларын салқындататын суды Невис өзенінен алады, ал іргелес Литва тұрғындары осы өзеннің суын ауызсу ретінде пайдаланады.

Бұл – осы құрылыс нысанындағы алғашқы апат емес, мұның алдындағы осы тақілеттес оқиғалар кезінде де Беларусь басшылығы көбіне там-тұмдап мәлімет берумен шектелген.

Сәуірдің 8-і күні ядролық қызмет көрсету ғимараты қабырғасының құлағанын тәуелсіз «Белсат» телеарнасы хабарлаған. Осы ақпаратқа қарағанда, құрылыс жетекшілері кесімді күнге дейін үлгеру үшін жұмысшыларға цементті көбірек құйыңдар деп тапсырма берген. Беларусьтің мемлекеттік телеарналары да, басшылар да ләм-мим деп хабар таратқан жоқ, ал АЭС-тің баспасөз хатшысы әуелде тіпті төтенше оқиғаның болғанын жоққа шығарды. Алайда, Беларусь энергетика министрлігі мамырдың 6-сында цемент құю кезінде төтенше жағдай болғанын растады әрі бүлінген жерлер қалпына келді деп мәлімдеді.

Литваның Сыртқы істер министрі Линкявичюс:

- Жалпы алғанда, бұл процеске біздің көңіліміз толмайды, оның үстіне біз мұны тек екіжақты мәселе емес аймақтық [мәселе] деп есептейміз, сондықтан мәселені барынша халықаралық деңгейде талқылауға тырысамыз, - деді. Литва Еуропа Одағына мүшелікке өту жөніндегі 2004 жылғы келісімге сәйкес өзінінің Игналина атом электр станциясын жабуды көздеп отыр.

Шілденің 26-сы күні Литва президенті Даля Грибаускайте егер Минск құрылыс нысанында халықаралық қауіпсіздік стандарттарын сақтай алмаса, онда халықаралық қауымдастықпен бірлесіп құрылысқа тосқауыл қоятындарын мәлімдеді.

Халықаралық Атом энергетикасы агенттігі (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Амано мырза сәуірдің 19-ы Минскіде «ірі жобаның барлық аспектілері бойынша Беларусьпен ынтымақтаса жұмыс істегендерін» айтты. Ол «Екі реактор салып жатқан Беларусь - МАГАТЭ-ге «жаңа қосылған» елдер ішіндегі озық мемлекеттің бірі» деді.

Шілденің 10-ында болған оқиғаға қатысты түсінік беруді сұрағанымызда МАГАТЭ өкілдері «Бұл оқиғаға қатысты МАГАТЭ қандай да бір баға бере алмайды» деп жауап берді.

Тони Веселовскийдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG