Accessibility links

Беларусьте тағы екі экс-кандидаттың соты басталды


Президенттікке үміткер болған Дмитрий Вус сот залында. Минск, 11 мамыр 2011 жыл.
Президенттікке үміткер болған Дмитрий Вус сот залында. Минск, 11 мамыр 2011 жыл.

Сәрсенбі күні Минскіде президенттікке үміткер болған екі кандидат – Николай Статкевич пен Дмитрий Вустың соты өтті. Олар сайлаудан кейін шерулер өткізгені үшін 15 жылға сотталуы мүмкін.


Николай Статкевич пен Дмитрий Вус желтоқсанның 19-ындағы президент сайлауының нәтижелерін қабылдамай, президент Александр Лукашенконың қайта сайлануына қарсы болды. Ол екеуіне елде жаппай толқулар ұйымдастырды деген айып тағылған. Егер олар айыпты деп табылса, 15 жыл түрме жазасын алуы мүмкін.

Тағы бірнеше оппозициялық тұлғаларға наразылық шарасын ұйымдастырды, қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыптар тағылды. Олар 3 жылға түрмеге жабылуы мүмкін.

Беларусьтің бұрынғы жетекшісі Станислав Шушкевич сот отырыстарына қатысты:

– Бұл өзі – саяси әрекет. Бұл – бұрмаланған сайлаудың жалғасы әрі қоғамды үркітетін шара. Сайлауда жеңіске жеткендердің кек қайтаруы, – дейді.

27 ОППОЗИЦИОНЕР ІСТІ БОЛДЫ

Желтоқсанның 19-ы күн мыңдаған адам көшеге шығып, Лукашенконың төртінші мерзімге қайта сайланғанына қарсылық танытқан еді. Ол рұқсат етілмеген шеруге Статкевич пен Вус та қосылған. Қазір 27 оппозициялық
Беларусь оппозициясының шеруі. Минск, 25 наурыз 2011 жыл.
тұлға сотқа тартылып жатыр.

Тағы бір экс-кандидат Алесь Михалевич шетелге кетіп, осы жылы Чехиядан саяси баспана алды.

Сот басталғаннан бері оппозициялық 14 белсендіге сот үкімі шығып, 2 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімде түрме жазасы берілді.

Сәрсенбі күні журналист Ирина Халип пен оппозициялық белсенді Павел Северинецтің де соты болды. Олар өздеріне тағылған «жаппай тәртіпсіздік жасады» деген айыпты мойындамайды. Бірақ сот айыпты деп таныса, олар 3 жылға абақтыға жабылуы мүмкін.

Журналист Ирина Халип – президенттіктен үміткер болған әрі соты жүріп жатқан Андрей Санниковтың әйелі. Ол әзірше үйқамақта отыр. Санников президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Лукашенкодан кейін екінші орында болған экс-кандидат. Ол қамауға алынған кезде соққыға жығылған. Санниковтың соты 27 сәуірде басталған болатын. Егер сот оны айыпты деп таныса, жаппай наразылық шарасын ұйымдастырды деген айыппен 15 жыл түрмеге жабылады.

БЕЛАРУСЬ БИЛІГІНІҢ ЕУРОПАҒА ЖОЛЫ ЖАБЫЛДЫ

Беларусь билігі сайлаудан кейін жиналған шерушілерді күшпен тарқатып, 60-ден аса адамды қамауға алды. Батыс елдері осыдан соң Беларусь билігінің Лукашенко бастаған 100 шақты өкіліне санкция енгізген еді.

Еуропа Одағының сыртқы саясат бойынша басшысы Кэтрин Эштон Минскідегі соттарға қатысты:

– Беларусь президенті Александр Лукашенко бізге жауап ретінде қатаң санкция салғаннан басқа таңдау қалдырмады. Ол шектеулер халықты күшпен басқан режимге, оның ішінде президент Александр Лукашенконың өзін нысанаға алды. Сонымен қатар біз азаматтық қоғамға қолдауымызды күшейтіп, адамдармен қарым-қатынасымызды жақсартуымыз керек, – дейді.

Минск оппозиция өкілдерінің сотын бақылап келе жатқан ресейлік адам құқын қорғаушы белсенділерді өткен аптада Беларусьтен шығарып жіберді.

Францияның ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні Беларусь соты оппозициялық «Ұлттық майдан» партиясының Минскідегі кеңселерін босатуды бұйырған. Партия жетекшілерінің ойынша, бұл ең ақыры партияның жабылуына себеп болуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG