Accessibility links

Беларусь министрі елді ерсі киімімен таңғалдырды


Беларусь президенті Александр Лукашенко (оң жақта) стандарт формамен келсе, ішкі істер министрі Игорь Шуневич (сол жақта) ерекше киімімен ел көзіне түсті. Минск, 9 мамыр 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (оң жақта) стандарт формамен келсе, ішкі істер министрі Игорь Шуневич (сол жақта) ерекше киімімен ел көзіне түсті. Минск, 9 мамыр 2015 жыл.

Беларусь ішкі істер министрі совет диктаторы Иосиф Сталиннің құпия полициясы, яғни НКВД формасын киіп шығып, халықты таңғалдырды. Осылай киіну арқылы оның не айтқысы келді?

Жеңіс күнінің құрметіне арналған әскери парад өтіп жатыр, Беларусь жоғары лауазымды шенеуніктерінің бәрі осында жиналған. Мұндай әскери-мерекелік шараға олар әдетте қалай киініп келуі мүмкін?

Мәселен президент Александр Лукашенко мен оған жақын жүрген адамдар дәстүрлі әскери киіммен: зәйтүн түстес форма киіп, барынша көп медаль тағып шығады. Болмаса заманауи костюм киіп, қызыл галстук тағуы мүмкін. (Ымырашылдық белгісі ретінде Беларусь лентасын оң жақ өңіріне, ресейлік Георгий лентасын сол жақ өңіріне қадап қоюы да ғажап емес).

«АДАМ ӨМІРІНІҢ ҚҰНЫ ТӨМЕНДЕГЕН»

Ал басқалардан ерекшелену үшін не істеу керек? Елдің ішкі істер министрі Игорь Шуневич ел назарын өзіне аударғысы келсе керек. Мамырдың 9-ы күнгі мерекеге ол НКВД әскерінің формасы – қара көк мундир киіп келді. 1943 жылғы формаға сай Шуневич тік жағалы көйлек, иықтан айқыш түсетін тапанша қабы, кең шалбар, ботфорт және көгілдір жиекті фуражка киген. ІІМ баспасөз қызметі Шуневичтің киіміне орай түсініктеме беруден бас тартты.

Отставкадағы генерал-лейтенант Мечислав Гриб «Шуневич Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі милиция формасын кию арқылы советтердің фашистік Германияны жеңгеніне құрмет көрсеткісі келген шығар. Бірақ мұндайды бірінші рет көрдім. Әдетте полиция мен әскерилер жаңа униформаларын киеді, себебі олар ескісіне қарағанда тартымды әрі сәнді ғой» дейді.

НКВД қызметкерлері мен Сталиннің жүздеген мың адамды «халық жауы» ретінде ату жазасына кескенін еске алғандар Шуневичтің мұнысын жаратпады. Мәдениеттанушы Сергей Харевский «Әрине, министр Шуневичтің әдеттен тыс униформамен шыққаны көңілді көрінуі мүмкін. Бірақ біреу адамдардың азабы мен өлімінен аттап, жиынға сол зұлматтың костюмін киіп келсе, оны адам өмірінің құнын кемітті деп қабылдау керек» дейді.

Советтік кезеңді қатты аңсайтын Лукашенко қоғам алдында бұған қатысты ештеңе айтпады. Беларусь елінің ішкі барлау қызметі әлі күнге дейін КГБ деп аталады.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG