Accessibility links

«Еуропадағы соңғы диктатор» неге орнында қалды?


Александр Лукашенко, Беларусь президенті. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл

Александр Лукашенко, Беларусь президенті. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл

Батыс баспасөзі Еуропа Одағының Беларусьтегі демократиялану процесіне ықпал етуге дәрменсіз болып шыққанын жазады. Басылымдар «Лукашенко бұл жолы да билігін сақтап қалу үшін қайтадан Ресейдің құшағына енді» деген пікір айтады.

Ұлыбританиялық Independent («Индепендент») газетінің желтоқсанның 21-і күнгі санында жазылғандай, «Еуропаның соңғы диктаторы» деген атпен мәлім Александр Лукашенко Беларусьтегі соңғы сайлаудан кейін өзіне қарсы шыққандарды басып-жаныштай отырып, елде «жалған демократияға» жол бермейтінін мәлімдеген.

САЙЛАУДЫҢ СОҢЫ

Independent келтірген ресми мәліметтерге қарағанда, Александр Лукашенкоға барлық сайлаушылардың 80 пайызға жуығы дауыс берген. 1994 жылдан бері билік басында келе жатқан бұрынғы колхоз төрағасы Лукашенко елді тағы бес жыл басқаратын болды.

Ал желтоқсанның 19-ы, жексенбінің түнінде Минскіде мыңдаған адам сайлау қорытындысына қарсылық білдіріп, шеруге шықты. Полиция шерушілерді аяусыз басып-жаныштады. Оппозициядан президенттікке үміткер Владимир Некляев қарсылық танытқан жақтастарын алаңаға бастап алып шыққаны үшін соққыға жығылған. Басынан соққы алған кандидат ауруханаға жеткізілген. Ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында оның көмекшісі бірнеше адамның Некляевті түн ортасында ауруханадан алып кеткенін айтты.

Желтоқсанның 20-сында сайлауда Лукашенкомен бірге сайлауға түскен жеті кандидат тұтқынға алынған. Ал Лукашенко барлығы 639 адамның қамауға алынғанын айтады.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті өкілдері сол күні елдегі Беларусь Азаттық Театрының негізін қалаған Владимир Калезинді де белгісіз жаққа алып кеткен. Оның әйелі, сол театрдың мүшесі Наталья да қамауға алынған.

Осылайша оппозицияның бас көтеруі нәтижелі бола қоймады. Оппозиция жетекшілері қамауға алынған күні елді ары қарай бас көтеруге шақырған ұрандар болғанымен, ол жалпыхалықтық сипатқа ие болмады деген ой айтады Independent.

Жалпы, сайлау барысына қатысты екіжақты пікірлер көп. Бұған дейін сарапшылар Ресеймен әңгімесі жараспай қалған Лукашенко Еуропаның қаржылық көмегінен дәметіп, сайлауда көрер көзге демократия талаптарын сақтауға тырысуы мүмкін деген пікірлер айтқан болатын. Алайда ЕҚЫҰ оппозициялық күштер шеруін қатаң басып тастаған Минскіні айыптап, көп жерлерде сайлаушылар дауысын санау барысының бұрмаланғандығын мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Лукашенко ЕҚЫҰ-ның айыбын жоққа шығарып, оппозиция жетекшілерін «бандиттер» ретінде көрсеткені туралы жазады Independent. Басылым Лукашенконың елдегі интернетке «тұсау» салғанын, сайлау өткен күні бүкіл елде Facebook пен Twitter сияқты бірқатар интернет ресурстары жұмыс істемей қалғанын да мысалға келтірген.

Жоғарыда айтылған жайттардан кейін оппозицияның ендігі жайы қалай болары белгісіз. Қамаудағы оппозиция жетекшілері түрмеге тоғытыла беруі де мүмкін. Ал билікпен ымыраға келіп, тұтқындалмай қалған екі кандидаттың бірі, белгілі экономист Ярослав Романчук өзге оппозиция басшыларын елде тәртіпсіздіктерді тудырғандары үшін сынады. «Кейінірек оның Беларусь президентінің қабылдауында болып, өзінің экономикалық бағдарламасын талқылағаны белгілі болды», - деп жазады Independent.

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ЕСЕК ДӘМЕСІ

Тағы бір ұлыбританиялық Guardian («Гардиан») газетінің желтоқсанның 21-і күні жазғанындай, осы жолы да «сыннан сүрінбей» өткен Лукашенко алғашқы екі сайлаудағы жеңістерінде Ресейдің саяси және экономикалық қолдауына иек артып келген. Украина мен Грузия 2003 және 2004 жылдары «түрлі-түсті төңкерістер» кезінде Батысқа бағыт алғанда, Мәскеу Минскіге үміт артқан. Алайда, 2007 жылы Ресейдің энергетика алпауыты «Газпромның» газ салығын өсіруіне байланысты даудан кейін екі елдің арасы суып кетті. Бұған кейбір саяси мәселелердегі келіспеушіліктер де қосылғанын жазады Guardian.

Guardian Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңес ұйымының сарапшысы Эндрю Уилсонның «беларусь басшысы саяси еркіндіктің орнын әлеуметтік гүлденумен толықтырып отыр, яғни ол орта таптың қалауынан шығып отыр» деген сөздерін келтіреді. Лукашенконың сайлаушылар көңілінен шыққан басты көзірі – тұрақтылық пен тәртіп сақтап, жұмыспен қамту сияқты әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлуі екенін атап өтеді басылым.

2007 жылы Ресейдің саяси-экономикалық қолдауынан айырылған Лукашенко Қытай, Венесуэла және Еуропалық Одақ елдерімен жақын байланыс орната бастады. Адам құқықтары мен сайлау мәселелерін алға тартқан Еуропалық Одақ пен АҚШ бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. 2009 жылы Брюссель Минскіні жаңадан құрылып жатқан «Шығыс әріптестік» сауда ұйымына кіруге шақырса, Сильвио Берлускони бастаған батыс саясаткерлері Лукашенко билікке келгеннен бері бірінші рет Беларуське ресми сапар шекті. Солайша Еуропалық Одақтың Беларусьпен сауда-экономикалық байланыс орнатуға қатты құлшынғанын атап өтеді Guardian. Басылым Минскіде болған Германия мен Польша сыртқы істер министрлерінің, Литва президентінің Лукашенкоға сайлауды әділ өткізген жағдайда Еуропалық Одақ қаржылай көмек көрсететуге әзір екенін мәлімдегені туралы жазады.

Басында Лукашенко сайлау тәртібін оңайлатып, цензураны азайтып, президенттікке оппозициядан үміткерлерге телеарналардан сөйлеуге рұқсат беріп, Еуропалық Одақтың көңілінен шыққандай болды. Алайда желтоқсанның 19-ында оппозиция жетекшілері мен олардың жақтастарын қудалап, күш қолданып, сын сағатта сүрінген Лукашенко Минск мен Брюссельдің қарым-қатынасына қайта сызат түсіргенін атап өтеді Guardian.

Еуропалық Одақтың Беларусьтегі жағдайды өзгертуге бағытталған әрекеті неліктен жүзеге аспады деген мәселеге қатысты Одақтың сыртқы істер министрі Кэтрин Эштонның "Минскімен қарым-қатынас орнату кезінде Одақ елдері біржақты, өзара байланыссыз қадамдар жасады, ендігі жерде еуропалық мемлекеттер халықаралық қатынастарда бір кісідей қимылдауы керек" деп мәлімдегенін еске салады Guardian.

РЕСЕЙДІҢ ҚҰШАҒЫНА ҚАЙТА ЕНУ

Бірақ Беларусьтегі сайлау нәтижесінің өзгеруіне өзге бір фактор ерекше әсер еткені туралы жазады Guardian. Шешуші сәтте шалт қимылдаған Ресей Лукашенконы Мәскеуге энергетика мәселелерін шешуге және Кедендік Одаққа қосылуға шақырып, Мәскеу-Минск байланысын қалпына келтірді. Ал сайлаудан кейін сөз алған Ресей президенті Медведев оппозицияның қарсылығына елдің ішкі жұмысы деп баға берсе, премьер Путин «Ресейге қатысты ашық саясат ұстанған» «батьканы» мақтап алды.

Қалай болғанда да, бес жылға қайта сайланған Александр Лукашенконың алдында бірнеше проблема тұр. Беларусьтің сыртқы қарызы ІЖӨ-нің 52%-ын құраса, мемлекетке тәуелді экономикада модернизациялау жүргізілмеген. «Батьканың» ендігі бағыты қалай өзгермек – бұл бір мәселе. Оның үстіне тоғыз жарым миллион беларусьтың саяси либерализмге қатысты талап-тілегі де өсіп келеді. Сондықтан да «алдағы бес жыл Лукашенконың соңғы мерзімі болып шығуы бек мүмкін. Ондай жағдайда Мәскеу де, Брюссельде оны құтқарып қала алмайды» деп түйеді Guardian.
  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG