Accessibility links

Өзіне қол жұмсаған ананың 11 баласы қалды


Екатерина Онохова (соңғы қатарда оң жақта тұр) мен жұбайы Александр (ортада) балаларының арасында. 2010 жыл.
Екатерина Онохова (соңғы қатарда оң жақта тұр) мен жұбайы Александр (ортада) балаларының арасында. 2010 жыл.

Беларусьте 11 бала тәрбиелеп отырған Екатерина Онохова өзіне қол жұмсап, өмірден озды. Тоғыз жетім балаға пана болған оның қазасынан соң бала асырап алатын ата-аналар мәселесі айтыла бастады.

Бір баланы бағудың өзі қиын. Мамандығы психолог Екатерина Онохова 11 баланы оқытып, тәрбиелеуге күш-қуаты жететін жігерлі адам еді. Өзінің екі баласы бар 39 жастағы Онохова 2 мен 18 жас арасындағы тоғыз баланы асырап алған.

Ол үй шаруасымен қарбаласып жүріп, интернет қарауға да, тіпті 20 мыңдай тұрғыны бар Пружан қаласындағы басқа да аналарға уақытты тиімді пайдалану туралы ақыл-кеңес беруге де үлгеретін. Онохова зумба дене шынықтыру курсын ашқан. Ол тіпті көшеде қалған күшік-мысықтарды да асырап алатын.

Бірақ қазан айының 28-і күні Онохованың қажыр-қайраты таусылған сияқты. Ол өз үйінде асылып қалған. Тергеушілер үйден қылмыс ізін таппады.

Бұл хабар Пружан тұрғындарына жай түскендей әсер етті. Қала тұрғындары өмірге құштар Оноховоға не болғанын білмейді. Аты-жөнін атағысы келмеген әйел:

- Ол әлі жас еді. Бәлкім, үйінде бір проблема болған шығар. Өмірде бәрі болады ғой. Жауапкершілік ауыр болып кетті ме екен - 11 баланы бағу деген оңай емес. Өзім де бала бағып отырмын - әлі көп нәрсені білмеймін. Кейде екі балаға ие бола алмай қаламын. Ол 11 бала бақты, - дейді.

ОТБАСЫЛЫҚ ҮЛГІДЕГІ ЖЕТІМДЕР ҮЙІ

Екатерина Онохова мен жұбайы программист Александр барлық балаларымен бірге жетімдер үйінің қасында арнайы салынған отбасылық үлгідегі балалар үйінде тұрды.

Жетім балаларға арнап салынатын мұндай үйлер Беларусь, Ресей және Шығыс
Екатерина Онохова мен жұбайы Александр.
Екатерина Онохова мен жұбайы Александр.
Еуропаның бірқатар елдерінде көбейіп келеді. Мамандар бұл жүйені жетімдер үйінің жақсы баламасы санайды.

Ерлі-зайыптылар Санкт-Петербург қаласында оқып, диплом алған соң Пружанға оралған. Олар жетім балаларға бақыт сыйлағысы келді.

Ақпарат құралдарына жиі сұхбат беретін Онохова жеке тәжірбиесін басқалармен бөліскенді ұнататын. Ол жағдайы жақсы, ауқатты адамдарға жетім балаларды асырап алып, қоғамға пайдалы адам етіп тәрбиелеу туралы насихат айтатын.

Беларусь сияқты бұрынғы совет елдерінде жетім балалардың жағдайы қиын. Беларусте жетім балалардың саны 24 мың деген ақпарат бар. Соңғы сегіз жылда 7 мың баланы Беларусь азаматтары, кейбірін шетелдіктер асырап алған. Беларусте Ресейдегідей АҚШ азаматтарының бала асырап алуына
Екатерина Онохованың отбасылық балалар үйі.
Екатерина Онохованың отбасылық балалар үйі.
тыйым салынбаған. Бірақ мыңдаған бала әлі де үкіметтің қарауындағы жетімдер үйінде өсіп жатыр. Оларға дұрыс жағдай жасалмаған. Білімдері де, болашақ өмірге деген дайындықтары да нашар.

Құқық қорғаушылар «отбасылық үлгідегі жетімдер үйі - мұндай балаларға жетіспейтін мейірімді табуға қолайлы жүйе» деп санайды.

Бірақ Беларусьте мұндай үйде тұруға келісетін адам табу қиын. Себебі үкімет оларды үнемі бақылап отырады, әрі жұрт жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейді.

«ҚАЖЫР-ҚАЙРАТЫМ ҚАЛМАДЫ»

Өлерінен бір күн бұрын Онохованың блогына жазған сөздеріне қарап, көңіл-күйінің бұзылғанын байқауға болады.

Олар жеті жасар баласының туған күнін отбасымен бірге тойлау үшін серуенге шықпақ болған. Бірақ сол күні үкімет инспекторы серуенге шығуға тыйым салған. «Міне, енді отырмыз күтіп. Телефонмен «көлік жоқ» дей салды. Дүйсенбі ғана береміз дейді. Шура (күйеуін айтады – ред.) балаларды өзім апарып-алып қайтамын деді. Олар (инспекторлар – ред.) оның ұсынысын естімеген сыңай танытты. Осыдан соң қатты ауырып отырмын» деп жазған Екатерина Онохова.

Кейбір тұрғындар «Онохованы өлімге итерген - өмірі бітпейтін тексерулер» деп топшылайды. Енді біреулер «депрессия, ауа-райының әсері» деген болжамдар
Екатерина Онохованың зумба мектебі.
Екатерина Онохованың зумба мектебі.
айтады. Онохова әйелдерге «өзіңе де уақыт бөл» деп жиі кеңес айтатын. Кейбір тұрғындар оның өзіне көңіл бөлуге шамасы болмай кеткенін айтып, өлім себебін осыған жориды.

Онохова көп марапатталды. 2010 жылы оған «Ана» ордені берілді. Бірақ Онохованың өзінің бала тәрбиелеу тәжірибесіне көңілі толмайтыны да байқалған еді.

Оның бір құрбысы отбасылық үлгідегі жетімдер үйін ашып, кейін оны тастап кетті. Оноховаға бұл да әсер етуі мүмкін.

Ол блогында «Махаббат пен мейірім табатын жалғыз жер – үйің. Дұшпандар - сыртта. Бұдан ары өтірік күліп, жалбақтап жүруге, бітпейтін кедергілермен күресуге қажыр-қайратым қалмады» деп жазған.

Онохованың соңында қалған балалардың болашағы әзірге белгісіз. Балаларды қорғау мекемесінің әлеуметтік қызметкері Татьяна Гомончуктің пікірінше, «енді балаларды Александр Онохов асырауы мүмкін».

- Балалар мәселесі әлі шешілген жоқ. Әлбетте, біз бұл мәселені отбасымен және туыстарымен бірге отырып шешеміз. Бірақ балалардың бәрін біз қайтарып ала алмаймыз, - дейді Гомончук.

Александр Онохов әйелі қайтыс болғалы журналистермен сөйлеспейді. Азаттық тілшісімен интернет арқылы тілдескенде 11 баламен жалғыз қалған ол «Қиындықты жеңеміз» деп қысқа қайырды.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG