Accessibility links

Лукашенконың уытты сөздері


Беларусь президенті Александр Лукашенко президент сайлауына дауыс беру кезінде сұхбат беріп тұр. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко президент сайлауына дауыс беру кезінде сұхбат беріп тұр. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл.

Қызыл тілге жүйрік Беларусь президенті Александр Лукашенконың кейде ойланбай сөйлеп жіберетіні де бар. Азаттық жиырма жыл билікте отырған басшының айтқан сөздеріне шолу жасады.

«ЕУРОПА – ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ»

Адам құқын сақтамады деген айыппен Лукашенконың Еуропаға кіруіне санкция салынған, қазір ол батысқа көп бара алмайды. Бірақ бұрын жағдай басқаша еді.

1998 жылы ол швейцариялық Кран-Монтана курортында өткен саяси және экономикалық форумға қатысты. Оны басқа қонақтар салқын қабылдады, солайша сапардан ләззат алмады.

«Менің ойымша, бұл демократия емес, хайуанаттар бағы... Бұның бәрі біз күткендей болды, бірақ ауқымы да, пішімі де ойдан шықпады. Бір сөзбен айтқанда, хайуанаттар бағы демеске амал жоқ» деген ол.

«БҰРМАЛАУШЫЛАР КЕРЕК ЕМЕС!»

2001 жылы Лукашенко қайтадан сайлауға түскенде Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сайлауға бақылаушылар жібермек болды.

«Бізге дауыс нәтижесін бұрмалайтын шетелдік жүйе керек емес! Біз өзіміздің жеке, мемлекеттік жүйемізді құрамыз!» деді ол мемлекеттік телеарнадан.

ОБАМА КІМГЕ ҰҚСАЙДЫ?

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

Лукашенко мен АҚШ президенті Барак Обама арасында ұқсастық бар деп ешкім айта алмас. Бірақ Беларусь басшысы басқадай пікірде екен.

«Обамаға қарадым, жас әрі сымбатты жігіт. Оны алғаш көргенде аядым. Ол Совет одағы ыдырағаннан кейін билікке келген Лукашенкодан аумайды» деді ол 2008 жылы Обама алғаш рет президент болып сайланғанда.

ДИКТАТОР ҚЫЗЫҒАТЫН АДАМ

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (оң жақта).

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (оң жақта).

2012 жылы Лукашенко Рейтер агенттігіне сұхбат берді. Сонда оған «Еуропаның соңғы диктаторы деген атауды қалай қабылдайсыз?» деген сұрақ қойылды. Лукашенкоға ондай атақ ұнаған тәрізді.

«Мен диктатор деп кімді айтатынын жете түсінбеймін, бірақ кейде өзіме (жақсы мағынада) қызғана қараймын. Мен Еуропаның соңғы әрі жалғыз диктаторымын, әлемде ондай ешкім жоқ» деген Лукашенко.

ГЕЙДЕН ҚОРҚАТЫН ДИКТАТОР

Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле.

Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле.

2012 жылы Еуропа одағы Лукашенкоға қарсы санкцияны созу мәселесін талқылады. Белоруссия басшысы осы кезде тағы да «диктатор» атауына оралды, бұл жолы сол кездегі Германияның сыртқы істер министрі, гей екенін жасырмайтын Гидо Вестервеллені кекетті.

«Олар диктатор деп айғайлап жатыр. Мен оны естіген кезде гей болғаннан диктатор болған артық деп ойладым» деді ол.

«МЕНІ ЕШКІМ КҮЗЕТПЕЙДІ!»

Александр Лукашенко ұлы Николаймен бірге.

Александр Лукашенко ұлы Николаймен бірге.

Сайлау қорытындысы бұрмаланды, басқаша ойлайтындарды жазалады деген айыптар жиі тағылса да, Лукашенко өзін халықтың адамы, қарапайым тұлға ретінде көрсетуге тырысады.

2012 жылы берген сұхбатында ол тіпті президент сарайында күзетшілер тұрмайтынын айтты.

«Терезеден қараңыз. Сарай сыртындағы қорғанды көріп тұрсыз ба? Ол жерде күзетшілер бар ма? Бұл елде ешкімге қауіп жоқ» деді Беларусь президенті.

ДОСТОЕВСКИЙГЕ «СІЛТЕМЕ»

2012 жылы 8 мамыр күні халыққа жасаған жолдауында президент Лукашенко орыс классигіне сілтеме жасап, өзінің деспоттық билігін ақтауға тырысты.

Орыс жазушысы Федор Достоевский.

Орыс жазушысы Федор Достоевский.

Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» шығармасынан дәйектеме келтірген ол: «Данышпан жазушы дұрыс айтқан, адамға еркіндіктен өткен ауыр міндет жоқ. Еркіндікке қолы жеткен адам мойнына үлкен міндет алғанын сезінеді, бостандық – өзіңе жауапкершілік жүктеу деген сөз. Адам өзі шешім қабылдап, сол шешімі үшін жауап беруге тиіс» деді.

Бұл пікірді негізінде шығарма кейіпкері, Ібіліске қызмет ететін Ұлы инквизитор айтады, жазушының өзі онымен келіспейді.

«КҮШТІ» ЖІГІТ

Александр Лукашенко ұлымен бірге хоккей айдынында. Минск, 8 қыркүйек 2011 жыл.

Александр Лукашенко ұлымен бірге хоккей айдынында. Минск, 8 қыркүйек 2011 жыл.

Лукашенко авторитарлық билігін ақтау үшін Совет одағы тарағаннан кейінгі жылдарды алға тартады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы берекесіздік соның бәріне айыпты дегісі келеді.

Бірақ 2013 жылдың қазан айында, жыл сайын өтетін баспасөз мәслихатында Александр Лукашенко қылмыспен күресті «бетке ұрып» жүргізетін кезеңді аңсағандай көрінді.

«Бұзақымен оның өз тілінде сөйлесу керек, сонда ғана сізді түсінеді» деді ол.

Диана Кьюканың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG