Accessibility links

Караджич геноцид айыбымен 40 жылға сотталды


Бұрынғы Югославия істері бойынша өтіп жатқан Халықаралық трибуналда отырған Радован Караджич. Гаага, 24 наурыз 2016 жыл.

Бұрынғы Югославия істері бойынша өтіп жатқан Халықаралық трибуналда отырған Радован Караджич. Гаага, 24 наурыз 2016 жыл.

БҰҰ трибуналы бұрынғы босниялық серб командирі Радован Караджичті 1992-1995 жылдары Босния азамат соғысы кезіндегі геноцид пен басқа да қылмыстарға айыпты деп танып, 40 жылға соттады.

Бұрынғы Югославия істері бойынша өтіп жатқан Халықаралық трибунал (БЮХТ) наурыздың 24-і күні Гаагада Караджич 1995 жылы Сребреницада қаза тапқан 8 мыңға жуық мұсылман ерлер мен ұл балалардың ажалына айыпты деген үкім шығарды. Төрағалық етуші судья О-Гон Квон Караджич Сребреницаны жаулап алып, қаладағы мұсылман ерлерін қыруға бұйрық берген деп мәлімдеді. Бірақ сот оның геноцид ұйымдастырғаны үшін сотталғаны жөнінде тым қысқа айтты.

Босниялық Серб Республикасының жоғарғы қолбасшысы болған Караджич босниялық сербтер БҰҰ бітімгерлерінен қалған баспананы басып алып, Сребреницада қанды қырғын жасаған кезде олардың басшысы болған.

Әскери қылмыс жөніндегі трибунал Караджичті адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру, қырып-жою, күштеп қоныс аударту фактілері бар) босниялық серб күштері таласқан қалалар мен ауылдардан босниялық мұсылмандар мен хорваттарды күштеп шығару кампаниясына қатысқаны үшін айыпты деп таныды.

Босния мен Герцеговинада теледидардан Караджичтің сотын көріп отырған мұсылман әйелдер. Сараево, 24 наурыз 2016 жыл.

Босния мен Герцеговинада теледидардан Караджичтің сотын көріп отырған мұсылман әйелдер. Сараево, 24 наурыз 2016 жыл.

Мұнан бөлек, судья Караджичті Босния астанасы Сараевоны 44 ай қоршауға алғанда адам өлтіру, қала тұрғындарына шабуылдау және қорқытып-үркіту әрекеттері үшін де қылмыстық жауапқа тарту керек деп үкім шығарды.

Квонның айтуынша, өзінің саяси мүддесін жүзеге асыру үшін Караджич қалаға мергендер мен артиллерия кіргізіп, қала тұрғындарына оқ жаудырған. Үкімді күткен Сараево тұрғындарының көбі Караджичтің өмір бойы бас бостандығынан айырылмағанына наразы болды. Бұл туралы Азаттықтың Балқан қызметі тілшісі хабарлады.

Бұрынғы Югославия істері бойынша өтіп жатқан Халықаралық трибунал соғысқа қатысқан басқа босниялық сербтерді Сребреница қырғыны мен өңге де қылмыстары үшін өмір бойы түрмеге қамау туралы үкім шығарған еді.

Жалпы алғанда Караджич тағылған 11 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп танылды. Оның құқықтық кеңесшісінің айтуынша, үкімді естіген Караджич «қапаланған әрі таңғалған» және бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым беруді жоспарлап отыр.

Журналистермен сот залынан тысқары жерде кездескен Питер Робинсон «Ол дәлел емес, ойша пайымдаудың нәтижесінде сотталғанын сезіп отыр, сондықтан қайтадан шағымданады» деді. Апелляциялық соттың үкімді қарауы бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Ісі сотта 497 күн қаралған Караджичтің жасы 70-те, денсаулығы жақсы. Ол өзін айыпты санамайды. Босниялық сербтердің бұрынғы әскери жетекшісі 2008 жылы Белград маңында тұтқындалды, ол ұсталғанға дейін 11 жыл бойы қашып жүрді. Сребреница құрбандарының ондаған туыстары сот ісінің соңғы күнінде үкімді тыңдау үшін Гаагаға келді.

Ұлы Сребреницада құрбан болған Мунира Субашич үкім шығарар алдында «жаңа буынға, әсіресе өшпенділіктерін жоя алмай келе жатқан сербиялықтарға Боснияда шын мәнінде не болғанын көрсету өте маңызды» дейді.

20 жылдай уақыт бұрын болған соғыста екі жақтың әскерінен 100 мыңдай адам опат болды, Босния сол кезеңде этникалық жікке бөлінді, қазір де мұның жаңғырығы сақталған. Караджич сол оқиғаның айыптысы ретінде сотқа тартылған ең жоғары лауазымды шенеунік.

Гаага трибуналында отырған Слобадан Милошевич.

Гаага трибуналында отырған Слобадан Милошевич.

Трибунал алдында жауап беруге тиіс одан шені жоғары адам Сербияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич еді, ол үкім шықпай жатып, 10 жыл бұрын түрмеде дүние салды.

Босниялық серб жасақтары қолбасшысы болған генерал Ратко Младич -Сребреница қырғынына қатысты тұтқындалған соңғы күдікті. Ол қазір БҰҰ түрмесінде сот үкімін күтіп отыр.

Бұрынғы психиатр және өзін ақын санайтын Караджич Югославияның ыдырауы кезінде Серб ұлтшылдар платформасының билігіне келді, Босния азаматтық соғысын өршіту жолында көп рөл атқарды. Оның бұрынғы қызметіне шолу жасаған журналистер Караджич босниялық сербтерді жаңа мемлекет деп жарияланған Босниядан бөлініп, Сербияға қосылуға көндіру үшін кәсіби психиатр дағдысын қолданған дейді.

Азаттықтың Балқан қызметінің тілшісі Гордана Кнежевич «Караджичтің психиатр болғанын ұмытпау керек, оның мамандығының бірі әлеуметтік психология болатын» дейді. Сол кезде ол Сараевада күн сайын шығатын «Ослободжене» газетінің редакторы еді. «Ол әлеуметтік топтармен қарым-қатынас жасағанда өзінің осы саладағы білімін пайдаланатынын байқап жүрдім» дейді Кнежевич.

Оның айтуынша, Караджичтің ұлтшылдық сипаттағы үндеулері біраз адамдарға ұнаған, себебі ол ұрандар бұрынғы югославиялық республиканың этникалық топтар арасындағы ынтымақтастық туралы мемлекеттік саясатына мүлдем кереғар еді.

«Ол билікке ұлтшылдық идеясы өршіп тұрған кезде келді, қарапайым ұлтшыл пікірлерін айтты, бұрын тыйым салынған сөздерді айта бастады. Бұрынғы Югославияда барлығын айтуға болатын, бірақ басқа ұлттық топтар туралы жаман айтуға болмайтын еді – кенеттен саяси қалыпқа бағынбайтын біреу шықты, бәрі оны тыңдай қалды» дейді Кнежевич.

ИНФОГРАФИКА: Сребреница құрбандары

1992 жылы өзін-өзі мемлекет деп жариялаған «Босниялық сербтер республикасына» басшы болып сайланған Караджич аумақтық экспансия кампаниясына қатысты, босниялық сербтер мен хорваттарды аяусыз қудалап, қырып-жойып, зорлық-зомбылық көрсетіп, жер аударды.

Соғыс кезіндегі Сребреница қырғыны мен басқа да сұмдық әрекеттерден соң әлем халқы босниялық серб жасақтарының әрекеттерін айыптап, олар туралы жағымсыз пікір қалыптасты. НАТО әуе шабуылдарын жасап, шиеленісті тоқтатуға күш салды.

Караджич сот тергеуінде өзі бақылаған аумақта «этникалық қуғын» ұйымдастырғанын мойындамады. Ол ел азаматтарына қарсы зорлық-зомбылық жасады деп босниялық мұсылмандарды айыптады.

Ол қазан айында өткен сотта «Мен мұсылмандар мен хорваттарға зұлымдық ойлаған бірде-бір серб басшысын білмеймін» деді. Наурыздың 24-і күні үкім оқылар алдында Сербия премьер-министрі «Караджичтің тағдыры қалай шешілсе де, Белград Боснияның серб бөлігін қолдай береді. Сербия өз адамдарын серб шекарасынан тыс жерде де қорғауы тиіс» деп мәлімдеді.

Азаттық мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG