Accessibility links

Баня-Лукада жарылыстан қираған көне мешітті қайта тұрғызды


Жарылыстан кейін қираған Ферхадия мешітінің қалпына келтірілген қазіргі көрінісі. Баня-Лука, 5 мая 2016 года.

Жарылыстан кейін қираған Ферхадия мешітінің қалпына келтірілген қазіргі көрінісі. Баня-Лука, 5 мая 2016 года.

1993 жылы мамырдың 7-сі түн ортасында Босния-Герцеговинаның Баня-Лука қаласындағы сан ғасырдан бері келе жатқан Ферхадия мешіті жарылыстан тас-талқан болды.

Бірнеше минуттан соң тағы бір жарылыс болып қаланың екінші мешіті Арнаутича (Arnautija) талқандалды. Екі ғимараттан да ештеңе қалмады. Пәтері екі мешіттің ортасындағы аумақта орналасқан бір танысым сол аудандағы барлық ғимараттардың терезесі тас-талқан болғанын айтқан еді. Серб Республикасының ішкі істер министрігінің терезелері ғана аман қалды, жергілікті тұрғындар жарылыс алдында ашып қойған болар деп жорамалдайды.

Осы аптада, сол оқиғаға 23 жыл толғанда, қайта салынған Ферхадия мешіті ресми түрде ашылады. Бұл - қиратылған Мостар көпірінің 2004 жылы қайтадан ашылғаны мен 2014 жылы Сараево әкімдігінің қайтадан қалпына келуімен салыстыруға тұрарлық оқиға.

ФЕРХАДИЯ МЕШІТІ

Мамырдың 7-сі күнгі салтанатты шараға шамамен 20 мыңдай адам қатысады деп жоспарланған. Босниядан бөлінуге шақырған ұлтшыл үндеулерімен танылған Серб Республикасының президенті Милорад Додик жақында жаңа мешітке барып, үш әдемі парсы кілемін сыйға тартты.

Ферхадия мешітінің алдында тұрған адамдар. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

Ферхадия мешітінің алдында тұрған адамдар. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

2001 жылы екі тараптың арасында өшпенділік орнаған кезде шындыққа жанаспайтындай көрінетін әрекеттер енді жүзеге аса бастады. Бұл құлшылық ғимаратына қатысты іске асқан керемет тәрізді көрінеді.

Балқан елдерінің жағдайына келсек, шағын тарихтың өзі өте маңызды. Баня-Лука - Боснияның үлкендігі жағынан екінші қаласы, төрт ғасырдан бері Ферхадия мешіті оның ең көрнекті орыны болып келген еді. Мостар қаласындағы танымал көпір тәрізді бұл мешіт те 16-ғасырдағы Осман сәулет өнерінің үздік туындысы саналатын.

Аңыз бойынша, 1579 жылы Ферхадия мешіті салынып біткенде жұмысқа тапсырыс берген Ферхат паша құрылысшыларды мұнара ішіне қамап, өлтіруге бұйырған екен. Себебі олардың кейін осындай әдемі дүние жасауын қаламаған. Бірақ бір күні түн ішінде құрылысшылар қанат жасап алып, ұшып кетеді.

Ферхадия 1950 жылы мәдени мұра нысаны деп танылды және 1993 жылы қиратылғанға дейін ЮНЕСКО қорғауында болды. 1992-95 жылдағы босния соғысы кезінде Баня-Лукада ешқандай әскери әрекет болмады, бірақ қалада қасақана және жүйелі түрде «этникалық қуғын-сүргін» жасалды.

Серб Республикасының соғыс кезіндегі басшылары Радослав Брджянин мен Радован Караджич (екеуі де Гаагада адамзатқа қарсы қылмыс және геноцид жасады деп айыпталып, сотталды) үшін «таза қала» деген сөз мұсылмандар мен хорваттар мүлдем тұрмайтын қала дегенді білдіретін.

Ферхадия мешіті. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

Ферхадия мешіті. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

Баня-Луканың сербиялық емес мәдени мұрасын жою адамдарды ығыстырудың басы еді. Соғыс басталған кезде қала мұсылмандары жұмыс орнынан айырылды. Олардың мүліктері тәркіленді. Оларға қаладан кетіңдер деген бұйрық берілді.

Ферхадияны жару арқылы серб билігі мұсылмандарға нақты үндеу жасады: «сендердің ғибадат ететін орындарың жойылды, енді сендерді осында тұрады деп ешкім есептемейді». Қаладағы мұсылмандардың көбі кетті және Ферхадияның қираған орнын да тазалап тастады.

БОСНИЯНЫҢ ҮМІТІ

Бірақ тарихты өшіріп тастау оңай емес. 2001 жылы мешітті қалпына келтіруге рұқсат алынды, дегенмен құрылыс үнемі кедергісіз жүрді деуге келмейді. Қаржыландыру жағы қиынға түсті – Босния мемлекеттік қоры, жекелеген адамдардың қаржысы, Түркиядан келген қаражат көмектесті. 2001 жылы алғашқы іргетасты қалау кезінде біреулер бүлік шығарып, 30-дан астам адам жарақат алды.

Қайтадан салу күрделі әрі қажырлы еңбекті талап еткен іс болды. Белсенділер ғимараттың сынған бөліктерін табуға тырысты. Олардың біразын Врбас өзеніне лақтырыпты. Қалғаны Баня-Луканың қоқыс үйіндісінен табылды. Үлкен еңбекпен сынықтар табылды, содан соң Ферхадия мен Арнаутича мешіттерінің тастарын бір-бірінен ажыратып, бөлек жинады.

Сараеводағы архитектура факультетінің профессоры Мухамед Хамидович жобаның негізгі қозғаушы күші болды. Студент кезінде, 1970-жылдары ол Баня-Лукаға жиі барып, Ферхадияның сызбасын жасаған еді. Ол кезеңде профессор ғимараттың дизайнына ғана қызыққан, бірақ оның сол кезде түсірген өлшемдері мен сызбалары мешітті қалпына келтіру кезінде көп көмек берді.

Қайта тұрғызылған Ферхадия мешітіне келген адамдар. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

Қайта тұрғызылған Ферхадия мешітіне келген адамдар. Баня-Лука, 5 мамыр 2016 жыл.

Нәтижесінде 3500 астам бөлшек тастар қалпына келтірілді. Әр тастың орнын табу үшін компьютерлік бағдарлама жасалды. N1 телеарнасына берген сұхбатында Хамидович жаңа мешіттің 65 пайызы түпнұсқа тастардан қаланғанын айтты.

2014 жылдың қаңтарында алғашқы келушілер салынып бітпеген ғимаратта намаз оқығанда Хамидович еңбегі еш кетпегенін білді. «Үш адам дұға жасап, сыбырлап сөйледі. Олар жерде еш дыбыс, жаңғырық шықпады. Барлық дыбыс күмбезге көтеріліп, бір-бірімен араласып кетті, тура ескі Ферхадия тәрізді болды» дейді ол. Оның сөзін тыңдасаңыз, қанат бітіп, өлімнен құтылған құрылысшылар туралы аңыз есіңізге түседі.

1995 жылы Босниядағы соғыс аяқталғанда, Баня-Лукада соғысқа дейін халықтың 30 пайызын мұсылмандар мен хорваттар еді. Соғыстан кейін олардың кетіп қалғаны белгілі болды. Қазір олардың аз бөлігі ғана Серб Республикасының астанасына оралды. Соғысқа дейін бұл елдегі мұсылмандар саны 30 мыңға жуық болса, қазір бірнеше мың болып азайып қалған.

Жақында мен Прагада Баня-Лукадан келген бойжеткенмен таныстым. Ол - соғыстан кейін туған, білімді қыз. «Соғысқа дейін Боснияда түрлі этникалық топ өкілдері бірге тұрғаны рас па?» деп сұрады ол менен. Оның сауалы соғыс кезіндегі этникалық қуғынның қаншалықты қатты болғанын білдіретіндей.

Дегенмен Ферхадияның қайта салынуы үміт сыйлайды. Осындай кезде мен Караджич пен ол тәрізді өшпенділік тудырып, зорлық-зомбылық жасаушылар бұл соғыста жеңіске жете алмады дегенге иланғым келеді.

Гордана Кнежевичтің мақаласы ағылшынн тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG