Accessibility links

Адвокат: Диас Қадырбаев кінәсін мойындайды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).
Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Бостондағы жарылысты тергеу ісіне кедергі келтірмек болды деген айыппен АҚШ түрмесінде отырған қазақстандық Диас Қадырбаев кінәсін мойындауға келіскен. Бұл туралы оның адвокаты хабарлады.

Адвокат Роберт Стал Бостон марафонындағы жарылысты тергеу ісіне кедергі келтірмек болды деген айыппен сотқа тартылған қазақстандық студент Диас Қадырбаевтың өз кінәсін тануға келіскенін айтқан. Бұл туралы адвокатқа сілтеме жасап Boston Globe басылымы хабарлады.

Сталдың сөзінше, Қадырбаев 21 тамыз күні жергілікті уақытпен түстен кейін Бостонның округтік сотында өзінің "кінәлі екенін" жарияламақшы. Бірақ адвокат сот тыңдауына дейін іске қатысты егжей-тегжейлі айтудан бас тартқан. Boston Globe басылымы Диас Қадырбаевқа байланысты сот процесі 8 қыркүйекте басталатынын жазған.

Тергеу деректері бойынша, жарылыстан соң үш күннен кейін қылмысқа басты күдікті Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары - қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Шілденің 21-і күні Бостон қаласының өлкелік сотындағы сот алқасы Тәжаяқовты терактіні тексеруге кедергі келтірді деп таныған. Оған қатысты ақтық шешім қазанның 16-сы күні шығады деп жоспарланған.

Джохар Царнаевтың тағы бір танысы, америкалық Робел Филлипоске жалған куәлік берген деген айып тағылған. Оның үстінен қозғаған іс бойынша сот келесі айда басталмақ.

2013 жылы сәуірде Бостон марафоны кезінде бірінен кейін бірі болған екі жарылыста үш адам қаза тауып, 260-тай адам жараланған.

XS
SM
MD
LG