Accessibility links

Бразилияның орта табы толқып тұр


Бразилияның ірі қалаларында соңғы екі аптада 200 мың адам азық-түлік пен жолақының қымбаттауына, жемқорлықтың өсуіне наразы болып шеруге шықты.

Экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан Бразилия халқының бұлайша «оянуына» не себеп болды? Футболды ұлттық идеяға айналдырған ел неге әлем чемпионаты нысандарын салуға қарсылық көрсетіп отыр? The Times басылымының авторы осы сұрақтарға жауап іздейді.

«САЛАТ ТӨҢКЕРІСІ»

«Халық тұрмыстың қымбаттауына, қызмет сапасының нашарлығына және елді титықтатқан коррупцияға қарсы бейбіт наразылық шарасын өткізді. Бразилия демократиясы ешқашан мұнша жанданып көрген емес» деп жазады сарапшы.

Түркиядағыдай мұнда да жұрттың толқуына болмашы оқиға түрткі болды. Ол - автобуста жүру ақысының қымбаттауы. Наразы халық Бразилиа, Рио-де-Жанейро және Сан-Паулу сияқты ірі қалалардың көшелерін басып қалды.

Демонстранттар жас ағызатын газға қарсы сірке қышқылын қолданғандықтан, бұл қозғалысқа «Салат төңкерісі» деп айдар таққандар да бар. Дайындығы нашар полицияның әрекеті өткен аптада күш қолдануға ұласып кетіп жатты.

Бразилиядағы шерушілердің полициямен қақтығысы. Сальвадор қаласы, 20 маусым 2013 жыл.

Бразилиядағы шерушілердің полициямен қақтығысы. Сальвадор қаласы, 20 маусым 2013 жыл.


Сарапшының айтуынша, халықтың бұлайша көп жиналуына әлеуметтік желілер де әсер еткен. Елді көшеге шығарған себеп көп. Соның бірі - адам дамуы жағынан 85-орын алып отырған елде 2014 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатына 1 миллиард доллардың жұмсалуы.

«Соңғы жылдары азық-түлік бағдарламаларын жүзеге асыруға қыруар ақша жұмсалғанына қарамастан, мұнда миллиондаған адам күнделікті тойып тамақ ішпейді. Полицияны жемқорлық жайлаған. Есірткі қылмысының өршігені сондай, ол елдің саяси және бизнес элитасын халықтан оқшаулайтын дуал рөлін атқарып тұр» деп жазады ұлыбританиялық басылым.

«ДЕМОКРАТИЯМЫЗДЫҢ ҚУАТЫНЫҢ АЙҒАҒЫ»

Автордың ойынша, халықты көшеге алып шыққан нәрсе тек кедейлік емес, керісінше ел ауқатының молаюы, орта таптың «оянуы». «10 жылдық экономикалық өсімнің арқасында 40 миллион адам кедейліктен құтылды. Соңғы 14 жыл бойы кедей мен бай арасындағы табыс айырмасы азайып келеді. Бразилия – қаржы дағдарысынан соң экономикалық өсімге жеткен дамушы елдердің көшбасшысы. Бұл өсім қазір баяулады, бірақ елде жұмыссыздар көп емес» деп жазады автор.

Сол себепті үкіметке жаңа талаптар қоя алатын жаңа орта тап өсіп шықты. Олар көлемді салық төлейді, бірақ мектептер мен ауруханалардың, қоғамдық көлік қызметінің сапасына қанағаттанбайды. Орта тап әлеуметтік тұрғыда әділ мемлекетте өмір сүргісі келеді.

Бразилия президенті Дилма Руссефф (сол жақта).

Бразилия президенті Дилма Руссефф (сол жақта).


Басылым наразылықты күшпен басып тастауға тырысқан түрік үкіметінен гөрі Бразилия билігінің әлдеқайда дұрыс саясат жүргізгеніне назар аударады. Президент Дилма Руссефф бұл наразылық шараларын «біздің демократиямыздың күш-қуатының айғағы» деп атаған. Тайып Ердоған толқу басталған кезде Солтүстік Африканы аралап жүріп алса, Дилма Руссефф керісінше вице-президентін шетелде жүрген жерінен шақыртып алып, әскерге халықпен қақтығыспау туралы тапсырма берген.

Полиция оның айтқанын орындауға тырысты. Соның арқасында наразылық шараларының кейбірі мереке-думанға айналып кетіп жатыр. Бірақ полицияны шектеу жеткіліксіз. The Times авторы Бразилия басшылығы орта тапқа 21-ғасырдың деңгейінде қызмет көрсетуі тиіс деп санайды.

«СТАДИОН САЛУ МЕН ШЕРУШІЛЕР ТАЛАБЫ»

The New York Times басылымында жарық көрген осы тақырыпқа қатысты және бір мақала авторы Сан-Паулу қаласындағы наразылық шаралары мен қала әкімшілігінің оларға қатысты реакциясын жазған. «Бразилия өкіметі миллиондарды кедейліктен құтқардық деген ойға масаттанып жүріп, бас көтеріп келе жатқан орта тапты аңғармай қалды» деген қорытынды жасайды автор.

Қала халқы дүрлігіп жатқан сәтте Сан-Паулу қаласының мэрі, билік басындағы Жұмысшылар партиясының өкілі, әрі президент болудан үміттілердің бірі саналатын Фернандо Хаддад 2020 жылғы халықаралық жәрмеңкені өткізу құқығын жеңіп алу үшін Парижге аттанды. Мақала авторы «Бұл да - шығыны көп халықаралық шара. Ал демонстранттар дәл осындай науқандарға ақша шашуға қарсы» деп жазады. Шерушілер Хаддадтың кеңсесінің терезесін сындырып кеткен.

Мыңдаған шерушілер көшеде жүр. Бразилия, 19 маусым 2013 жыл.

Мыңдаған шерушілер көшеде жүр. Бразилия, 19 маусым 2013 жыл.


Автор «Жұмысшылар партиясы кезінде демократиялық билік орнатамыз деген ұрандармен билікке жетті. Бұл партия енді жемқорлық, қызмет сапасының нашарлығы елді құрдымға сүйреп бара жатқанын көріп, дағдарып отыр. Билік футболдан әлем чемпионаты (Бразилия, 2014), олимпиада ойындары (Рио-де-Жанейро, 2016) арқылы елдің халықаралық беделін көтеруді көздеген. Бірақ жемқорлық пен қызмет сапасына наразылық бұл шараларға деген қарсылыққа ұласты» деп жазады.

«МЕКТЕП ПЕН АУРУХАНА ДА «ФИФА СТАНДАРТЫМЕН» САЛЫНСЫН»

АҚШ басылымы өткен сәрсенбіде ондаған мың адам Сан-Паулудағы жаңадан салынған стадионның қасында наразылық шарасын өткізіп, елдегі мектептер мен ауруханаларды да «ФИФА стандарттарына» сай етіп салуды талап еткені туралы жазады.

Datafolha зерттеу ұйымы өткізген сауалнама нәтижелері бойынша, Сан-Паулу тұрғындарының 77 пайызы бұл наразылық шараларын қолдайды. Осыдан бір апта бұрын наразылықты 55 пайыз халық қолдаған еді. Тіпті қала әкімшілігінің қоғамдық көлікте жүру бағасын қайта арзандату туралы шешімі елдің наразылығын бәсеңдете алмаған. Бұл жолақының қымбаттауы тек наразылық шеруіне шығуға сылтау болғанын көрсетеді. Бұл Бразилияда билікке жаңа талаптар қоя алатын орта таптың көбейгенін білдіреді. Енді билік басындағыларға олардың пікірімен санаспасқа амал жоқ.

Жемқорлық пен мемлекеттік қызметтердің сапасының нашарлығына қарсы шыққан шеруші полициядан қашып келеді. Бразилия, Сан-Паулу, 18 маусым 2013 жыл.

Жемқорлық пен мемлекеттік қызметтердің сапасының нашарлығына қарсы шыққан шеруші полициядан қашып келеді. Бразилия, Сан-Паулу, 18 маусым 2013 жыл.


Бразилия президентінің кеңесшісі Гильберто Карвальо сенатта сөйлеген сөзінде «Болып жатқан жайтты толық түсініп отырмыз деуге болмайды. Біз жағдайды жан-жақты саралауымыз керек» деген.

Кампинас университетінің профессоры Маркос Нобре «Көшелерде демократиялық дүмпу болды. Жұмысшылар партиясы елдің барлық прогрессивті күштерінің атынан билік жүргізіп отырмыз деп өзін алдарқатып келіпті. Бұл партияның билікте отырғанына 10 жыл болды. Олар көп нәрсе тындырды. Бірақ Жұмысшылар партиясы қазір басқарушы элитаға айналып кетті» дейді.

Социолог Марселу Ридентидің америкалық басылымға айтқан сөзіне қарағанда, «Үкіметтің өмір сапасын жақсартып, кедейлікті жоюдағы әрекеттерінің арқасында халықтың талабы да артты. 2000-2011 жылдар аралығында елдегі студенттер саны екі есе көбейді. Бұл қоғамды қатты өзгертті, қазір жастар жай ғана жұмыс емес, жақсы жұмыс беруді талап етеді».

XS
SM
MD
LG