Accessibility links

ИМ әйелдері жанкешті бола ала ма?


ИМ тобындағы содыр әйелдердің Twitter желісіндегі суреті.
ИМ тобындағы содыр әйелдердің Twitter желісіндегі суреті.

ИМ тобы жуырда жариялаған трактатында әйелдердің «жихадқа» қандай жағдайда және қалай қатыса алатынын түсіндірген.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобындағы әйелдер жанкешті бола ала ма? Рұқсат етілген жағдайда олар өз-өзін қалай жарып жібермек? «Жихад қалыңдықтары» винтовка немесе Калашников автоматын қандай жағдайда қолдана алады? Содырдың болашақ қалыңдығы іс тігудің қандайын меңгеруі тиіс?

Бұл сұрақтарға негізгі аудиториясы ИМ содырларының әйелдері мен болашақ қалыңдықтарынан тұратын ИМ-нің насихатшылар тобы – Zora Foundation жариялаған жаңа трактат жауап береді. Әйелдерге «жихадқа» қандай жағдайда және қалай қатыса алатынын түсіндіретін трактат Тwitter желісінде жарияланған.

– Бұл нұсқаулық әйелдерге соғыс қимылдарына қатысуға ресми рұқсат беретін құжат болмағанымен, ИМ-нің бұл мәселеге қатысты саясатын айқын көрсетеді, - дейді Quilliam экстремизмге қарсы зерттеу орталығының бас сарапшысы Чарли Уинтер Азаттыққа.

Zora Foundation жариялаған трактат.
Zora Foundation жариялаған трактат.

«ЕР АДАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ»

Трактат Сауд Арабиясында тұратын әйелдің Шейх Абу Абдулла әл-Мансур деген молдаға қойған «Әйелдердің шайқасқа қатысуына бола ма және әйел адам «моджахед» - жихадшы содырларға қалай қызмет етуі тиіс?» деген сұрағына жауап ретінде жарияланған.

Трактатта әйел адам «науқастарға қамқорлық жасау, іс тігу, ас әзірлеу, кір жуу сияқты шаруаларды атқару арқылы» моджахедке «өз қабілетіне сәйкес» демеу болуы тиіс деп жазылған. Ал әйелдің соғыс қимылдарына қатысуы сияқты күрделірек сұраққа «әйел адамның қорғаныс мақсатында ғана соғысуына рұқсат етіледі» деп түсіндірген. Басқаша айтқанда, егер өз «әмірі» (қолбасшысы) арнайы рұқсат етпесе, әйел адам шабуылдаушы операцияға жанкешті ретінде қатыса алмайды.

Бірақ әйелге өзін қорғау үшін «жанкешті белдігін» қолдануына рұқсат етіледі. Мысалы, үйіне рейд жүргізілген кезде ИМ тобындағы содыр әйелге өз-өзін жарып жіберуіне, егер ол әрекеті іске аспаса, қарумен қорғануына рұқсат етіледі. Ал «жанкешті белдігін» кездейсоқ тағынған әйел «кәпірлер» шабуыл жасаған аурухана немесе өзге қоғамдық орындарға тап болса, оның өз-өзін жарып жіберуіне рұқсат етіледі.

«ӨЗ ОРНЫН БІЛУІ ТИІС»

Чарли Уинтердің пікірінше, бұл нұсқаулық ИМ басшылығының ұйым қатарына жаңадан қосылған қыз-келіншектерге қатысты ұстанымын «айқын көрсетеді».

– Әмірдің айрықша тапсырмасы болмаса, әйелдер шабуылдаушы операцияларға қатыса алмайды. Оларға қару қолдануға, тіпті өз-өзін жарып жіберуге рұқсат етілгенімен, мұны тек қорғаныс мақсатында ғана іске асыра алады, - дейді Чарли Уинтер.

Бұл нұқсаулық әйелдер ер адамдардың ісіне араласпауы тиіс деген қисынға негізделген әрі екі жыныстың арасындағы айырмашылықты қатаң ұстану үшін жазылған сияқты. Мысалы, әйел винтовканы «оңаша жерде» әрі тек басшысының рұқсатымен ғана қолдана алады. Трактатта «коррупцияға» жол бермес үшін әйелдерге «армиямен араласуға» тыйым салынатыны айтылған.

ІС ТІГУ, ЕМ-ДОМ ЖАСАУ, АС ӘЗІРЛЕУ… АТУҒА ЖАТТЫҒУ

Трактат әйелдерге ем-дом жасау, ас әзірлеу және іс тігу сияқты содырларға пайдасы тиетін дағдыларды үйрену арқылы «жихадқа» дайындалуға кеңес береді. Сонымен бірге «жихад қалыңдықтары» өзін қорғау мақсатында «тапанша немесе Калашников автоматы» сияқты қару-жарақпен жаттығып, үйренуіне болады делінген. Трактатта әйелдер «жанкешті белдігі» мен қолдан граната жасау сияқты тағы бір пайдалы істі үйренгені жөн» деп жазылған. Бірақ олар мұндай «сабақтарды» тек әйелдердің ортасында әрі әйел-тәлімгердің қатысуымен үйренуі тиіс.

Трактатта «әйелдердің ер адамдардың көзінен таса жерде оңаша жиналып, қарумен жаттығуына тыйым салынбайды» деп жазылған. «Шынығу мақсатында және ауру-сырқауынан емделу үшін немесе тақуа әйелдердің ортасында» дене жаттығуымен айналысуына рұқсат етіледі. Әрине, әйелдер жаттығу кезінде «кең пішіліп, тігілген әрі денесін тұтас жауып тұратын киім киюі және ер адамдардың көзіне түспеуі тиіс».

Әйел киіміне қойылатын талапты орындаудың маңыздылығына назар аудару үшін нұсқаулықта «әйел адам үйінен киініп шығуы тиіс» екені айрықша атап көрсетілген.

2014 жылы құрылған Zora Foundation тобы ИМ қатарына жаңадан қосылған қыз-келіншектерді содырлардың ас-суын әзірлеп, киімін тігу, ИМ-нің үгіт-насихатын таратуға көмектесу үшін компьютерлік бағдарламаларды пайдалану және алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін үйрету арқылы жихадқа дайындау туралы нұсқаулықты бұдан ертеректе де жариялаған.

(Джоанна Парасщуктың мақаласы ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG