Accessibility links

Киев Ресейді сотқа бере ала ма?


Гаагадағы халықаралық соттың судьялары. (Көрнекі сурет)
Гаагадағы халықаралық соттың судьялары. (Көрнекі сурет)

Украина Қырымды өзіне қосып алғаны үшін Ресейді сотқа береміз деп отыр. Бұл шынымен мүмкін бе? Мүмкін болса, Украина қандай жеңістен үміт ете алады?


Украина қандай сотқа жүгіне алады?

Украина сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Андрей Дещица сәуірдің 1-інде Брюссельде сөйлеген сөзінде Қырымды басып алғаны үшін Ресейді сотқа беретінін мәлімдеді.

"Біз Қырымды Украинаның ажырамас бөлігі деп санаймыз, сондықтан Ресейді Қырымдағы әрекеттері үшін халықаралық сотқа бермекпіз. Халықаралық қолдаудың арқасында Қырымды Украинаға қайтарамыз деп сенеміз" деді ол.
Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Дещица
Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Дещица
Министр міндетін атқарушы нақты қай сотқа, не трибуналға жүгінгелі отырғанын ашып айтпады. Киев арызды Гаагадағы екі сотқа жазуы мүмкін.

Оның біріншісі – Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі әділет органы болып саналатын халықаралық әділет соты. Екіншісі – мемлекеттер арасындағы дауды шешумен айналысатын әлемдегі ең ескі құқықтық институт – тұрақты арбитраж соты.

Украинаның нақты талабы не?

Бұл туралы да нақты айтылған жоқ. Бірақ Киевтің арыздануына негіз болатын себеп көп. Ресей Қырымды жаулап алғанда Украина тек жерінен ғана емес, онда орналасқан өте көп мемлекеттік мүліктен айырылып қалды. Қырымдағы әкімшілік ғимараттарынан бастап теміржол рельстеріне дейін барлығы – Украинаның мемлекеттік меншігі болған.

Ең бастысы – жағалаудағы мұнай және газ кеніштері. Украина Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылу үшін осы кен орындарын игеруді жоспарлап жүрген. Бұл қатарға Қырымдағы Украинаның әскери-теңіз флотын қосыңыз.

Украина өз жері мен мүлкін Ресейден қайтарып алып, бұл әрекеттері үшін Ресейден өтемақы талап етуді көздейді.

Украина жеңіске жете ала ма?

Украинаның әскери-теңіз флотын қайтару мүмкіндігі жоғарырақ. Утрехт университеті теңіз құқығы институтының директоры, әрі Норвегиядағы Тромсо университеті теңіз құқығы орталығының профессоры Алекс Оуд Элферинктің айтуынша, Ресей көрші елдің флотын қарапайым халықаралық құқық нормаларын бұза отырып басып алған.

"Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін әскери кемелер мен үкіметтік кемелер басқа елдің аумақтық теңізінде жүрсе де, портта тұрса да оған ешкімнің қол сұғуына болмайды. Сондықтан, бұл кемелерді ешкім тартып ала алмайды, ал Ресей
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев (ортада) кеме жөндеу орнында. Севастополь. 31 наурыз 2014 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев (ортада) кеме жөндеу орнында. Севастополь. 31 наурыз 2014 жыл.
федерациясының бұл кемелерді алуына рұқсат беретін ешқандай негізді көрмей тұрмын" дейді маман.

Бірақ Ресейді халықаралық сотқа тарту үшін Украина бірнеше қадам жасауы керек. Халықаралық азаматтық соттар тек екіжақты не көпжақты келісімдерді бұзу фактілері бойынша ғана тәуелсіз мемлекеттер арасындағы дауды қарастыра алады.

Бұған қоса, халықаралық қылмыстық соттан айырмашылығы – екі мемлекет те бұл халықаралық сотты өздері қол қойған келісім бойынша төрелік ететін жақ ретінде мойындауы керек.

Нидерландтағы Лейден құқық мектебінің халықаралық құқық бойынша сарапшысы Эрик де Брабендере:

"Халықаралық құқық нормалары өзара тең екі мемлекет дауды шешу процедурасымен толық келісіп, мәселенің арбитражда, халықаралық сотта не трибуналда қаралатынына көнуі керек. Яғни, екі мемлекеттің бұл туралы келісімі керек. Украина бұл дау халықаралық сотта не трибуналда қаралуы керек деп талап қоятыны анық, бірақ бұл үшін Ресейдің келісімі керек, ал оның келісімін алу мүмкін емес сияқты" дейді.

Халықаралық қылмыстық сотта халықаралық заңдарды бұзды деп айыпталған адамды сотқа шақыртуға болады, ал азаматтық соттағы ережелер басқаша дейді сарапшы.

Алайда егер Украина Ресейдің белгілі бір шарттарды бұзғанын, ал ол шартта даулы мәселелер халықаралық арбитраж жолымен шешіледі деп көрсетілгенін дәлелдесе, онда сот процесті Мәскеудің келісімінсіз-ақ бастай алады. Арбитраж соты Ресейге өз шешімін күштеп орындата алмайды, Ресейді жазалай да алмайды, тек Киев символикалық тұрғыдан жеңіске жетуі мүмкін.

Ресей Қырым дауын арбитраж арқылы реттеуге ықылас танытуы мүмкін бе?

Жоқ. Ресей керісінше болуы мүмкін сот процестерін барынша қиындатып жіберді. Ресей Қырымды екі кезеңде жаулап алғандықтан, оның Украинамен арадағы шарттарды тікелей бұзғанын дәлелдеу өте қиын.

Бірінші кезеңде Ресейге мойын бұрған жергілікті үкімет тәуелсіздігін жариялап, өз аумағындағы мүліктің барлығын жаңа құрылған «тәуелсіз» мемлекеттің атына аударып алды. Екінші кезеңде «тәуелсіз» мемлекеттің халқы Ресей федерациясының құрамына өз еркімен өту туралы референдум өткізді.

Киев сепаратистік Қырым үкіметінің түбекті Ресей құрамына кіргізуге ешқандай қақысы жоқ болатын десе, Мәскеу процестің бәрі заң шеңберінде өтті деп отыр.

Сарапшы де Брабендеренің айтуынша, бұл Ресейдің Қырымдағы мұнай-газ кеніштері сияқты орындарын өзіне алып алу әрекеттерінің заңдылығын сотта қарастыру мәселесін қиындатып жібереді.

"Аннексия халықаралық заң нормаларына сәйкес жүрді ме, жоқ па деген мәселені талқылағанда сот тек мүлікті экспроприациялаудың қаншалық дұрыс болғанына баға берумен шектеледі" дейді ол.

Бір мемлекет екінші бір мемлекеттің жерін аннексиялап алған жағдайда мұның заңдылығына тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі баға бере алады. Ал Мәскеу биыл 15 наурызда Ресейдің Қырымды аннексиялауын айыптайтын қарарға вето қойды, Қытай қалыс қалды, сөйтіп бұл қарар қабылданбады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 27 наурызда Қырымда өткен референдумды заңсыз деп таныған қарар қабылдады. Бұл қарарды 100 мемлекет қолдап, 11 мемлекет қарсылық білдірді, 58-і қалыс қалды. Алайда бұл құжаттың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары сияқты заңдық күші жоқ.

Мәскеуге қарсы сот Ресейді оқшаулауға көмектесе ме?

Ресеймен арадағы кикілжің басталғалы бері Украина халықаралық институттардың және батыс мемлекеттерінің көмегімен Мәскеуді дипломатиялық жолмен және санкция салу арқылы оқшаулауға күш салып келеді. Ондағы мақсаты – Мәскеудің Украинаға килігуін тоқтатып, Кремльді дағдарысты шешуге ықылас танытуға мәжбүрлеу.

Ресейді халықаралық сотқа беру де – сол стратегияның бір бөлігі. Процесс ұзаққа созылып, Ресей әр қадам сайын қарсылық танытып отырған күннің өзінде халықаралық қауымдастықтың көз алдында Ресейге қарсы арыздардың жария
Ресейдің Қырымды аннексиялауына наразылық акциясы. Одесса, 30 наурыз 2014 жыл.
Ресейдің Қырымды аннексиялауына наразылық акциясы. Одесса, 30 наурыз 2014 жыл.
түрде айтылуы бұл елдің имиджіне нұқсан келтіріп, оны оң қадамдар жасауға мәжбүрлеуі мүмкін.

Гаагадағы T.M.C. Asser Institute құқықтық сараптау орталығының маманы Оливьер Риббелинк:

"Мемлекеттер басқа мемлекеттермен қарым-қатынасқа түседі, сондықтан олар сенімді әріптес болуға және сенімді болып көрінуге мүдделі. Егер қайсыбірі келісім-шарттарды орындамаса, онда оған деген сенім азаяды. Сенімсіз атанған елдерге қандай да бір келісімге қол жеткізу қымбатқа түседі" дейді.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттер әдетте арбитраж соттары қарастыратын мәселелер бойынша дауға қалудан қашқақтайды. Себебі олар басқалардың алдында сенімді дипломатиялық және бизнес әріптес ретіндегі беделін сақтап қалуға тырысады және мемлекеттің әл-ауқаты осы абырой-беделге тікелей байланысты екенін түсінеді.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG