Accessibility links

«Өзбекстан ислам қозғалысы» ИМ тобына қосылды


«Өзбекстан ислам қозғалысы» жетекшісі Усман Газий.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» жетекшісі Усман Газий.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымы бұдан былай «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылғаны туралы хабарлаған видео жариялады.

СЕРТ

«Өзбекстан ислам қозғалысы» (ӨИҚ) жариялаған деген болжам жасалып отырған видеоролик және Азаттықтың Өзбек қызметі қолына түсті. Онда Саид Хафиз есімді адамның Әбу Бәкір әл-Бағдадидің Хорасандағы уәлиі (халифтің өкілі немесе губернатор - ред.) болып тағайындалғаны айтылған.

ӨИҚ атынан жарияланған видеороликте: «Енді Хорасан аймағы халифаты жарияланып, Саид Хафиз уәли етіп тағайындалғаннан кейін Усман Газий мен біздің қозғалыс мүшелері оның (Әбу Бәкір әл-Бағдади - ред.) қол астына өтті. Яғни, енді «Өзбекстан ислам қозғалысы» мұжахедтері (діни күрескерлері - ред.) ресми түрде Хорасан облысындағы халифаттың әскері болып саналады. Бұл біздің қозғалыстың кеңейіп, мемлекетке айналғанын білдіреді. Жылдар бойы сертін берік ұстап, кәпірлерге мойынсұнбаған мұжахедтер Усман Газий әмірдің қолын алып, мұсылмандар халифы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге серт берді» делінген.

ӨИҚ содырларына Әбу Бәкір әл-Бағдадидің үндеуді оқып тұрған ер кісі. (Видеодан скриншот)

ӨИҚ содырларына Әбу Бәкір әл-Бағдадидің үндеуді оқып тұрған ер кісі. (Видеодан скриншот)

Видеороликте ӨИҚ содырларына Әбу Бәкір әл-Бағдади жолдаған үндеуді оқып тұрған ер кісі Саид Хафиз деп таныстырылған. Қолына қағаз ұстап, араб тіліндегі үндеуді түркі тіліне тән акцентпен оқып тұрған ер кісінің шынымен Саид Хафиз екенін растайтын нақты ақпарат Азаттықта жоқ. Ол жайлы өзге деректер және жоқ.

Видеожазбада арасында Усман Газий бар ӨИҚ содырлары Саид Хафиз арқылы «Ислам мемлекеті» тобы халифы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге қалай адалдық сертін бергені жазылған.

ИМ көсемінің жолдауын оқыған ер кісінің сырт жағында экстремистік топтың қара түсті туы бейнеленген, ал видеодан «Өзбекстан ислам мемлекеті» қозғалысының үгіт-насихатпен айналысатын «Жундуллох» студиясының логотипін байқауға болады.

«ҒАСЫРЛАР БОЙҒЫ АРМАН»

ӨИҚ әмірі Усман Газий биыл наурыздан бері ИМ тобының көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдади туралы бірнеше мәрте ілтипат білдірген видео және аудио мәлімдеме жариялаған. Наурыздың 30-ында ӨИҚ әмірі өзі басқаратын қозғалыс «Талибан» басшысы молда Омардан алшақтап, ИМ тобы қатарына қосылуға асық екенін алғаш хабарлаған.

Ол кезде Усман Газий «Ирак пен Сирияда ислам халифаты құрылып, бауырымыз Әбу Бәкір әл-Бағдади оның халифы болып сайланғанына бәріміз қуаныштымыз» деп мәлімдеген.

Тамыз айында ӨИҚ ресми веб-сайтында Усман Газийдің ИМ басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адалдық сертін беріп, оны көсем деп танитынын ашық әрі анық мәлімдеген видео жарияланған.

Әбу Бәкір әл-Бағдади жариялаған халифатты ӨИҚ басшысы «дәрменсіз мұсылман бауырлардың талай ғасыр аңсаған арманы» деп атаған.

УЛЬТИМАТУМ

Тамыздың 2-сі күні таратқан тағы бір мәлімдемесінде ӨИҚ басшысы Усман Газий ауғандардың «Талибан» қозғалысының жаңа көсеміне адалдық сертін бермейтінін мәлімдеген. Керісінше, мәлімдемесінде талибтердің көсемі молда Омардың бұдан 14 жыл бұрын қайтыс болғанын айтқан Газий қозғалыстың қазіргі басшылығын «өтірік сөйлейді, ауғандандыру мен туысшылдыққа бейім» деп айыптаған.

«Ислам мемлекеті» тобы басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адал болуға серт беріп жатқан ӨИҚ содырлары. (Видеодан скриншот)

«Ислам мемлекеті» тобы басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адал болуға серт беріп жатқан ӨИҚ содырлары. (Видеодан скриншот)

«Талибан» қозғалысының Пәкістан арнайы қызметі бақылауына көшкенін де сынаған ол талибтер көсемі молда Омардың қазасын мойындап, «Талибанның» жаңа көсемі Ахтар Мансұрға бірнеше ультиматум қойған:

«Пәкістанның ISI арнайы қызметімен кез келген байланысты толық үз..., діннен безген муртад Ашраф Ғани үкіметімен «бітімгерлік» келіссөздерді дереу тоқтат..., Катардың діннен безген үкіметі қолдауымен құрылған саяси комитетті дереу жап..., Ауғанстанның ислам әмірлігі жолдаған мәлімдемелердегі ауғандандыру, туысшыл сөздердің көзін жой.., апиын өсімдігі мен өзге де есірткі түрлерін өсіріп, сату әрекеттерін біржолата тоқтат».

ӨИҚ басшысының талибтерге жолдаған негізгі талаптарының бірі – «Ислам мемлекеті» қатарына тезірек қосылу үшін нақты қадамдар жасау.

«ХОРАСАН – ХАЛИФАТ ИЕЛІГІ»

Тамыздың 6-сы күні тараған видеороликте Хорасан аймағы «Ислам мемлекеті» иелігіне көшкені туралы хабарланған. ӨИҚ басшысы Хорасан аймағы деп қазіргі Ауғанстан, Иран және Орталық Азия территорияларын айтады.

Азаттықтың қолына түскен соңғы деректерге сәйкес, ӨИҚ содырларының көбі Пәкістанның Оңтүстік Вазиристан провинциясында орныққан. Бірақ олар жыл басынан бері Ауғанстанның терістігіне ойысып, енді талибтер қатарында үкімет әскерлеріне қарсы соғысып жүр.

Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Фаряб аймағындағы Азаттық дереккөздерінің мәліметінше, ӨИҚ-ның 100-ге жуық содыры бала-шағасымен бірге алты ай бойы биыл ораза айында «Талибан» қозғалысы қарауына өткен Фаряб территориясында болған.

Фарябта тұратын әрі 16 жасынан бері талибтерге қарсы соғысып жүрген 47 жастағы Рахмат Раис есімді этникалық өзбек Азаттыққа берген сұхбатында аймақта соғысып жүрген мыңдаған талибандықтардың ішінде Өзбекстаннан келген 100-ге жуық өзбек содыры барын айтады.

– 40 шақты өзбек содыры бала-шағасымен Фарябта екенін анық білемін. Қазір ол аймақта Өзбекстаннан келген барлығы 100 шақты содыр бар, - дейді Рахмат Райс.

Ол – Ауғанстан территориясында жүрген ӨИҚ содырларының нақты санын атаған санаулы дереккөздердің бірі.

Бұдан ертеректе пәкістандық журналист Ахмад Рашид сияқты түрлі дереккөздер Ауғанстан мен Пәкістан территориясында ӨИҚ ұйымының 200-ден 500-ге дейін содыры бар деп хабарлаған.

«ӨЗБЕКСТАН ИСЛАМ ҚОЗҒАЛЫСЫ»

АҚШ, Еуропа елдері, Ресей және Өзбекстан үкіметтері террористік ұйым деп таныған «Өзбекстан ислам қозғалысы» 1996 жылы құрылған.

Қозғалысты 1993 жылы өзбек үкіметі экстремизм, радикализм және терроризм баптары бойынша айыптағаннан кейін елден қашқан наманғандық дінбасы Тахир Юлдаш құрған.

ӨИҚ негізін құрған Тахир Юлдаш 2009 жылы тамызда АҚШ барлаушы ұшағының зымыранынан қаза тапқан.

ӨИҚ негізін құрған Тахир Юлдаш 2009 жылы тамызда АҚШ барлаушы ұшағының зымыранынан қаза тапқан.

ӨИҚ әуелі Тәжікстанның Жырғатал ауданында орнығып, сол жақтан Қырғызстанның Баткен облысына алғашқы шабуылын жасаған.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция «Талибан» қозғалысына қарсы соғыс бастаған 2001 жылы ӨИҚ талибтер қатарына қосылған. Ол кезде Пентагон Тахир Юлдашқа іздеу жариялаған. 2009 жылдың 27 тамызында Тахир Юлдаш Американың барлаушы ұшағының зымыранынан қаза тапқан.

2010 жылы қозғалыс оның қаза тапқанын ресми растап, ӨИҚ көсемі етіп оның күйеубаласы (қызының күйеуі) Усман Әділді тағайындағанын жариялаған. Бірақ, 2012 жылы Тахир Юлдаштың күйеубаласы да өлтірілген, сол кезден бері қозғалысты Усман Газий басқарады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG