Accessibility links

Орталық Азиядағы себебі ұқсас экстремизммен күрес әртүрлі


"Сириядағы қазақ жихадшылары" туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

"Сириядағы қазақ жихадшылары" туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

Орталық Азия елдеріндегі экстремистік идеялар мен әрекеттердің туындау себебі ұқсас екенін талдаған мамандар онымен күрес шаралары әртүрлі екенін айтады.

Орталық Азия елдеріндегі нашар әлеуметтік жағдай, білім сапасының төмендігі, коррупцияның өсуі және стимулдың болмауы экстремизмге жол ашады. Одан шығудың жолдарын әр ел өзінше қарастыруға тырысады.

СЕБЕПТІ СЫРТТАН ІЗДЕУ

Орталық Азия даму корпусының вице-президенті, шығыстанушы Нұрлан Әлниязовтың Азаттыққа айтуынша, Қазақстанның Ақтөбе мен Алматыдағы соңғы оқиғаларды теракт ретінде жариялауы себепті сырттан іздеудің амалына ұқсайды.

– Менің ойымша, теракт жасалғаннан кейін оны міндетті түрде қандай да бір ұйым немесе топ өз жауапкершілігіне алып, тиісті талабын қойып, қарсылығын жариялауы керек еді. Еуропа, Америкадағы терактілерде әлгіндей бір ұйым соны не үшін жасағанын жариялап, жауапкершілігін мойнына алып жатса, Қазақстан жағдайында ондай болмады, - дейді ол.

Нұрлан Әлниязов - Орталық Азия даму корпусының вице-президенті. Алматы, 21 шілде 2016 жыл.

Нұрлан Әлниязов - Орталық Азия даму корпусының вице-президенті. Алматы, 21 шілде 2016 жыл.

Нұрлан Әлниязовтың айтуынша, бұл – «қоғам ішіндегі жүйелі проблемалардың көрсеткіші».

– Бүгінде жастардың көбі қоғамнан өз орнын таба алмай жүр. Бір ғана мысал, жер мәселесіне қатысты митингілерден кейін Қызылордаға, Батыс Қазақстанға барып жастармен кездескенімізде, олардың кейбіреуі өзінің орнын тек түрмеден көретінін айтады. Оқуға түсе алмайды, ақша жоқ, барған жерінде пара сұрайды. Ауыл жастары үшін оқу ақысы да қымбат. Ал ауылда жұмыс жоқ, - дейді ол.

Нұрлан Әлниязов Орталық Азияда терроризм және экстремизм бойынша айыптау саяси құралға да айналып кеткенін айтады.

– Мәселен, Өзбекстан билігі оппозициясын саяси күрестен шеттету үшін оларды «экстремист», «террорист» деп айыптап, ақыры тұншықтырып тынды. Тәжікстан, Қырғызстан тәрізді елдер өздерінде террористер мен экстремистердің бар екендігін көрсету арқылы халықаралық ұйымдардан көмек сұрайды, - дейді шығыстанушы.

Қазақстан мен Өзбекстанда елге оралған содырларға рақымшылық жасалмайды. Қазақстанда соңғы кездері соғыс аймағына кеткендерді азаматтықтан айыру ұсынысы айтыла бастаған.

ТІЛ МЕН МЕКТЕП ТЕ СЕБЕПШІ

Дін мәселесі бойынша қырғызстандық маман Нұрлан Исмаиловтың айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейде дінге бет қойса да, діни сенімі қалыптаспаған жастар айрықша байқалып отыр. Олар экстремистік бағытқа бейім келеді дейді сарапшы.

– Қырғызстанда көбіне орыстілді жастар осындайға көп ұрынған, - деген Нұрлан Исмаилов мұның себебін тіл мәселесінен іздестіреді. Оның ойынша, дәстүрлі исламды жастар ана тілінде қабылдаса, дәстүрлі емес ислам орыс тіліндегі уағызбен тарап жатыр.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы таратқан видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы таратқан видеодан скриншот.

Нұрлан Исмаилов экстремизмнің тағы бір себебін әлеуметтік жағдаймен байланыстырады.

– Орталық Азиядан Түркияға жұмыс іздеп барғандардың экстремистер ықпалымен Сирияда жүргенін көріп отырмыз. Өз еліндегі жұмыссыздық жастарды осыған итермелейді, - дейді қырғызстандық маман.

Оның айтуынша, орта мектептердегі білім деңгейінің түсіп кетуі де экстремистік уағыздың таралуына себепші болып отыр.

– Мектепте айлық аз. Көпшілік оқушылар тоғызыншы сыныптан кейін оқымайды. Оған дейін алған білімі де нашар. Сондықтан осындай жастардың бір бөлігі маргиналды топтардың қатарын толтырады да экстремистік топтардың жетегіне еріп кетеді, - дейді Нұрлан Исмаилов.

Орталық Азиядан Түркияға жұмыс іздеп барғандардың экстремистер ықпалымен Сирияда жүргенін көріп отырмыз. Өз еліндегі жұмыссыздық жастарды осыған итермелейді.

Оның айтқанына қарағанда, Қырғызстан билігі биылдан бастап 8-9 сыныптар үшін діндер тарихы пәнін енгізуге әрекет жасап жатыр.

Нұрлан Исмаиловтың айтуынша, қазір Қырғызстанда жастар арасында, түрлі оқу орындарында өткізіліп жатқан семинарлардың әсері де байқалған.

– Биылға дейін Сирияға кеткендер саны көп болса, қазір бәсеңдеген. Алайда бұл семинарлар мәселені уақытша ғана шешеді. Оны түп-тамырымен реттеу керек. Мәселен, елдің әлеуметтік жағдайын, мектептердің сапасын, әсіресе, алыс аудандардағы мектептерді көтеру қажет, - дейді қырғызстандық сарапшы.

ОРАЛҒАНҒА – РАҚЫМШЫЛЫҚ

Дін мәселесі бойынша тәжікстандық маман Саъди Юсуфи де экстремизм Орталық Азия үшін алаңдатарлық мәселеге айналып отыр деп есептейді. Аймақтағы әлеуметтік қиындықтар, кедейшілік және дін туралы білімнің жеткіліксіздігі экстремизмге алғышарт жасайды.

Тәжікстан экстремистік топтар арасынан қайтып оралғандарға рақымшылық жасап отыр.

Тәжікстандық Фаррух Шарифов Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобында болып, Отанына қашып келгені туралы жиында көпшілікке айтып тұр. Душанбе, мамыр, 2015 жыл.

Тәжікстандық Фаррух Шарифов Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобында болып, Отанына қашып келгені туралы жиында көпшілікке айтып тұр. Душанбе, мамыр, 2015 жыл.

– Егер адасқанын түсініп, өкінген адамдар немесе топтар қайтып келсе, Тәжікстан оларды жазаламайтын болған. Бұл жастарды экстремистік топтан аластатудың тиімді жолы болды деп есептеймін. Өйткені, қайтып оралғандардың жергілікті БАҚ-қа берген сұхбаттары арқылы ел олар барған аймақтағы жағдайдан хабардар болып отыр, - дейді Саъди Юсуфи.

Оның айтуынша, қазірге дейін Тәжікстанға қайтып оралған ондаған жастың арасында әйелдер де бар.

– Қайтып келген жастар құрылыс, ауылшаруашылық салаларында жұмыс істейді. Қазір экстремистік топтарға бейім адамдар азайды, - дейді тәжікстандық сарапшы Азаттыққа.

«МУХАЖЕР» – МИГРАНТТАН ҚАУІП БАР МА?

Қазақстандық сарапшы Нұрлан Әлниязов өзінің таяуда Ауғанстанда зерттеу жүргізіп қайтқанын, сонда шекараның арғы бетінде Орталық Азия мен Ресейдің азаматтары көбейіп кеткенін байқағанын айтады.

– Ауғандықтар оларды «мухажерлер» (мигранттар – Азаттық) деп атайды. Олардың бәрі «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына ант берген болып есептеледі. «Мухажерлердің» арасында Сирияда, Пәкістанда және Палестинада соғысқандар кездеседі. Олар Құндыз, Бағлан және Бадахшан провинцияларында тұрады. Бұл аймақтар Тәжікстан және Өзбекстанмен шекаралас екендігін ескергенде, олар белгілі бір күшке айнала бастағанын байқаймыз. Бадахшан аумағы арқылы Ауғанстаннан Қытай мен Қырғызстанға да шығуға болады. Ал Қырғызстаннан Қазақстанға өтудің әртүрлі жолдары бар екені белгілі, - дейді Нұрлан Әлниязов.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» мүшелері Ауғанстанның Құндыз уәлаятында.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» мүшелері Ауғанстанның Құндыз уәлаятында.

Қырғызстандық сарапшы Нұрлан Исмаилов соңғы кезде Орталық Азия үшін Ауғанстандағы «Өзбекстан ислам қозғалысы» да үлкен қатер көзіне айнала бастады деп есептейді.

– Осы қозғалыстың белсенділігі төмендеді деп есептелгенімен, соңғы кездері қайта жандана бастағанын байқадық. Бұрын «Хизб ут-Тахрир» ұйымында жүргендер енді осы қозғалысқа өте бастағаны туралы мағлұмат алып отырмыз. Қырғызстан өкілдерінің топ-тобымен осы қозғалысқа өтіп жатқаны белгілі болған, - дейді ол.

Орталық Азия елдерінен Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы қақтығыс аймағына барғандар саны туралы нақты мәлімет жоқ. Болжамды есепке негізделген мәлімет бойынша, шет елдердегі қарулы қақтығысқа қатысып жатыр деген қазақстандықтар саны – 300 адам, қырғызстандықтар – 500 адам, тәжікстандықтар – 1000 адам делінеді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG