Accessibility links

Қырғызстандағы ГЭС жобалары әзірше жоба күйінде ғана бар


Жалалабадтағы Датқа электр станциясы. 28 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жалалабадтағы Датқа электр станциясы. 28 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанда Рогун ГЭС-і құрылысы басталмақ. Ал су ресурстарына бай Қырғызстандағы гидроэнергетикалық жобалардың болашағы қандай?

Тәжікстанда Рогун су электр станциясы (ГЭС) салынады деп айтылып жүргеніне талай жыл болды. Құны 4 миллиард доллар деп бағаланған жобаны іске асыру туралы италиялық компаниямен келісім де бекітілген.

Ал Қырғызстанда су электр станцияларын салуды маңызды жоба деп атайды. Билікке келгендердің бәрі ондай нысандар салуға уәде беруді өзінің парызы санайды. Мысалы, Қамбарата-1 ГЭС-і, Жоғарғы Нарын ГЭС-і мен шағын су электр станциялары жайлы жиі айтылады. Бірақ ол жобалар осы кезге дейін тек сөз күйінде қалып келеді.

Бірнеше жыл бұрын Қырғызстан Қамбарата-1 ГЭС-і мен Жоғарғы Нарын ГЭС-і құрылысын жүргізу жөнінде Ресеймен келісімге қол қойып, бұл шаруада әлдебір ілгерілеу нышаны байқалған еді. Бірақ Мәскеу келісім шарттарын орындауды қилы сылтаумен созбақтап, ақыры 2015 жылдың аяғында Қырғызстан үкіметі ол келісімнің күшін жойған қаулы қабылдаған. Биыл жыл басында Қырғызстан келісімнен ресми түрде бас тартқан. Бірақ Қырғызстанның келісімнен шығу процесі әлі күнге дейін созылып келеді.

Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Алмаз Сазбақовтың айтуынша, процесс аяқталған бетте жаңа инвестор іздеу жұмысы басталады.

– Денонсация аяқталып қалды. Процесс 8 тамызда бітеді. Содан кейін біз келісімнен босаймыз да, жұмыс басталады, - дейді ол.

Келісімді бұзу процесі оңай өтіп жатқан жоқ. Ресей тарабы Жоғарғы Нарын ГЭС-ін салу жұмыстарын дайындауға жұмсаған ақшасын қайтаруды талап еткен, бірақ Қырғызстан ол сома асыра көрсетілген деп санайды. Мәселені арнайы құрылған депутаттық комиссия тексеріп, «РусГидро» компаниясы жемқорлыққа жол берген деген ұйғарымға келген.

Үкімет Қырғызстанда 16 шағын ГЭС салу жайлы келісімге Чехиямен көп ұзамай қол қойылатынын мәлімдеген. Жоспар бойынша, олардың қуаты 188 мегаватт, ал тікелей құйылатын инвестиция сомасы – 190 миллион доллар болмақ. Бірақ ол нысандардың жуық арада салынбайтыны қазірдің өзінде белгілі болды.

Су электр станциялары құрылысынан бөлек, Қара-кечеде қуаты 1200 мегават болатын жылу электр станциясын (ТЭЦ) салу да жоспарланған. Үкімет жоспары бойынша Мыңқұш пен Қара-кече кеніштері толық қуатпен жұмыс істеп, Балықшы-Қочқор-Қара-кече темір жолы тартылар еді. Бірақ Сазбақовтың айтуынша, инвесторлар тендерге қатысуға өтініш бермеген соң жаңа конкурс жарияланған.

– Біз әлгі жобадағы шарттарымызды қайта қараймыз. Конкурсты жоғары деңгейде өткізу үшін қазір консалтинг компанияның қызметіне жүгіну мәселесі қаралып жатыр. Үкіметке тиісті ұсыныстар жолдадық. Бұған қарамастан, инвесторлармен кездесіп, шарттарын түсіндіріп жатырмыз. Инвесторлар қызығушылық танытып жатыр, - дейді ол.

Мамандар шаруаның бұлай созылып кетуінің бірнеше себебін түсіндіреді. Сарапшы Азамат Акелеевтің пікірінше, жобаларды іске асыруға жариялылық принципінің жоқтығы мен мәселені саясиландырудың кесірі тиген.

– Мысалы, Ресей геосаяси мақсатты көздеп ГЭС салмақ болды. Олар аймақтағы ықпалын күшейткісі келді. Бірақ олардың күші жетпеді. Жоба экономикалық мақсатты көздеген әрі жария жүргізілген кезде ғана іс алға басады, - дейді ол.

Ал бұрынғы вице-премьер Базарбай Мамбетов басшылардың біліксіздігі мен саладағы тұрақсыздық қазіргідей жағдайға жеткізді деп санайды.

– Біздің басшылардың мұндай ірі жобаларды іске асыруға тәжірибесі жетпегендіктен және энергетика саласындағы тұрақсыздықтан осындай жағдай қалыптасып отыр. Өзге елдерден де инвесторлармен тікелей сөйлесіп, жобаны жалғастыруға тырысу керек еді. Бірақ мұны істемеді, - дейді ол.

Мамбетов бұған қоса дайындық жұмыстары талапқа сай жүргізілмегендіктен, жоба іске аспай қалды дейді. Бұдан бөлек, ол билікті «Қамбарата-2 ГЭС-інің екінші агрегатын талай жылдан бері іске қоса алмай отыр» деп сынайды.

– «Қамбарата-2» құрылысы 1984 жылы басталған. Содан бері 32 жыл өтті. 2010 жылы Роза Отунбаева президент болып тұрған кезде бірінші агрегатты іске қосқан. Бірақ содан бері алты жыл өтіп кетті, ал екінші агрегат әлі қосылған жоқ, - дейді ол.

Ал үкімет Қамбарата-2 ГЭС-інің қуаты 150 мегават болатын екінші агрегаты 2017 жылы пайдалануға беріледі деп мәлімдейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметі мақаласы негізінде дайындалды.

XS
SM
MD
LG