Accessibility links

Ауғанстанның солтүстігінде әйелдер жасағы құрылды


«Талибан» шабуылынан қорғану үшін қолына қару алып, ерікті жасаққа қосылған ауған әйелдері.

«Талибан» шабуылынан қорғану үшін қолына қару алып, ерікті жасаққа қосылған ауған әйелдері.

Ауғанстанда өз ауылдарын «Талибан» шабуылынан қорғау үшін ондаған әйел қолына қару алып, жаңадан құрылған әйелдер жасағына қосылған.

ЖАҢА ЖАСАҚ

Ауғанстанның солтүстігіндегі Жаузжан уәлаяты Дарз-Ааб ауданындағы Шахтут ауылында қазан айының соңында «Талибан» содырларының шабуылына қарулы тойтарыс беруге бірнеше әйел қатысты. Жалпы саны 45 әйел жергілікті күштермен бірге ауылға сырттан келген дұшпанға қарсы тұрған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйелдердің көпшілігі қару сатып алу үшін меншігіндегі малын сатқан.

Жаңадан құрылған әйелдер жасағын жергілікті полиция қызметкерінің әйелі, 53 жастағы Зармина басқарады. Ол ауылдағы әйелдердің басқа амалы қалмаған соң осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтады.

- Полиция қызметкерлері тым аз болғандықтан ерлерімізбен бірге қолға қару алуға мәжбүр болдық. «Талибан» полиция бекетіне шабуыл жасаған кезде мен жамылғымды ысырып қойып, бірнеше жерден оқ аттым. Менде 21 оқ бар еді, 7 талибандықты өлтірдім, - дейді ол.

Солтүстігінде Түркіменстанмен шектесетін, түрлі этникалық топ өкілдері мекендейтін Жаузжан уәлаятында жаңадан пайда болған әйелдер жасағы негізінен этникалық өзбектер мен аймақтардан (Жаузжандағы парсыша сөйлейтін саны аз халық) құралған.

Дарз-Ааб губернаторы Раматулла Хашардың айтуынша, әйелдердің бастамасын жергілікті шенеуніктер, тайпа ақсақалдары мен тұрғындар қолдаған.

- Әйелдер «Талибан» содырларына қарулы қарсылық танытқан аумақ аудан орталығынан 20 километр қашықтықта орналасқан, сондықтан олардың әрекетін құптадық. Оларды ауыл тұрғындары мен ақсақалдар да қолдап отыр, - дейді Хашар.

ТӘЖІРИБЕЛІ ЖАУЫНГЕРЛЕР

Аймақтық кеңес мүшесі Халима Садаф Азаттыққа Шахтуттағы әйелдер жасағына кірген 51 әйелдің арасында 1980 жылдары совет әскеріне қарсы соғысқандар да бар екенін айтты.

- Дарз-Ааб – кезінде совет басқыншылығына қарсы моджахедтер көтеріліске шыққан негізгі аудандардың бірі. Ондағы әйелдер қару ұстап, күресе алады, олар өте батыл, - дейді Халима Садаф.

Гилменд уәлаятында «Талибан» шабуылына тойтарыс беріп жатқан ауғанстандық әскерилер. 9 қазан 2016 жыл.

Гилменд уәлаятында «Талибан» шабуылына тойтарыс беріп жатқан ауғанстандық әскерилер. 9 қазан 2016 жыл.

Жергілікті билік өкілдері үкіметтен әйелдер жасағына қару-жарақ пен киім-кешектен жәрдем жасауын сұраған. Сонымен бірге, ең маңыздысы - жергілікті полиция күшін нығайту қажеттігін айтқан.

- Жаузжанда 1600 полиция қызметкері бар, бұл жеткіліксіз. Қазір жағдай өзгерді, үкімет жергілікті және ұлттық полиция қатарын көбейтіп, әйелдерді қолына қару алуға мәжбүр етпейтіндей барлық ауданда қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс, - дейді Дарз-Ааб губернаторының баспасөз-хатшысы Мохаммад Разагафори.

Ауғанстанда «Талибан» содырларының үкімет әскеріне шабуылдауы жиілеген соңғы айларда Дарз-Ааб ауданында қауіпсіздік жағдайы нашарлаған. Өткен айда Дарз-Ааб басшысы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобымен байланысы бар содырлар аудан көлемінде белсенді іс-қимылға көшіп, бірнеше ауыл тұрғынын ұстап алғаны туралы мәлімдеген.

Ауғанстанның солтүстігінде «Талибанға» қарсы әскери науқанды басқаратын Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достум ИМ елдің солтүстігіне 7 мың жауынгерін әкелуді жоспарлап отыр деп ескерткен.

XS
SM
MD
LG