Accessibility links

Фермердің күні тозған техникаға қарап қалды


Бақтыбек Күпешов ескі көліктердің бөлшектерінен құрастырған трактор. Ақсу ауылы, Қырғызстан.
Бақтыбек Күпешов ескі көліктердің бөлшектерінен құрастырған трактор. Ақсу ауылы, Қырғызстан.

Орталық Азияда кейбір елдерде ауыл шаруашылығында советтен қалған ескі техниканы, әйтпесе ат-соқаны пайдалануға мәжбүр. Совет кезінде техника атқарған кейбір жұмыстар қазір қолмен істеледі.

Қырғызстанның оңтүстік-батысында тұратын 25 жастағы Замир Акимов негізгі шаруасын көктемде істейді. Көктем кезінде оның 40 жыл қолданыстан шықпаған тракторына сұраныс артады. Замир жер жыртуға тракторы жоқ фермерлерге жалданып, қаржы табады.


ҚҰРАМА ТРАКТОР

Ауылшаруашылық шығыны ең төменгі күнкөріс деңгейінін асып кететін елде жер тырмалап, пайда табу қиын. Бірақ Ыстықкөлдің солтүстік-батысында тұратын Бақтыбек Күпешов оның амалын тапқан сияқты. Ол совет заманынан қалған ескі көліктердің бөлшектерін құрастырып, трактор жасап шығарады.

– Мына тракторға қараңыз: беріліс қорабы «Жигулидікі», қозғалтқышы – «Муравейдікі», капоты – «Запорожецтен», ал білігі – «Москвичтікі». Дөңгелектері ауылшаруашылық машиналарынан алынды. Жүруге жарамайтын ескі көліктердің бөлшектерінен басқа көлік құрастырамыз, – дейді Бақтыбек Күпешов.

Соңғы бірнеше жылда Күпешов ауылдастары үшін 14 трактор құрастырып,
Бақтыбек Күпешов ескі бөлшектерден құрастырған трактор.
Бақтыбек Күпешов ескі бөлшектерден құрастырған трактор.
оларды 1500 – 2000 АҚШ доллары шамасындағы қаржыға сатты. Бұл сома – Қытайда жасалатын жаңа трактордың ширек құны. Бақтыбек қолынан шыққан көліктердің сырт келбеті сүйкімді емес екенін мойындайды, бірақ жаңа ауылшаруашылық машинасын сатып алуға шамасы келмейтін халық үшін көліктің сырт пошымы маңызды емес.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының дерегі бойынша, экономикалық деңгейі қарайлас басқа елдерге қарағанда Қырғызстанда гектарға шаққанда трактор саны өте аз. Бұл елде, сондай-ақ, совет кезеңінен бері келе жатқан көне тракторлар да жеткілікті. Қырғыз ССР-і мен Орталық Азияның басқа елдері сол кездерде жаппай механикаландырылды. Ал мемлекеттік инвестиция күрт кеміп, қолда тозығы жеткен ескі құрал-жабдықтар ғана қалған қазіргі кезде фермерлер мал мен адам күшіне ғана сенетін ескі дәуірге қайта оралғандай күй кешіп отыр.

Совет заманында Өзбекстанда мақта өнімінің жартысын машина жинап алатын. Қазір, Лондондағы балалар еңбегін пайдалануға қарсы мақта кампаниясының дерегі бойынша, мақтаны фермер отбасы қолмен тереді екен.


ИМПОРТ ӨНІМІ ЖАУЛАП АЛДЫ

Қазақстанның солтүстігіндегі алқаптары да өткенге оралғандай әсер қалдырады. Советтік дәуірде үлкен егістік жерлерге бидай егілетін. Бүкіләлемдік банктің дерегі бойынша, қазір топырақтың құнарсыздануы, тыңайтқыш тапшылығы және құрал-жабдықтың ескіруі салдарынан егістік жерлер бұрынғыдан 50 пайызға азайған. Сарапшылардың айтуынша, советтік жүйе жойылған соң Орталық Азия елдерінде механикаландыру ісі кенже қалып қойды, 1990 жылдары басқа республикалармен сауда байланысы үзілді.

– Ауыл шаруашылығын механикаландыру – советтік концепцияның басым қағидасы еді. Cоветтік елдердің бірі техниканы шығарса, екіншісі оны
Астық орып жүрген комбайн. Ақкөл ауылы, Ақмола облысы, Қазақстан. 11 қазан 2011 жыл.
Астық орып жүрген комбайн. Ақкөл ауылы, Ақмола облысы, Қазақстан. 11 қазан 2011 жыл.
ауылшаруашылығына жарататын, оның бәрі орталықтан басқарылатын. Қазір шағын мемлекеттер бұрынғы сауда байланыстарын жоғалтты, өндіріс пен ауылшаруашылық аймақтарының арасындағы тізбек үзілді, – дейді халықаралық дағдарыстың алдын алу тобының өкілі Дейдре Тайнан.

Маманның айтуынша, сауда қарым-қатынасы бұзылған соң өнімдерді тасымалдауға қажетті ауыл жолдары мен басқа да инфрақұрылымдар қараусыз қалды. Қазір Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығына қаржы салғаннан көрі энергетикадан бастап алтын мен жібек тоқу сияқты «пайдасы көбірек» өндірістік секторларға көңіл бөлгенді жөн көреді.

Сарапшының байқауынша, қазір Бішкектегі супермаркеттен жергілікті өнімнен көрі көршілес Қытайдың жеміс-жидек пен көкөнісін тез табасыз. Себебі, оларды алыс фермадан жинап әкелгеннен, импортталып келген күйінде ала салған тиімдірек. Қырғызстан ауылдарында кептірілген жеміс пен жаңғақ, бал өнімдері мол болғанымен, оларды ел астанасына жеткізу қиын. Ал көршілес елдер мен әлемдік нарыққа шығару туралы сөз қозғауға әлі ерте.


АТ-ЕСЕКПЕН ЖЕР ЖЫРТУ

Ауыл шаруашылығын дамыту мамандары Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне фермерлерге қолайлы несие беру қажеттігін айтып келеді. Бірақ үкімет егіс уақытында дән сатып алу сияқты қажеттіліктерге төмен пайызбен несие беру дегендей, негізгі мұқтаждықтарды ғана өтейді. Сондай-ақ сарапшылар жеке ауылшаруашылық секторын ашып, экспорт рыногын құру үшін оған шетелдік инвесторларды тарту керектігін айтты. Алайда бірқатар елдердегі жекеменшік туралы заң шетелдіктердің ауылшаруашылық орнын сатып алуына қиындық тудырады, онда жер-су «ұлттық ресурс» деп көрсетілген.

Солайша фермерлер өз жағдайларын өздері жасауға мәжбүр. Артық Акбаров –
Атқа жеккен соқамен жер жыртып жүрген балалар. Қарой ауылы, Ферғана алқабы, Қырғызстан. 12 мамыр 2009 жыл.
Атқа жеккен соқамен жер жыртып жүрген балалар. Қарой ауылы, Ферғана алқабы, Қырғызстан. 12 мамыр 2009 жыл.
Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы Ош қаласында тұрады. 16 жастағы Артық кедей көршілерінің жерін қолмен жыртып беріп, ақша табады.

– Трактор жалдаудың қымбатқа түсетіні бізге жақсы болды. Ауылда жұмыс жоқ. Бос тұрған ат не есекті аламыз да, жер жыртуға көмектесеміз. 1500 сомға (30 доллар) ұста ат соқа жасап береді, қарапайым түрі одан да арзан. Досым екеуіміз жұмыс істейміз, күніне 1000 сом табамыз, – дейді бозбала.

Артықтың айтуынша, олар қолмен күні бойы өңдейтін жерді трактормен жарты-ақ сағатта жыртып шығуға болады екен. Бірақ фермер тракторға бұл жұмыс үшін сегіз есе артық төлегеннен көрі Акбар мен оның достарын жалдағанды тиімді санайды.

Алайда қолдың қара күшіне негізделген атам заманғы ескі әдіспен ауыл шаруашылығындағы жағдайды түзеу мүмкін емес дейді мамандар. Тозығы жеткен техникаға ғана сүйенген ауыл шаруашылығын көтеру Қырғызстанға күрмеуі қиын шаруаға айналып отыр. Сондықтан тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық өнімдерін сырттан тасуға мәжбүр.

(Мақаланы аударған Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG