Accessibility links

Қытайдың ОА-дағы ықпалы қаншалықты күшеймек?


Қырғызстандағы Қытай компаниясының жұмысшылары. 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстандағы Қытай компаниясының жұмысшылары. 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Орталық Азияға (ОА) ықпалы жыл санап артып келе жатқан Қытайдың аймақтағы дәстүрлі «ойыншыларды» да ығыстыра бастағаны байқалады.

Соңғы мың жылдан астам уақыттан соң Қытай Орталық Азияға (ОА) «оралған» сияқты. Көршілеріне ықпалын ұлғайтқан Қытайдың қарқыны қатты. ОА-ға әсер етіп келген басқа елдердің алдын орап, тіпті бұл аймаққа сөзі өтімді Ресейді де ығыстыра бастады.

Азаттықтың Түркімен қызметі сарапшылардың басып қосып, осы мәселені талқылады. Олар Қытайдың Орталық Азиядағы қазіргі ықпалы, оның кеңею мүмкіндігі және аймақтағы геосаясатқа әсері туралы сөйлесті.

Отырысты «Азатлық» (Азаттықтың Түркімен қызметі) директоры Мұхаммед Тахир жүргізді. Шараға Вашингтондағы Foreign Policy журналының өкілі Рейд Стэндиш, Азаттықтың Қазақ қызметінің өкілі Ғалым Боқаш және қазір Азаттықта тәжірибеден өтіп жүрген Глазго университеті қызметкері Брэдли Жардин қатысты. Тақырыпты талқылауға осы мақаланың авторы да араласты.

САУДА ЖӘНЕ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР

Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) Орталық Азияға «кіруге» мүмкіндік берген құрал ретінде пайдаланды. ШЫҰ 1996 жылы (ол кезде «Шанхай бестігі» деп аталды) Қытай мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей арасындағы шекарада әскери күштерді және қаруды азайту туралы келісімге сай құрылды.

Бұл келісім жақсы нәтиже берді, кейін ұйым мақсаттарына сауда мен қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері қосылды. 2001 жылы ұйымға Өзбекстан кірген соң Қытай ШЫҰ келісімдері арқылы ОА-ның төрт мемлекетіне еркін кіре бастады.

Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Пекиндегі ШЫҰ саммитінде. 2012 жыл.

Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Пекиндегі ШЫҰ саммитінде. 2012 жыл.

Бірінші болып сөз алған Брэдли Жардин Қытайдың ОА-ға ықпалының таңғаларлық жылдамдықпен күшейіп келе жатқанын айтты. 2000 жылы ОА елдері мен Қытай арасындағы сауда 1 миллиард долларға жетсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 50 миллиардқа таяды.

Содан бері Қытай ОА елдерімен жаңа келісімдерге отырды, мысалы наурыздың соңында Қазақстанмен жасасқан келісімінің құны - 23 миллиард доллар. Экономикалық тұрғыда Қытайдың ықпалы Орталық Азияның барлық аймағынан байқалады.

Ғалым Боқаш Қазақстанда Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) жұмыс істеп жатқанын айтады. «Қытай әсері Қазақстанның барлық өңірінен байқалады» дейді ол. Боқаштың айтуынша, «CNPC сауда белгілерін Қазақстанның барлық облыстарынан, мұнай бекеттері мен жанармай станцияларынан көруге болады».

Орталық Азиядағы жаңа достарымен жақындасу үшін Қытай сауданы қолданып келеді. Бірақ Пекиннің ОА-дағы негізгі мүддесі – ресурстар.

Қытай Қазақстаннан - мұнай , Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстаннан - газ, Қазақстаннан уран импорттайды, Қырғызстандағы алтын кендерін игеріп, Тәжікстаннан сирек қазба байлықтар іздеп жатыр. Пекин қаржыландыратын Орталық Азиядағы инфрақұрылымдық жобалардың көп бөлігі – жолдар, теміржол және құбырлар – Қытайға қарай тартылады.

Әрине, ОА елдері бұл жобалардан ұтып отыр, себебі олар өздері ондай шаруаларды қаржыландыра алмады. Ал металл, газ және металлургиялық өнеркәсіптен тыс салада шетелдік инвесторлар аз.

«ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ» ПАЙДАСЫ

Стэндиш ОА елдерінің Қытайдың «Жібек жолы» жобасынан да ұтатынын айтады. Ол «Жібек жолы» жобасын ұлғайтып қарасаңыз, Орталық Азияның Қытайды Еуропамен құрлық арқылы жалғайтынын көресіз» дейді.

Басқа елдер мен халықаралық ұйымдар көптеген жылдардан бері өздерінің «Жібек жолы» жобаларын ұсынып келген еді, бірақ Орталық Азияға дәл Қытайдай ауқымды түрде әсер ете алмады.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл.

Қытайдың экономикалық ықпалының артуына аймақтағылардың бәрі риза деуге болмайды. Ғалым Боқаш Қазақстанда «қытайдың жеке сектордағы, бизнестегі әрекетіне күмәнмен қарайтын адамдар бар екенін» айтты, ол әсіресе «Алматы сияқты үлкен қалаларда бұған алаңдайтындар көп» дейді. Боқаш қазақстандықтардың Қытайға көзқарасын «тамсана һәм қауіптене қарау» деп сипаттайды.

Жардин Қытайдың Тәжікстандағы Душанбе-Чинак автожол құрылысын қаржыландырғанын еске салды. Бірақ ол «жол ашылған соң осы құрылысқа қатысқан күмәнді компаниялар ақылы кабиналар ашып, жергілікті тәжіктерді жол жүргені үшін ақша төлеуге мәжбүрледі» дейді. Жардин «тәжік азаматтары жолды пайдалана алмайтынын, себебі ол Қытайдың инфрақұрылым стратегиясының бір бөлігі ретінде салынғанын» айтады.

ЖЕРГІЛІКТІ САУДАГЕРЛЕР ШАҒЫМЫ

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан базарларындағы саудагерлердің көбі «қытайлық әріптестерінің шекараға жақын жердегі базарларға кіруге рұқсат алғанын, олардың Қытай үкіметі қаржыландыратын тауарларды бұл аймақтағы бағадан төмен сатып, жергілікті саудагерлерді бизнестен ығыстырғанын» айтып шағымданды.

Орталық Азия халықтарының достық ниетіне қол жеткізу үшін Пекин бірнеше бағдарлама әзірлеген. Стэндиш Қытайдың «сыпайы түрде» ықпал етуге көшкенін ескертеді. «Орталық Азияға Ресей немесе АҚШ ықпалы сияқты «жұмсақ билік» (soft power) жүргізу Қытайдың қолынан келмеді. Ондай сенімді бір күнде қалыптастыра алмайсың, 40 миллиард долларға жол салған күннің өзінде ондай сенімге кіру қиын. Қытайдың экономикалық ықпалы қаншалықты орныққанын, ұзақмерзімді ықпалға айналған-айналмағанын тек ондаған жылдардан соң ғана айта аламыз» дейді ол.

Қытайға тартылған "Азия" газ құбырында жұмыс істеп жүрген қытайлық жұмысшы. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайға тартылған "Азия" газ құбырында жұмыс істеп жүрген қытайлық жұмысшы. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Ғалым Боқаш Қытайдың Қазақстан жастарына ерекше мән беріп отырғанын айтады. «Қазақстанның үлкен аймақтарында - Алматы және Астана сияқты қалаларында Конфуций орталықтары бар, олар және әжептәуір танымал» дейді ол. Боқаштың айтуынша, «Қытай үкіметі қытай тілін үйрену үшін немесе Қытайда білім алу үшін қазақстандық студенттерге 2000-ға жуық грант бөліп отыр. Жыл өткен сайын қытай университеттері Ресей ЖОО-ларын ығыстырып келеді».

РЕСЕЙМЕН БӘСЕКЕ

Жиын кезінде Ресей мен Қытай арасындағы бәсеке туралы да айтылды. 1991 жылы Совет Одағы тараған соң «жаңадан тәуелсіз болған» Орталық Азия елдеріне ықпал ету үшін Ресей мен Батыс (ЕО мен АҚШ) күресті. Қазір мұнда Батысқа қарағанда Қытай ықпалы басым. Ауғанстаннан Батыс әскері шыққаннан кейін, оның Орталық Азияға ықпалы да әлсірей бастады.

Стэндиштің айтуынша, «Ресей де қарап отырмайды». Бірақ Кремльдің саясатынан соңғы уақытта Ресей көп жапа шегіп отыр. Тіпті Ресей экономикасы күшейген соңғы он жылдықта да Ресей Қытайдың ОА-ға инвестиция салуына кедергі бола алмады. Ал қазір экономикалық тығырыққа тірелген Мәскеудің жағдайы мәз емес, соны пайдаланған Қытай барынша жылдам қимылдап жатыр.

Украина дағдарысынан соң ОА-дағы Ресей беделі біршама төмендеп кетті. Мәскеу «Украинадағы соғысқа еш қатысымыз жоқ» деп мәлімдегенімен, Орталық Азия елдері оған иланбайды. «Өткен жылы Ресейдің әрекетіне күмәнмен қарағандар көп болды. «Қазақстан ешқашан да мемлекет болған емес» деген ерсі мәлімдеме кезінде кейбір адамдар Шығысқа көбірек ыңғай танытты» дейді Стэндиш.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG