Accessibility links

Орталық Азияда қиын кезең басталды


Ипотекалық несие алған борышкерлер коммерциялық банк алдында наразылық акциясында тұр. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Ипотекалық несие алған борышкерлер коммерциялық банк алдында наразылық акциясында тұр. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Орталық Азия аймағында экономикалық дағдарыс басталатыны күні бұрын белгілі болғанымен, биліктегілер оның салдарын азайтудың амалын таба алмай отыр.

Жаңа жылдың алғашқы айында Орталық Азияда экономикалық ахуалдың күрт нашарлағаны айқын болды. Алайда «аймақ елдері бұл дағдарыстан қалай, қашан шығады, ол халыққа қаншалық зардабын тигізеді?» деген сауалдарға жауап болмай тұр.

Азаттық радиосының Түркімен қызметі өткізген дөңгелек үстел Орталық Азияның бүгіні мен болашағын талқылауға арналды. Сұхбатқа Economist Intelligence Unit зерттеу тобының Ресей, Кавказ және Орталық Азия бойынша маманы Алекс Найс пен Freedom House ұйымының «Өтпелі мемлекеттер» жобасының директоры Нате Шенккан қатысты. Пікірталасты Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Мұхаммед Тахир жүргізді.

«ҚАЗАҚСТАНДА БИЫЛ РЕЦЕССИЯ БОЛАДЫ»

Мұнай мен газ бағасының арзандауы аймақ елдерін экономикалық тығырыққа тіреді. Алекс Найстың айтуынша, экономикасы мұнай саудасына тікелей тәуелді Қазақстанға бұл тікелей әсер етті.

– Қазақстан үкіметі былтыр [экономика] 1,5 пайыз өсім береді деп жоспарлаған. Economist Intelligence Uni орталығы биыл [бұл елде] 1998 жылдан бері алғаш рет рецессия болады деп болжап отыр, - деді Алекс Найс.

Шикізат құнының түсуі экономикасы газ саудасына байланған Түркіменстанға да тікелей әсер еткен. Алайда, сарапшылардың айтуынша, өзін жабық ұстайын Түркіменстанның ішінде не болып жатқанын болжап білу мүмкін емес.

Мәскеу іргесіндегі Сахарово елдімекенінде мигранттарға арналған орталық қақпасын жауып жатқан полиция қызметкерлері. Ресей, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Мәскеу іргесіндегі Сахарово елдімекенінде мигранттарға арналған орталық қақпасын жауып жатқан полиция қызметкерлері. Ресей, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Тауар бағасының арзандауы Орталық Азиядан барған миллиондаған мигрант жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген Ресейге де тікелей әсер еткен. 2015 жылы жұмысшы мигранттардың елге жіберетін ақшасы күрт азайған. Тәжікстан мен Қырғызстан – әлемдегі жұмысшы мигранттардың табысына ең тәуелді елдер. Сырттағы жұмысшылардың жіберген жалақысы бұл елдердегі ішкі жалпы өнімнің 40 пайызына тең. Ресейде дағдарыс басталғанға дейін Өзбекстан азаматтары елге жылына 6 миллиард доллар шамасында ақша жіберіп отырған.

Нате Шенкканның айтуынша, табыстың азайғаны өз алдына, «елдеріне қайтып барған мигранттардың болашағы тіпті бұлыңғыр».

Өз елдерінде олар істейтін жұмыс жоқ. Мигранттардың кейбірі жұмыс іздеп Ресейдің бір аймағынан екінші аймағына көшіп жатыр деген де ақпараттар бар. Кейбіреулері тіпті басқа елдерге де кетіп жатқан болуы мүмкін.

Бірақ, Алекс Найстың айтуынша, олардың Ресейден басқа баратын жері жоқ.

– Тарихи байланыстарға және виза тәртібіне байланысты Ресей – ең ыңғайлы ел. Ресейде өмір сүру қанша ауырласа да, бәрібір бұл Таяу Шығысқа, Еуропаға және Азияның басқа бөліктеріне барғаннан әлдеқайда оңай, - дейді сарапшы.

ОППОЗИЦИЯНЫ ТҰНШЫҚТЫРУ

Экономикалық ахуалдың нашарлағанынан қорыққан қазақ және тәжік үкіметтері ел ішіндегі бөтен ойлыларды ерекше қыспаққа ала бастады.

Шенккан Тәжікстандағы жағдайға ерекше тоқталды. Ел үкіметі аймақтағы жалғыз діни партия әрі Тәжікстандағы екінші ірі саяси ұйым – Ислам өркендеу партиясына тыйым салды.

– Бұрынғыдан да әділетсіз өткен сайлаудан соң Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы парламенттен шығып қалды. Қазір бұл партия Тәжікстанда террорлық ұйым саналады, - деді сарапшы.

Нате Шенкканның айтуынша, ықтимал саяси қарсыластарын ығыстырған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз отбасы мүшелерін жоғары лауазымды қызметтерге тағайындай бастады. Мәселен, оның 28 жастағы ұлы Рустам Эмомали Қаржылық бақылау және жемқорлықпен күрес мемлекеттік агенттігінің төрағасы қызметін атқарады. Мұның алдында ол Кеден агенттігі төрағасының орынбасары және Душанбе парламентінің депутаты болған. 27 қаңтарда Эмомали Рахмон 38 жастағы қызы Озоданы президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қазақстан президенттігіне кезекті рет сайлануына арналған концертте мәжіліс вице-спикері қызметіндегі үлкен қызы Дариғамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қазақстан президенттігіне кезекті рет сайлануына арналған концертте мәжіліс вице-спикері қызметіндегі үлкен қызы Дариғамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақын туыстарын жоғары қызметтерге бұрыннан тағайындап келеді. Былтыр қыркүйекте оның үлкен қызы Дариға премьер-министрдің орынбасары қызметіне кіріссе, жыл соңында оның 37 жастағы немере інісі Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Оппозицияны ығыстырып, сыни пікір айтушылардың үнін тұншықтырып, азғантай ғана билеуші топтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болатын шығар, бірақ әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты бас көтеріп жатқан халықты тұқыртып ұстау үшін үлкен қауіпсіздік шараларын қолдануға тура келеді.

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Орталық Азия елдерінің барлығының ұлттық валюталары құнын жоғалтты. Мәселен, Қазақстанда айналасы алты айдың ішінде бір АҚШ долларының бағасы 180 теңгеден 360 теңгеге дейін қымбаттады.

Демонстрация сирек болатын Қазақстанда 16 қаңтарда доллармен ипотекалық несие алған тұрғындар Алматыдағы негізгі банктердің алдында наразылық акциясын өткізіп, несиелерін теңгемен қайта есептетуді талап етті.

Коммерциялық банк алдындағы борышкерлер наразылығы. Алматы, 12 қаңтар 2016 жыл.

Коммерциялық банк алдындағы борышкерлер наразылығы. Алматы, 12 қаңтар 2016 жыл.

Қырғызстанда да ипотекалық несие алған халық үкіметке осындай талаптар қойып жатыр.

Тіпті наразылық шаралары мүлде болмайтын Түркіменстан мен Өзбекстанның өзінде халықтың шыдамы шегіне жетіп тұр. 2015 жылдың сәуір айында Түркіменстанның шығысындағы Лебап қаласында жалақыларын алмаған газ өнеркәсібінің жұмысшылары ереуіл өткізген. Бұл – автократиялық Түркіменстандағы соңғы 20 жылдағы алғашқы наразылық шарасы. Түркіменстан оппозициялық сайттарының ақпараттарына қарағанда, табыстың азаюына байланысты елдегі газ саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жартысына жуығы қысқартылуы мүмкін.

Өзбекстаннан келіп жатқан ақпараттарға сенсек, жалақыларын уақытында ала алмай жатқан жұмысшылардың саны күн өткен сайын көбейіп барады. Олардың арасында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де бар. Сонымен бірге, бұл елдің банктерінде қаржы тапшылығы сезіле бастаған. Әзірге бірді-екілі оқиғалардан елде күйзеліс басталып жатқанын аңғаруға болады.

Алматының «Көк базарында» сүт өнімдерін сататын жерде ақша санап тұрған әйел. (Көрнекі сурет.)

Алматының «Көк базарында» сүт өнімдерін сататын жерде ақша санап тұрған әйел. (Көрнекі сурет.)

Бұрындары газ бен жанармай тапшылығынан жиі жапа шексе де, көп кейіс білдірмей келген Өзбекстан азаматтары соңғы кездері белсенділік таныта бастаған. 18 желтоқсанда Ферғана қаласының 200-ге тарта тұрғыны үйлеріне газ берілмей жатқанына наразылық танытып, Маргилан қаласына апаратын жолды бөгеп тастады. Полиция мен билік өкілдері ауданға газ баллондарын жеткізуге уәде берген соң ғана халық тараған.

Орталық Азиядағы үкіметтердің бұл әлеуметтік мәселелерді шеше алмасы анық, себебі бұлар – бірер айда шешіле салатын мәселе емес, олардың тамыры тереңде жатыр.

Нате Шенкканның айтуынша, Орталық Азия елдерінің үкіметтері қазір қиын жағдайда тұр, себебі олар осыған дейін «әуелі жағдайдың тұрақты екеніне халықтың көзін жеткізуіміз керек, содан кейін ғана демократиялық өзгерістерді бастаймыз» деп келген еді. Әлеуметтік бағдарламалар қысқарып, айлық азайып, жалақы қарызы көбейіп, жұмыссыздық артып жатқан кезде «тұрақтылықты» дәлелдеу қиын болады дейді сарапшы.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG