Accessibility links

Орталық Азия елдерінде сумен бірге сенім де азайып барады


"Достық көпіріндегі" баржа. Термез. 24 қараша 2001 жыл.

"Достық көпіріндегі" баржа. Термез. 24 қараша 2001 жыл.

Әмудария суы жылдан жылға тартылып барады. Рогун су электр станциясының құрылысы дау тудырып отыр. Орталық Азия елдері мәселені шешуде мәмілеге келе алар емес.


Қубай Ортықов - Өзбекстанның орталықтан алыс жатқан аймағы Қарақалпақстанның шаруасы.

- Мақта егіп едік, қанша талпынсақ та, суара алмай қалдық. Осы уақытқа қарай суарудың екінші кезеңін аяқтауды жоспарлаған едік, бірақ олай істеуге еш мүмкіндік болмады, - дейді ол. Соның кесірінен өзбек диханы 20 гектарға егілуі тиіс мақтадан айрылғанын айтты.

Малшылар да қуаңшылықтан зардап шегіп, жем-шөптен қағылып отырғанын айтады Қубай Ортықов. Су тіпті бидай өсіруге де жетпепті.

- Бидай еккен едік, егін дұрыс шықпады. Барлығы осы судың жетіспеуінен болды, - дейді Қубай Ортықов.

Жүздеген мың адам тек қана егін суару үшін емес, ауыз су үшін де Әмударияның суына тәуелді. Ортықов та - солардың бірі. Оның айтуынша, жағдай күннен күнге қиындай түскен.

- Соңғы он жыл ішінде Әмударияның су деңгейі үшінші мәрте қатты төмендеп кетті, - дейді ол, - Жағдайдың нашарлағаны соншалық - жұрт ауылдан қашып жатыр.

БҰҰ ӘМУДАРИЯҒА ТАҒЫ БІР НАЗАР АУДАРТТЫ

Сәл ертерек БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасы (UNEP) Әмудария бассейнінің жағдайы туралы баяндама жасады. Баяндама Орталық Азия елдерінің басшыларын су қорын басқаруда ымыраға келе алмайтындығы үшін сынады. Егер олар күштерін үйлестіре алмаса, Ортықов сияқты шаруалардың болашағы не болары белгісіз.

Бұрын Оксус атымен белгілі болған Әмудария ешқашан мұндай жағдайды бастан кешпеген. Ол тарихта байлығы мен шұрайлылығы үшін жоғары бағаланған. Бұл жердің ақындары өзенге деген сүйіспеншілігін жырға қосқан.

Әмудария Ауғанстанның Тәжікстанмен солтүстік шекарасы орналасқан тұстан бастау алады. Өзен Өзбекстан және Түркіменстан жерімен ағып өтеді.
Cу тасыған кезде Әмудария суы осындай болады.


Қырғызстан, Тәжікстан мен Ауғанстанның кішігірім өзендері қосылып, Әмударияны құрайды. Дария солтүстік-батысқа қарай ағып, Арал теңізінің оңтүстік жағалауындағы сағасына келіп құяды. Әмудария - Орталық Азиядағы 2540 шақырымға созылып жатқан ең ұзын өзен.

Бұл аймақ Совет одағына қараған кезеңде аймақтың ауыл шаруашылығын дамыту мақсатымен су насостары орнатылып, каналдар тартыла бастады. 1992 жылға дейін бүкіл аймақтың су қоры Мәскеу арқылы орталықтандырылған жүйемен басқарылды. Алайда Совет одағы ыдырағалы бері жағдай күрт нашарлап кетті.

Одан бері аймақтың халық саны екі есе көбейіп, суға сұраныс та өсті. Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасы олардың ауыл шаруашылығына тікелей тәуелді. Тәжікстанда ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс күшінің 67 пайызы, Өзбекстанда – 45 пайызы, ал Түркіменстанда – 48 пайызы шоғырланған.

Суға сұраныстың өсуі мен өзен суы көлемінің азаюы мүдделі тараптар арасындағы су қорын басқару туралы таласты қиындата түсті.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи Душанбеде өткен баспасөз конференциясында журналистерге өзен туралы «таластар» Тәжікстан мен Өзбекстанның арасындағы жалпы қарым-қатынастарға әсер етті, ол әлі де жақсарған жоқ деп мәлімдеді.

БАЯҒЫ РОГУН - СОЛ РОГУН

Олар келісімге келе алмайтын негізгі мәселе – Тәжікстанның Совет одағы кезінде басталған Рогун су электр станциясының (ГЭС) құрылысын аяқтау жоспары. Су электр станциясы Әмударияға құятын Вахш өзенінің бойында салынып жатыр.

- Толығымен сипаттамасына сай жасалса, онда ол әлемдегі ең биік ГЭС болмақ, сол себепті бұл жоба Өзбекстан үшін өте маңызды, - дейді Вашингтондағы жаңа нарықтар форумының аға ғалымы Йоханнес Линн.

- Сірә, мәселе Өзбекстан Тәжікстанның төменіректегі су қорын бақылауға алу мүмкіндігінен қорқып, ондай мүмкіндікке ие болуын қаламауында шығар, - дейді ол, - Ал екінші жағынан, Тәжікстан бұл жоба өзінің ұзақ мерзімді дамуы үшін зор мәнге ие екендігіне сенімді. Тәжікстан өзінен ағып шығып жатқан су қорын мүмкіндігінше толық қолданып, өзеннің төменгі ағысында орналасқан басқа елдерге зардабын тигізбеуге тырыспақ.
Рогун су электр станциясының құрылысы. Тәжікстан. 2009 жыл.


Тәжікстан қанша жерден "заң аясында қимылдап жатқанын" дәлелдеуге тырысса да, бұл жоба Өзбекстан басшылары мен Ортықов секілді шаруалардың көңілінен шықпайды. Өзбекстан бөгеттің құрылысын тоқтату үшін бар күшін салды. Өзбектер халықаралық қауымдастықты Рогун ГЭС жобасына орай тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырды. Олар совет билігі 1976 жылы ГЭС жобасын жасағалы аймақтағы жағдайдың өзгеріске ұшырағанын айтады.

Тәжіктер Өзбекстан үкіметін теңізге шықпайтын тәжік жеріне құрлық арқылы транзитпен жеткізілетін тауарларды қысқартты деп кінәлайды. Алайда Өзбекстан теміржол тасымалдарының тоқтауы мен бөгеттің құрылысы арасында ешқандай байланыс жоқ дейді. Сонымен қатар, өзбектер Түркіменстаннан Тәжікстанға жеткізілетін электр қуатын да қысқартып, тәжіктерге қазір ауадай қажет табиғи газды да экспорттауды азайтқан.

Кейбір мамандар мұндай қатаң шаралар тәжік өнеркәсібіне кесірін тигізіп, халықты кедейлендіре түседі деп мәлімдейді. Басқа сарапшылар бұлай қауіптену орынсыз дейді.

БҰҰ-ның баяндауынша, бұл мәселелерді климаттың өзгеруі де асқындатып жіберді.

Баяндама бойынша, 1950 жылдардан бері 40 градустан асқан ыстық күндердің саны екі есе көбейген. Бұл құбылыс әсіресе Әмударияның атырауындағы аймақтарда байқалады. Келесі 50 жылда температура тағы да 2-3 градусқа өсуі мүмкін. Баяндамада Орталық Азияның биік тауларындағы мұздықтардың еріп жатқандығы туралы айтылған. Ал мұздықтардың суы Әмударияның негізгі су көзі екендігі мәлім.

АУҒАН ФАКТОРЫ

Сонымен қатар Орталық Азияның су тартысында ауған мәселесі де өзіндік роль ойнап отыр.

Қазір ауған халқының 80 пайыздан көбі ауыл шаруашылығына тәуелді, ал ондағы суға деген сұраныс күннен-күнге өсіп барады. Бұл фактор Ауғанстаннан төменіректе орналасқан елдердегі су тапшылығын арттырары сөзсіз.

- Ауғанстанның алдағы бірнеше жыл бейбіт түрде дамуына байланысты оның ауыл шаруашылығы ел территориясынан өтетін салаларды көбейтпек. Жергілікті суғару жүйесі үшін су көп мөлшерде қолданылатын болады, - дейді Йоханнес Линн, - Бұл негізгі өзенге құятын судың азаюы деген сөз. Ол әсіресе өзен бойында Ауғанстаннан төмен орналасқан Түркіменстанға әсер етпек. Ал одан соң Өзбекстанға да кері әсер етуі мүмкін.
Ауғандықтар Әмударияның тасығанын тамашалап тұр. Яз Арық Динар. Датасы белгісіз.


UNEP мүшесі Ник Натолла атап өткендей, қолайлы шешімнің табылмауы мен Әмудария суын пайдалануда туындап жатқан мәселелерге қарамастан, статус-кво сол күйінше қалды. Су көлемі азайған сайын, жағдайдың қиындай беруі ықтимал.

- Әмудария бассейні мен оның салалары су қуаты үшін, ауыз суы ретінде, ауыл шаруашылығы мен алдағы бірнеше жылда дамуы мүмкін салалар үшін маңызды роль атқарады. Бұл баяндама бойынша, оның белгілі бір уақыт шегі жоқ, - деді Натолла.

Ол сонымен қатар:

- Бұл баяндама көлемі шектеулі су қорын тұтынып отырған елдер ымыраға келіп, ортақ өзеннің суын саналы, әрі пайдалы түрде қолдану жоспарын жасай алмаса, олардың арасында туындауы мүмкін талас-тартыстардың бетін ашады, - деді.

Өзен суын бірлесіп тұтыну Орталық Азия басшыларының бір-біріне сенім білдіруін қажет етеді. Линн сенім қазіргі кезде жоқ деп санайды.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Зарифи жақында ТМД елдері арасында су қорын үйлестірген түрде қолдануды дамыту жоспарын ұсынды.

- ТМД елдері арасында әріптестік қарым-қатынастар біршама дамыған, бірақ осы су қорын бірлесіп қолдану сияқты маңызды мәселелерді шешу керек, - деді Зарифи.

Күн сайын жағдай қиындап барады. Ал Ортықов сияқты шаруалар мемлекет басшылары ортақ та қолайлы шешім қабылдар деген үмітпен ғана жүріп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG