Accessibility links

Фархунданың анасы Тәжікстанға пана іздеп келді


Қатыгездікпен өлтірілген ауған қызы Фархунданың анасы Бибиходжира Маликзода.

Қатыгездікпен өлтірілген ауған қызы Фархунданың анасы Бибиходжира Маликзода.

Биыл көктемде Кабулда бір топ адам қатыгездікпен өлтірген ауған қызы Фархунданың анасы Бибиходжира Маликзода Душанбеге келді.

Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында Бибиходжира Маликзода қызының қазасынан соң өзіне Кабулдағы құзырлы орган басшылығының өкілі «жұртқа қызымның ақыл-есі дұрыс емес болатын деп жарияла да, өзің қаладан кет, өйткені сенің отбасыңның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ешкім кепілдік бере алмайды» деп мәлімдегенін айтады. Бибиходжира Маликзода отбасымен Тәжікстанға келген, бірақ ол «менің қызым сияқты ондаған қыз-келіншек душар болған қасірет ауған қоғамында жаппай талқылануы тиіс» деп санайды.

27 жастағы Фархунданы қатігездікпен өлтіру оқиғасы Ауғанстан мен өзге елдерде қоғам назарына ілінген. Фархунданы өлтірген адамдарды жазалауды талап еткен қоғамдық ұйымдар жаппай наразылық шерулерін өткізген.

Биыл 19 наурызда ызалы тобыр Фархунданы әуелі өлімші етіп сабап, өртеп, кейін қыздың мәйітін Кабулдағы қасиетті орындарының бірінің түбінен ағып жатқан өзенге лақтырып жіберген. Ауғанстан билігі 49 адамды жауапқа тартқан, олардың ішінде полиция және қауіпсіздік қызмет офицерлері бар. Айып тағылғандардың төртеуі өлім жазасына кесілген, ал 18 адамды кінәсі дәлелденбеуіне байланысты сот залынан босатқан. Тұтқындалғандардың қалған бөлігі түрлі мерзімге сотталған.

Бірақ Фархунданың анасы қызының өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталған жоқ, ал кінәлілер толық жазасын алған жоқ деп санайды. Ол «менің қызымды айуандықпен өлтіру – әйел құқығын аяққа таптаудың айқын көрінісі, оны қоғамда талқылау керек» дейді. Бибиходжира Маликзоданың айтуынша, әлгі қайғылы оқиғадан кейін Ауғанстанда ер кісілер тағы 35 әйелді өлтірген.

Қазанның аяғында интернетте Ауғанстанның Гор провинциясында бір топ ер адамның қызды таспен қалай атқылап өлтіргені түсірілген видеожазба жарияланған. Ел билігі күдіктілердің ұсталғанын хабарлаған. Сүйген жігіті Мұхаммад Гулмен қашып кеткен Рухшона оған тұрмысқа шықпақ болған. 23 жастағы Мұхаммад Гул жұрт алдында дарға асылды. Рухшонаның туыстары қауіпсіздік мақсатында басқа жерге көшірілген.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG