Accessibility links

Өзбекстандық оқушылар металл сынығын жинауға мәжбүр


Ташкент облысында мақта терімінде жұмыс істеп жүрген қыздар.

Ташкент облысында мақта терімінде жұмыс істеп жүрген қыздар.

Өзбекстандық мектеп оқушылары енді мақта теруге бармайды, бірақ металл, қағаз және басқа да мемлекетке қажетті қайта өңделетін шикізатты жинап, тапсыруға тиіс.

Мақта алқаптарындағы жұмыстан босатылған өзбек балалары енді одан та «табысты» істеп айналысып, макулатура мен метал сынықтарын жинайтын болды. Өзбекстанның орталық аймағындағы мектеп оқушылары облыс және аудандық білім басшыларының бақылауымен қайта өңдеу жоспарын орындауға үлес қосады.

МЕТАЛЛ МЕН МАКУЛАТУРА ЖИНАУ

Аты-жөнін атағысы келмеген Жизак облысының бір тұрғыны 8 жасар ұлын металл жинау туралы тапсырманы орындамағаны үшін мектепте сабаққа кіргізбей қойғанын айтады. «1-3 сыныптарда оқитын балалар әрқайсысы 30 килограмм металл сынығын өткізуге міндетті» дейді баласы Мырзашөл ауданындағы 4-мектепте оқитын ата-ана. «Одан үлкендері 43 килограмның нормасын орындауға тиіс. Тіпті бір келісі одан кем болса, қабылдамай тастайды».

Оның айтуынша, ұлының мұғалімімен мәселені талқылағаннан еш пайда жоқ, себебі бұйрықты мектеп басшысы берген, бірақ «басшы ешқашан орнынан табылмайды». «Енді не істеуіміз керек? Балаларымыз мектептен шығуға тиіс пе?» деп сұрайды ол.

Өзбекстанның Самарқанд облысында мектепке металл сынықтарын апара жатқан бала.

Өзбекстанның Самарқанд облысында мектепке металл сынықтарын апара жатқан бала.

Мырзашөл ауданындағы мектеп басшылары мен жергілікті шенеуніктер балаларды еңбекке тартқанын мойындамайды. Бірақ өткен айларда Азаттықтың Өзбек қызметі мектеп оқушыларын мәжбүрлеп жұмысқа салуға қатысты бірнеше оқиғаны хабарлады.

Соның бірінде Жизак облысындағы балабақшаға баратын бүлдіршіннің ата-анасы балалары үшін металл сынығын жинағаны туралы мәлімдеген еді. Қаңтар айында жоғары оқу орындары оқытушыларының студенттерге мемлекеттік мекемелер пайдаланатын қайта өңделген қағаздарды тасытып, тиеткені жайлы ақпарат түсті. Оларды «бұйрықты орындамасаңдар, оқудан шығарамыз» деп қорқытқан.

Басқа аудандардағы балалардың жеке кәсіпкерлер үшін пластик шөлмектер немесе фермерлерге арнап тезек жинағаны туралы деректер бар. Мырзашөл ауданындағы мектеп оқушысының әкесі бұның жаңалық емес екенін айтады – оқушылар бірнеше жылдан бері өздеріне тиесілі металл сынығының үлесін жинап келеді.

«Құқық қорғаушы ұйымдар мақта алқабында ғана оқушылар еңбегін пайдаланады деп ойлап келді» дейді ол. Ауыл тұрғыны жүк таситын көлігін тазалаған кезде оқушылардың «жаңа жыртылған жерге үймелеген қарғалар тәрізді құжынап жүргенін» көрген.

«Ол аумақты тазалау үшін бульдозер жалдады, сенесіз бе, жоқ па – ондаған бала бульдозердің соңынан еріп, металл сынығын жинап жүрді. Одан кейін балалардың бәрі кір-қожалақ болып шықты. Олардан не істеп жүргендерін сұрағанымда жақында металл сынықтарын жинауға тиіс екендерін, соған дайындалып жүргендерін, кейін металды табу қиынға түсетінін айтты» дейді ол.

«БАЛАЛАРҒА ЖҰМЫС ІСТЕТПЕЙМІЗ»

Азаттықтың Өзбек қызметі 14-мектептің директоры Бозорбой Рахмановке хабарласқанда ол Мырзашөл аудандық білім департаментінің металл жинауға мәжбүрлегенін растады. Бірақ мектеп оқушыларын тартқандарын мойындамады.

«Біздің мектеп 5200 килограмм (5,2 тонна) металл сынығын жинауға тиіс, бірақ оған тек мұғалімдерді тартамыз. Жоспарды орындағаны үшін мектепке ақша төлейді» деді директор. Ол былтыр мектеп бөлмелеріне орындықтар сатып алғанын айтты. «Иә, өткен жылы оқушылардың көмектескені рас, бірақ биыл бірде-бір оқушы қатыспасын деп қатаң бұйрық бердім» дейді Рахмонов.

Өзбекстан мектептерінің біріндегі сабақ кезі. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан мектептерінің біріндегі сабақ кезі. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан үкіметінің арнайы бұйрығымен металл сынығын жинау мемлекеттік ұйымдар, білім және медицина мекемелері мен жекелеген фермерлерге жүктелген.

Мырзашөл ауданы басшысының орынбасары Ашир Акбутаевтың айтуынша, Жизак облысынан терілген металл сынықтары Ташкентке көршілес аудандағы үлкен металлургиялық зауытқа жеткізіледі. Азаттыққа телефон арқылы сұхбат берген шенеунік биыл 550 тонна металл сынығын жинауға мәжбүр екенін айтты, бірақ науқанға балаларды тартқанын ол да жоққа шығарды.

«Білім департаментіне түскен бұйрық бойынша мектеп қызметкерлері науқанға қатысады, балалар туралы айтылмаған. Оқушылардың бұл іске араласқан кезі болған емес» дейді ол. Оның айтуынша, жинақталған металл сынықтары металлургиялық зауытқа өткізіліп, олардан өндіріске қажетті заттар жасалады.

МӘЖБҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІ

Өзбекстан әртүрлі салада балалар еңбегін пайдаланатын ел ретінде танымал, бұл елде оқушылар көбінесе мақта жинауға қатысады. Елдегі және шетелдік құқық қорғаушылар осы мәселеге назар аударып келеді. Өзбекстандық балалар өнімді егуге және жинауға қатысады. Walmart, Tesco, H&M және т.б. ірі мақта өнімдерін алатын бөлшек сауда орындары бұған наразылық ретінде өзбекстандық мақтадан бас тартқан еді.

Самарқанд облысында мақта терімінде жұмыс істеп жүрген оқушы балалар. Өзбекстан, 30 қазан 2014 жыл.

Самарқанд облысында мақта терімінде жұмыс істеп жүрген оқушы балалар. Өзбекстан, 30 қазан 2014 жыл.

Нәтижесінде, 2013 жылы Өзбекстан үкіметі алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдеріне мақта жинау кезеңін бақылауға рұқсат етті. Бірен-саран жағдайларға қарамастан, ХЕҰ үкіметтің тырысқанын, мәселені шешуге әрекет жасалғанын атап өткен.

Бірақ Human Rights Watch пен басқа да бірқатар ұйымдардың пікірінше, елде мақта өсіру кезінде мәжбүрлеп жұмыс істету тәжірибесі әлі де қалмай келеді. Өзбекстан үкіметі жыл сайын бұл іске жұмылдыратын миллиондаған адамның ішінде оқытушылар да бар.

Мақта алқабын былай қойғанда, 2014 жылы Азаттық жазғандай, Өзбекстан астанасындағы мұғалімдер түнгі кезекке шығып, мектептегі жылыту жүйелерін тексерген. Азаттықтың Өзбек қызметіне жеткен мәлімет бойынша, ұстаздар түнде жылыту жүйесінің жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп, кем дегенде екі рет мектеп басшылығына қоңырау соғып, есеп беруге тиіс болған.

Садриддин Ашуров пен Фаррух Юсуповтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG