Accessibility links

Мақтаны қайта жапсырып, сақалды күштеп күзеу


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке Ашғабатта орнатылған 21 метрлік ескерткіш. 22 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке Ашғабатта орнатылған 21 метрлік ескерткіш. 22 мамыр 2015 жыл.

Аяқталып отырған 2015 жыл Орталық Азия елдерінде биліктің кереғар, кейде тіпті ақылға сыймайтын жарлықтар шығарғанымен де есте қалады.

ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстан билігі бірер апта бұрын елдің ұлттық символы саналатын ақалтеке тұқымдас жылқының тіршілігін реттейтін заң қабылдады. Бұдан былай ақалтеке жылқысының туған кезде тіркелген аты өзгеріссіз қалуы тиіс.

Жаңа құжатқа сәйкес, ақалтеке жылқысы өлгеннен кейін оны лайықты жерлеу рәсімі ұйымдастырылуы керек. Заңда асыл тұқымды жылқының өлгенін мемлекеттік орган өкілдері тіркеуі тиіс деп көрсетілген.

Ашғабат билігі Түркіменстан астанасының сырт келбетін бұзады деген желеумен, тұрғындардың қарсылығына қарамастан, спутниктік антенналарды бұзып жатыр. Оппозиция «Гурбангулы Бердімұхаммедов режимі Түркіменстан халқын қазір тек спутник тарайтын жүздеген тәуелсіз халықаралық ақпарат құралдары хабарларын көру құқығынан айырмақ» деп дабыл қағады.

Қала әкімшілігінің Ашғабаттағы жаңа стадионның ашылуына көпшілікті шығару шешімі де қайғылы оқиға ұласты: салтанатты шараға жеті сағат кешіккен президентті күткен үш адам (біреуі – бала) күн өтіп қайтыс болып кеткен. Бұл оқиға тамызда болған. Сусыз, тіпті әжетханаға шығуға рұқсат етпеген жұртты қайнаған күн астында – президент келгенше ұстаған.

Ахалтеке жылқысын секіртіп тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Ахалтеке жылқысын секіртіп тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Осы оқиғадан бірер ай бұрын Ашғабат стадионында президент Бердімұхаммедовтің ат үстіндегі 21 метрлік ескерткішін ашу салтанаты өткен болатын. Ескерткіштің ашылу рәсіміне жүздеген оқушы қатысты. Биліктің мәлімдеуінше, бұл ескерткіш «көптеген азаматтың өтініші бойынша» орнатылған.

Ал қарашада Түркіменстанда ақалтеке жылқысы тіршілігін реттейтін заң қабылданды. Үкіметтің мәлімдеуінше, жаңа заң талаптары елдің ұлттық мақтанышына айналған жылқы тұқымын сақтап-баптауды көздейді. Бірақ, кейбір сарапшылар мұны кейінгі жылдары өзін осы жылқы тұқымымен тығыз байланыстырып жүрген президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жеке басына табынуды нығайтуға тырысуы деп санайды. Президент «Халық атбегісі» атағын алғаннан кейін ақалтеке жылқысына арнап кітап жазған.

ӨЗБЕКСТАН: САХНА КИІМІ МЕН МАҚТАНЫ ҚАЙТА ЖАПСЫРУ

Өзбекстанның белгілі поп-жұлдызы Лола сахнада дене түстес элементтері бар костюммен өнер көрсеткеннен кейін республикалық әйелдер комитеті мен «Өзбекнаво» эстрадалық бірлестігі әншілерге арналған сахналық дресс-код енгізуді ұйғарды. Лола «ашық-шашық» көйлек кигені үшін лицензиясынан айырылды. Ал оның әріптестеріне сахнаға иығын немесе балтырын жалаңаштап шығуға тыйым салынды.

Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) дауға қалған концерттік киім үлгісі.

Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) дауға қалған концерттік киім үлгісі.

Бірақ салт-дәстүр «жанашырлары» дресс-кодпен шектелмеді. Қыркүйек айында – үйлену тойлары көбейетін маусым қарсаңында Ташкенттегі үйлену тойларын өткізумен айналысатын мекеме, компанияларға өзбек тойларында жас жұбайларға вальс билетіп, қонақтарға «Love Story» стиліндегі фильмдер көрсету сияқты Батыс мәдениеті ықпалын жоюға пәрмен түскен.

Ташкентте тойларды ұлттық дәстүрге сәйкестендіруге тырысып жатқан тұста Самарқан билігі мақта терімі маусымы аяқталғанға дейін той өткізуге мүлде тыйым салды. Қыркүйектің 6-сы күні облыста жергілікті әкім-қаралардың ауызша жарлығы негізінде бүкіл мейрамханаларда үйлену тойы сияқты ірі шараларды өткізуге бір айға шектеу енгізілді.

Бірақ мақта теріміне байланысты жылдың ең қызық шешімі Ферғана облысында қабылданды. Қазан айында премьер-министр келеді деп күткен облыс басшысы жергілікті тұтқындарды мақтаны қауашағына қайта жапсырып шығуға мәжбүрлеген.

Жергілікті билік мақта алқабындағы «бітік өніммен» осылай мақтанғысы келген. Бірақ премьер-министр облысқа сол күйі келмеген, ал шаруалардың еңбегі зая кеткен.

ҚАЗАҚСТАН: ЕРКІНЕ ЖІБЕРІЛГЕН ТЕҢГЕ

Наурыз айында қала билігі «мемлекеттік туды заңсыз пайдаланғаны» үшін Астана тұрғыны Жандос Құрманбаевты жазаға тартты. Ол қазақстандық боксшының жеңісіне қуанып, пәтерінің балконына Қазақстан туын ілген. Сөйтіп патриотизм танытқан Құрманбаевқа 396 мың теңгенің (наурыздағы бағам бойынша 2134 долларға жуық) айыппұл салды. Ал туды заттай айғақ ретінде тәркілеген.

Бірақ, биыл әлеумет ең көп талқылаған тақырып – Қазақстан билігінің ұлттық валюта бағамын еркін жіберу туралы шешімі болды. Тамыздың 20-сы күні теңгенің долларға шаққандағы бағасы бірер сағаттың ішінде 30 пайызға құнсызданып, әлеуметтік желілердегі жұрттың қызу талқысына түсті.

Елді ұзақ уақыт үзбей басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуір айындағы «теңге құнсызданбайды» деген уәдесіне қарамастан, Қазақстан валютасы тамыз айынан бері 85 пайызға арзандады. 97 пайыз дауыс алған сайлаудан кейін ол: «Егер ондай бірдеңе болып жатса, халыққа өзім ескертемін», - деп сендірген болатын.

Теңге бағамы күрт құлдырағаннан кейін президент Назарбаев үлкен қызы Дариғаны ел премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Кейінірек үкіметтің кеңейтілген отырысында президент өз орнын басатын адам жоғын жариялады. Ол «Орныма қоятын ешкім жоқ. Барлығын жалғыз өзім атқарып келемін, менен кейін келетін адам мүлде нашар болатынын біліп қойыңдар» деп мәлімдеді. Баспасөз қызметі оның бұл сөзін қалжыңға балауды өтінген.

ҚЫРҒЫЗСТАН: БАЛАЛАР АТЫМЕН АНТ ІШУ

АҚШ мемлекеттік департаментінің құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты марапаттауына қарымта жауап ретінде Қырғызстан үкіметінің АҚШ-пен ынтымақтастық келісімін үзу туралы шешімі үлкен шуға айналды. Қырғызстан соты 2010 жылы Асқаровты өмір бойына түрмеге отырғызған.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық келісімін үзу шешімінің кесірі Қырғызстанға көбірек тиді. Өйткені бұл келісімге АҚШ-тың Қырғызстан халқына «гуманитарлық көмек және экономикалық әрі техникалық тұрғыдан қолдау көрсетуін жеңілдету мақсатында» қол қойылған болатын.

Қазан айында Қырғызстан парламенті жаңадан сайланған депутаттарға қымбат креслолар сатып алуды ұйғарды. Әлгі креслоларды 120 жаңа депутатқа арнап сатып алмақ болған. Тендердің жалпы сомасы – екі миллион 682 мың сом (39 мың доллар).

Сайлау алдында мемлекеттік шығындарды азайтуға уәде еткен депутаттарды жұрт әлеуметтік желілерде жаппай сынағаннан соң парламент әлгі тендерді өткізуден бас тартты. Бірақ жаңа парламент жұмысына кіріскен күні депутаттардың бірнеше креслосы сынып қалған, сондықтан жуырда жаңа тендер жариялануы мүмкін.

Тағы бір жанжал Қырғызстан парламентіне өткен партиялардың бірінің ішінен шықты. Сайлаудан кейін «Республика» партиясынан сайлауға түскен кандидаттар депутат мандатын тарату процедурасына қатысты ант бергені әрі оның видеоға жазылғаны белгілі болды.

Мысалы, кандидаттар сайлауға түскен округында жеткілікті дауыс жинай алмаса партия тізімінен өз еркімен шығуға «балаларының бақытымен» ант-су ішкен.

ТӘЖІКСТАН: САҚАЛ КҮЗЕУ, ЕСІМДЕР, ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ

2015 жылы Тәжікстан милициясы да «көреген тапқырлығымен» ерекшеленді. Сәуір айында жергілікті құқық қорғаушылар милиция діни экстремизммен күрес барысында елдегі жігіттердің сақалын күшпен қырғыза бастағанын хабарлаған болатын.

Бұл тосын тәжірибе жайлы хабар худжандтық құқық қорғаушы Рустам Гулов сақал қырғызу науқанына іліккеннен кейін тарады. Милиционерлер оны көшеде ұстап алып, бөлімшеге апарған әрі сақалын күшпен қырғызған. Кейін елдің ІІМ «сақал қыруға қатысты ресми нұсқау, жарлық болмаған, сондықтан мәжбүрлеп сақал қырғызу әрекеті үшін милиция қызметкерлерінің өздері жауап береді» деп мәлімдеген.

Сақал хикаясы мұнымен біткен жоқ. Бір айдан кейін ел үкіметінің дін істері комитеті азаматтарға сақал жіберуге рұқсат беретін жалған құжат сатқан алаяқтардан сақ болуды ескерткен.

Тәжікстанда міндетті есімдер тізіміне қатысты бастама да қызу талқыланды. Желтоқсанның басында Тәжікстан үкіметі жанындағы тіл және терминология комитеті бірыңғай тәжік есімдерінің міндетті тізімін әзірлеп жатқаны әрі келешекте дүниеге келген сәбилерді тек осы есімдермен атауға рұқсат берілетіні белгілі болды.

Тізім құруға үлкен мән беріліп, бұл шаруаға лингвист ғалымдар мен «Тәжікстан ұлттық энциклопедиясы» ғылыми баспасы қызметкерлерін тартқан. Келесі жылдың басында кітап түрінде жарық көретін құжатқа шамамен 4-5 мыңдай қазіргі және көне тәжік есімдері кірмек.

Биылғы жылдың бұл бастамаларына Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды «ұлт көшбасшысы» ретінде жариялап, оған көптеген артықшылықтар беру ұсынысы қосылды. Желтоқсанда парламент осындай заң қабылдады. Жаңа заңда «пешвои миллат» (ұлт көшбасшысы) мәртебесінен бөлек, Эмомали Рахмон, оның отбасы және дүние-мүлкіне қол сұғуға болмайтыны, президент қызметін атқарған кездегі әрекеттері үшін ол жауапкершілікке тартылмайтыны атап көрсетілген.

(«Осы шақ» жобасы жариялаған Толкун Умарилевтің материалынан аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG