Accessibility links

ОА мен Иран дамудың жаңа кезеңіне өте ме?


Түркіменстан тұрғындары осы ел мен Қазақстан және Иранды жалғайтын теміржол маршрутының ашылу салтанатында тұр. 2014 жылдың желтоқсаны.

Түркіменстан тұрғындары осы ел мен Қазақстан және Иранды жалғайтын теміржол маршрутының ашылу салтанатында тұр. 2014 жылдың желтоқсаны.

Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде Орталық Азияның бес мемлекеті Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру жайлы сөз қозғап келді. Оларға жолдың Иран арқылы өтетін бағыты кедергі болған еді.

Енді Тегеран мен әлемдік державалар арасындағы ядролық келіссөз нәтижелі болса, Ұлы Жібек жолының осы елдегі бөлігі де іске қосылуы мүмкін. Сарапшылар мұның Орталық Азия (ОА) елдерінің экономикасына үлкен ықпалы болатынын айтады.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙГЕ БАЛАМА БОЛА МА?

Азаттықтың Түркімен қызметі дөңгелек үстел өткізіп, «Иран санкциялардан құтылған кезде Орталық Азия одан қандай пайда табады?» деген сауалға жауап іздеді.

Шараға Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мухаммад Тахир, Азаттықтың Фарда радиосының өкілі Мохаммад Бохрати, Вашингтондағы Таяу Шығыс институты қызметкері Алекс Ватанка, Лондондағы Иран мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Хусейн Ариан және осы мақаланың авторы қатысты.

Сауда тұрғысынан алғанда Орталық Азия Еуразиялық құрлықтың дәл ортасында, қолайлы жерде орналасқан. Бірақ Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай мен Иранға салынған санкциялар кесірінен бұл бағыттың құрылысы тоқтап тұрған. Аймақтың батысындағы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталмағандықтан, теңіз арқылы сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік болмады.

Ватанка атап өткендей, «солтүстіктегі алып Ресей мен шығыстағы алып Қытайға апаратын бағыт қана ашық» еді. Оның пікірінше, ОА елдері «осы тығырықты бұзуды аңсайды, бірақ оңтүстік бағыт (Ауғанстан, Иран) жабық жатқандықтан, амалдары құриды. Енді олар Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайту үшін еркін сауда қатынастарына Иранның араласқанын қалайды».

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран президенті Хассан Роухани. Астана, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран президенті Хассан Роухани. Астана, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Иран арқылы өтетін сауда жолы Еуропа және Парсы шығанағы елдерімен байланыстырса, ОА-ның бес мемлекетінің сауда жасау мүмкіндігі артады және көршілес «алыптармен» (Ресей, Қытай) келіссөз жүргізгенде, сөздері де салмақтырақ болмақ.

Иранның әлемдік нарыққа шектеусіз араласуы әлемдегі энергетика мәселесін шешуге де оң ықпалын тигізбек. Хусейн Ариан «Иран энергетика саласындағы санкциялардан құтылып жатса, бұл елге шетелдік инвестициялар да құйылатын еді» дейді. Мұндай жағдайда «Иран экономикасы шын мәнінде жанданады».

ЕУРОПА ОДАҒЫНА ГАЗ ТАСУ

Әлемдегі ірі мұнай және газ қорларының бірі Иранда. Оған қоса, бұл елдің аумағы ОА газы мен мұнайын Еуропаға тасымалдайтын қысқа бағыттың бірі болып саналады. Мұндай жағдайда, ОА-ның кейбір елдерінің мұнай тасымалдау ісіндегі Ресейге деген тәуелділігі азая түсер ме еді.

Өткен айда Түркіменстанға келген Иран президенті Хассан Роухани да осы жайтты айтып өткен еді. Тегеран Әзербайжан және Түркіменстан газын Иран ұлттық газ компаниясы (ИҰГК) арқылы Еуропаға (Түркия аумағымен) жеткізуді ұсынды.

Еуропа Одағы (ЕО) Ресей газына тәуелді болмау үшін газ жеткізушілердің көбейгенін қалайды. ЕО «Оңтүстік газ дәлізі» жобасы арқылы Әзербайжан және Түркіменстан газын алуды көздейді, оған Қазақстан мен Өзбекстан да қосылуы ықтимал.

Түркімен газын Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан Еуропаға асыру үшін Транскаспий құбырын салу мақсатында ЕО мен Әзербайжан және Түркіменстан бірнеше ай бойы келіссөз жүргізді. ЕО-ның «Оңтүстік газ дәлізі» бойынша өкілі Марош Шефчович жақында Түркіменстанға келіп, Транскаспий құбыры құрылысын талқылайды.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның Трансанатолия газ құбыры келісіміне қол қойған сәті. Стамбул, 26 маусым 2012 жыл.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның Трансанатолия газ құбыры келісіміне қол қойған сәті. Стамбул, 26 маусым 2012 жыл.

Иран үшін Түркия арқылы өтетін Трансанатолия газ құбыры (TANAP) арзанға түспек. TANAP-тың газ тасымалдау көлемі - жылына 60 миллиард текше метр. Оны толтыруға Әзербайжан газы аздық етеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың ішінде «Иран қатысатын энергетикалық жобалар жүзеге асуы үшін кем дегенде бес жылдан астам уақыт керек» дегендер болды.

Бірқатар сарапшылар «Иран мен Түркия аймаққа көшбасшы болуға таласып, күндердің күнінде Еуропаға апаратын оңтүстік бағытқа қауіп төндіруі мүмкін» деген де пікір айтты. Дегенмен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сәуірдің 7-сі күні Иранға бармақ, сонда күн тәртібіндегі бірінші мәселе – газ тасымалдау мәселесі болмақ.

ОА НЕДЕН ҰТАДЫ?

Ресейдің Иран газына қатысты реакциясын бақылау қажет және Иран Каспий алабынан газ тасымалдау кезінде транзиттік елге айналуы ғажап емес. Иран, Әзербайжан және ОА мемлекеттері ресейлік газды ығыстырып, өз газдарын Еуропаға тасымалдайтын болса, Ресей бұл жағдайда тек ұтылғалы тұр.

Дөңгелек үстелде «Санкциялардан құтылған жағдайда Иран ОА елдеріне қалай ықпал етпек?» деген сауал қойылды. Ватанка мен Ариан Иранның Ислам төңкерісін ОА елдеріне де таратуды армандаған кезі артта қалды дейді. Олардың сөзіне қарағанда, шииттік Иран сүнниттер мекендейтін Орталық Азияға саяси тұрғыда ықпал ете алмайды.

Ариан «Иран Орталық Азияға (ОА) тек экономикалық тұрғыда қызығады» деген пікір айтты. Ал ОА мемлекеттерінің санкциядан босауы мүмкін Ираннан көретін пайдасы көп бола қоймайды. Олардың әрқайсысы Тегеранмен әртүрлі байланыс жасап келеді.

Ирандағы құбыр құрылысы. (Көрнекі сурет)

Ирандағы құбыр құрылысы. (Көрнекі сурет)

1990-жылдардың соңында Иран мен Түркіменстанды жалғайтын газ құбыры салынды. Тегеран Қазақстан және Түркіменстанмен мұнайға қатысты келісімдер жасасқан. Өткен жылдың соңында Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы ашылды. Иран компаниялары Тәжікстандағы жобаларды қаржыландырып отыр.

Дегенмен Орталық Азияны билеп отырған басшылардың көбі - Совет Одағы кезінде Коммунистік партия мүшесі болған тұлғалар, сондықтан теократияға үлкен күмәнмен қарайды. Соған қарағанда, Орталық Азияның Еуропаға Иран арқылы баратын жолы жуық арада ашыла қоймас.

(Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG