Accessibility links

Ислам Каримовтің жиені: Олар анамның көзін құртпақ


Өзбекстанның тұңғыш президентінің жиені Ислам Каримов.

Өзбекстанның тұңғыш президентінің жиені Ислам Каримов.

Өзбекстанның бұрынғы президентінің жиені, атасымен аттас Ислам Каримов "өзбек арнайы қызметі анам Гүлнара Каримованы өлтіруді жоспарлап жүр" дейді. Ол нағашы атасының қазасынан соң үш айдан кейін ВВС-дің Өзбек редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында өміріне қауіп төніп тұрғандықтан Өзбекстанға бара алмайтынын айтты.

Қазір шетелде тұратын кіші Ислам Каримов ВВС-дің Өзбек редакциясына берген сұхбатында анасы Гүлнараның Ташкентте үйқамақта жатқанын, нағашы атасының қазасынан кейін шешесіне қысымның айтарлықтай артқанын айтқан.

Ислам Каримовтің сөзінше, "Өзбекстан арнайы қызметі түрі Гүлнара Каримоваға ұқсайтын әйелді жалдап алған, оны анасына ұқсатып киіндіріп, қалада көлікпен алып жүреді".​

– Қазір ол Яхия Гулямов көшесіндегі үйде қамалып отыр. Шетелге кетті немесе қаланың ішінде жүр деген сөз жалған, – дейді Ислам Каримов.

«АНАМДЫ УЛАП ӨЛТІРЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАМ...»

Ислам Каримов Гүлнара Каримованы үйқамақта ұстап отырғандар «әжемнің адамдары» дейді.

– Олар анамның босап шыққанын қаламайды. Ондайда бәрінің беті ашылып, көптеген сұрақтарға жауап беруге тура келер еді. Бұл сұрақтарға ешкім жауап бере алмайды, бізге және қасымыздағы жандарға не болғанын ешкім түсіндіре алмайды. Заңды айыптау жоқ, – деді Ислам Каримов.

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов (ортада) пен оның кіші қызы Лола Каримова-Телляева (оң жақта), жұбайы Татьяна, үлкен қызы Гүлнәра Каримова (сол жақта), жиені Ислам Каримов.

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов (ортада) пен оның кіші қызы Лола Каримова-Телляева (оң жақта), жұбайы Татьяна, үлкен қызы Гүлнәра Каримова (сол жақта), жиені Ислам Каримов.

Ислам Каримовпен сұхбат жарияланған кезде бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Гүлнара Каримованың тағдыры кеңінен талқыланып жатқан еді.

Ұлының айтуынша, қыркүйектің 2-сі күні президент Ислам Каримовтің қазасынан кейін Гүлнара Каримованың атынан ашылған бірнеше аккаунт шындығында оныкі емес.

– Дәл қазір ол әлеуметтік желіге қосыла алмайды. Ешқандай парақшасы жоқ. Twitter, Instagram беттерінде оның атынан ашылып жатқан парақтар - жалған, жазуын ұқсатып жазады, суретін фотошоппен өзгертеді. Анам мен оның айналасындағы жандарды есеңгірету үшін солай жасап отыр, – дейді кіші Ислам Каримов.

«АНАММЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҒА АЛМАЙМЫН»

Ұлының айтуынша, қазір Гүлнара Каримова сыртқы әлеммен байланыс жасай алмайды, үйқамақта отыр.

– Үйге жақындап, оны көруге тырысқан адамды бірден тұтқындайды. Ондай адамды Гвардия көшесіндегі ұлттық қауіпсіздік қызметінің уақытша қамау орнына апарады, – дейді Каримов.

Ол тіпті анасымен тікелей байланысқа шыға алмайтынын айтады. Бірақ 18 жастағы қарындасы Иман анасын «айына бір рет» көре алады екен.

– Қазір қарындасым «Түркістан» қонақ үйінде тұрып жатыр. Ақпан айында оны анамнан бөліп, сол жаққа жіберді. Ол еркін жүруге құқылы, бірақ қонақ үйге түнеуі керек. Анамсыз ешқайда бара алмайды. Оны елден жібергілері келді, бірақ анамсыз кеткісі келмейді. Егер қарындасым кетіп қалса, анама әлдене болса, ешкім куәгер болмайды, ешкім онымен байланысқа шыға алмайды. Себебі мен онымен тікелей хабарласа алмаймын. Анама бірдеңе болса, тек қарындасым ғана біледі, – дейді Ислам Каримов.

«ТАУДАН ҚҰЛАП ӨЛДІ ДЕР»

Каримовтің жиені ВВС-дің Өзбек редакциясына берген сұхбатында өміріне қауіп төніп тұрғандықтан нағашы атасын жерлеуге бармағанын айтқан.

– Атам, анам және қарындасымнан жақын адам болған жоқ. Бірақ онда барсам, көзімізді жоятындарын білдім. Адамдардан, ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері мен отбасы мүшелерінен ол жаққа барсам, бірден құртатындарын естідім. Анам мен қарындасыма тимей отырған себептері – мен осы жақтамын. Үшеуіміз де сонда болсақ, ұшты-күйлі жоғалып кететін едік. Ол туралы бес-алты жылдан соң хабарлап, мысалы, таудан құлап кетті дейтін еді, – дейді Ислам Каримов.

Бұдан екі жыл бұрын Өзбекстан бас прокуратурасы президенттің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс және алаяқтыққа қатысы бар деп ресми айып таққан еді. Осы мәлімдемеден соң ол үйқамаққа алынған. Соңғы жылдары оның тағдырына қатысты шынайы дерек жоқ.

Өзбекстанда Гүлнара Каримованың үстінен қылмыстық істер Азаттықтың Өзбек қызметі журналистері қатысқан журналистік зерттеуден соң қозғалған. Үлкен резонанс тудырған бұл зерттеу жұмысынан кейін Швеция, Швейцария, Франция, Нидерланд тәрізді еурополық елдер және АҚШ та өз тергеулерін жүргізді.

Аталған елдердің билік орындары Өзбекстанның марқұм президентінің үлкен қызын ірі телекоммуникациялық компаниялардан миллиардтан астам доллар алған деп айыптады. Қазір бірнеше елде Гүлнара Каримоваға тиесілі деп болжанған миллиардтан астам доллар бұғатталған.

(Материал ВВС-дің Өзбек қызметі мақаласы негізінде жазылған)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG