Accessibility links

Ресей Түркіменстанды неліктен қорқытады?


Ауғанстанның Құндық провинциясындағы "Өзбекстан Ислам қозғалысы" мүшелері.

Ауғанстанның Құндық провинциясындағы "Өзбекстан Ислам қозғалысы" мүшелері.

Ресей шенеуніктері мен баспасөзі "Орталық Азия елдеріне Ауғанстаннан әсіредіншіл содырлар кіріп, халифат орнатуы мүмкін" деген сөздерді соңғы кезде жиі айтады.

Ресей шенеуніктерін тыңдаған немесе ресейлік баспасөз хабарларын оқыған адам «Орталық Азия елдерінің халі мүшкіл, Ауғанстанда қаптап жүрген әсіредіншіл содырлар шекараға жақын қалды, енді ТМД елдерінің оңтүстік бөлігінде халифат орнауы мүмкін» деген ойда қалады.

Бұған күмәнмен қарап, «Орталық Азияға (ОА) ықпалын жүргізу үшін Қытай және Батыс елдерімен бәсекелесіп жатқан Ресей қауіпсіздік мәселесін сылтау етіп, ОА мемлекеттерін өзіне түбегейлі қаратып алғысы келеді» дейтіндер де бар.

Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлық радиосы өткізген дөңгелек үстел жиыны осы мәселені талқылады. Хабарға Азатлық директоры Мухаммад Тахир, Ресей халықаралық істер жөніндегі кеңесінің Ауғанстан бойынша сарапшысы Никита Мендкович, Ресей ғылым академиясының тарих институтының аға ғылыми қызметкері және ОА бойынша сарапшы Артем Улунян, бұрын НАТО-ның Орталық және Оңтүстік Азия елдері жөніндегі тобының жетекшісі болған зейнеттегі полковник Шерил Гарнер және мақала авторы қатысты.

Ресейлік шенеуніктер бірнеше жыл бұрын шетелдік күштер Ауғанстаннан Орталық Азияға өтуі мүмкін деп ескерткен еді. «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы былтыр Таяу Шығысқа жасаған жорықтарында жеңіске жеткен соң Ресейдің дабылы күшейіп, жиілей түсті.

АЙМАҚҚА ҚАУІП ҚАЙДАН?

Никита Мендковичтің айтуынша, Талибан немесе оған біріккен топтар қазір ауған-түрікмен шекарасы маңына шоғырланған. «Олардың біразы Түркіменстандағы бекеттерге шабуылдады, шекарадағы ауған полицияларын атқылады, кейбір жерлерде ауған үкіметі жағдайды бақылай алмай отыр» дейді ол.

Ауғанстанмен шекараға жақын Түркіменстан жерінде жүрген жүк көліктері.

Ауғанстанмен шекараға жақын Түркіменстан жерінде жүрген жүк көліктері.

Сарапшылар 1990 жылдардың екінші жартысында, бұрынғы түркімен басшысы Сапармұрат Ниязов тұсында Түркіменстан мен «Талибан» мүшелерінің қарым-қатынасы жақсы болғанын атап өтті. Мендковичтің сөзінше, қазіргі президент Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедов тәліптермен тату емес.

Ол елдегі есірткіге қарсы кампанияны күшейтіп, Талибан өкілдерінің Түркіменстан арқылы есірткі тасымалдауын қиындатқан. Улунян «өздерін тәліптерміз дейтін Ауғанстанның солтүстігіндегі кейбір топтарды Талибан жетекшілерінің бақылап отырған-отырмағаны белгісіз» деді. Сарапшы оларды «ешкімге бағынбайтын топтар» деп сипаттайды.

Гарнер қазір Ауғанстанның солтүстігіне шоғырланып алған "Өзбекстан ислам қозғалысын" (ӨИҚ) мысалға келтірді. Гарнердің пікірінше, Орталық Азияға Талибанға қарағанда ӨИҚ көбірек қауіпті, «тіпті олар ИМ-мен теңесуі мүмкін» дейді ол. Өздерін ӨИҚ деп атайтын, ИМ-не адалмыз деп ант берген бірнеше топ туралы деректер бар.

РЕСЕЙДІҢ МАҚСАТЫ

Қалай болғанда да, Ауғанстанның солтүстігінде әскери топтардың бар екені анық, олардың нақты санын айту қиын, бірнеше жүз адам деген болжам айтылады. Олардың Орталық Азия ішіне ірікті салуы мүмкін бе? ОА елдері Ресейдің көмегіне зәру ме?

Улунян Ресей билігінің нақты мақсатын болжау қиын дей келе, «өзінен бөлініп, тәуелсіздік алған елдердің басына күн туса, сол қиын жағдайды пайдаланып, өз ықпалын жүргізуді көздейді» дейді.

Қазақстан, Түркіменстан және Иранды жалғастыратын темір жол 2014 жылы 3 желтоқсанда ашылған.

Қазақстан, Түркіменстан және Иранды жалғастыратын темір жол 2014 жылы 3 желтоқсанда ашылған.

Никита Мендкович Ресейдің Түркіменстанмен шекаралас болмаса да, Қазақстанмен көрші екенін айтты.

«Ирак АҚШ-тан алыста жатыр, бірақ Америка бұл елдегі жағдайға алаңдайды. Ол Ирактағы қазіргі жағдай Еуропаға, АҚШ-қа және бүкіл әлемге ықпал етеді деп қорқады. Бұл тұрғыдан алғанда, Түркіменстан Ресейге әлдеқайда жақын» дейді ол.

Ал әлдебір дереккөздерде айтылып жүргендей, Ресей Түркіменстанға әскер кіргізіп қойды ма?

«Түркіменстан мен Ресейдің қазіргі қарым-қатынасын есепке алсақ, ол мүмкін емес» дейді Мендкович. Оның айтқанына Улунян да қосылады, бірақ «төтенше жағдай туа қалса деп арнайы әскерді сол жақта жаттықтыруы мүмкін» дейді. Бірақ Түркіменстанның «тұйық» мемлекет екенін ескерсек, ол жақтағы жағдай туралы нақты пікір айту қиын.

Мысалы, түркімен үкіметінің Ауғанстандағы АҚШ күштерімен әріптес болғаны мәлім, бірақ оның нәтижесі белгісіз. Гарнер «НАТО-ның Солтүстік тасымал желісіндегі бір бөлігі болды, Еуропадан Ауғанстанға тасымал жасады» дейді.

Сондықтан Гарнер АҚШ орталық командасының басшысы генерал Ллойд Остиннің «Түркіменстан АҚШ-тан әскери көмек сұрады» деген сөзіне таң қалғанын айтады. Түркімен үкіметі ол жайында ештеңе айтпады.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG