Accessibility links

Қырғызстанда депутаттық иммунитетті жоюға шақырды


Қырғызстан парламентінің отырысы. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл.

Қырғызстан парламентінің отырысы. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл.

Қырғыз парламентіне биыл күзде өтетін сайлау қарсаңында бірнеше фракция депутаттары конституциядан депутаттарды қылмыстық қудалаудан қорғау нормасын алып тастауды ұсынды. Кейбір сарапшылар «ел басшылығы депутаттық иммунитеттен айыру нормасын оппозициялық депутаттарға қысым жасау амалы ретінде пайдалануы мүмкін» деп болжайды.

Қырғызстан конституциясына түзету енгізуді осы аптада «Ар-Намыс» партиясы фракциясының төрағасы Феликс Кулов ұсынды. Оның бастамасын Қырғызстан социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Чыныбай Тұрсынбеков қолдады. Бастама авторларының пікірінше, қылмыс жасап, заң бұзған депутат қарапайым азамат сияқты жауапқа тартылуы тиіс.

Қазіргі заң бойынша, Қырғызстанда парламент (Жогорку Кеңеш) депутаттары коррупция сияқты аса ауыр және ауыр қылмыстық әрекеттер үшін ғана жауапқа тартылуы мүмкін. Өзге қылмыстары үшін депутат парламенттің келісімімен ғана жауапқа тартылады.

ИММУНИТЕТТЕН АЙЫРУ ЗАРДАПТАРЫ

Екі фракцияның бұл бастамасы парламентте пікірталас тудырды. «Атамекен» партиясынан сайланған депутат Тұратбек Мадылбеков иммунитеттен айыру билікке жақпайтын депутаттарды саяси қудалауға ұласуы мүмкін деп қауіптенеді.

– Ертең қуғындау басталса не істейміз? Айталық, ертең бір депутаттың үстінен қылмыстық іс қозғап, мандатынан айырды делік. Ал сот оны ақтап шықса ше? Немесе бизнесмендер келіп, «әйтпесе үстіңнен қылмыстық іс қозғауды талап етеміз» деген қоқан-лоқымен әлдебір құжатты қолдауға мәжбүрлесе ше? – дейді депутат.

Қырғыз оппозициясының шеруіне қатысушылар. Бішкек, 24 сәуір 2013 жыл.

Қырғыз оппозициясының шеруіне қатысушылар. Бішкек, 24 сәуір 2013 жыл.

Әріптесін қолдаған депутат Нұркамил Мадалиев бұл бастаманың астарында оппозициялық депутаттарды тұқыртып алу сияқты жасырын мақсат жатуы мүмкін деп болжайды. Оның айтуынша, тергеуге іліккен депутат билікке қарсы шыға алмай қалады.

Қазақстандық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов ұсынылып отырған түзетудің астарынан қауіпті тенденция байқалатынын айтады. Журналист депутаттар иммунитетінен айырылған соң саяси қарсыластарының ыңғайлы нысанасына айналады деп санайды.

– Иммунитетінен айырылған депутат үкіметтің ыңғайлы нысанасына айналады. Мына түзетулер қабылданса, билік бақылауындағы құқық қорғау органдары арқылы өз саясатын жүргізуге кедергі келтіргендердің бәрін тұқыртып алатын қуатты құралға ие болады. Мына бастаманың артында парламентті ырқына көнетін елпек орган етуді көздейтін ел басшылығы тұрған сияқты. Бұл – өте қауіпті тенденция, - дейді Сергей Дуванов.

АЙЫПТАУЛАР МЕН ШАБУЫЛДАР

Сәуірдің 9-ы күні Қырғызстанның оңтүстігіндегі ең ірі қала – Ошта белгісіз біреулер оппозиции белсендісі әрі Ош облысы ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы Абдылда Қапаровтың үйіне шабуыл жасап, жиналыс өткізіп жатқан оппозиционерлерді ұрып кеткен. Ұлттық оппозициялық қозғалыс жетекшілері Кубанычбек Қадыров пен Тологон Келдібаев, Жалалабад облысының экс-губернаторы Бектұр Асанов пен оның оққағары Ұлықбек Маматаев соққыға жығылған. Олар Жалалабадта өтетін жиналысты талқылап отырған.

Қырғыз оппозициясының белсендісі Абдылда Капаров. Ош, 10 сәуір 2015 жыл.

Қырғыз оппозициясының белсендісі Абдылда Капаров. Ош, 10 сәуір 2015 жыл.

Оппозиционерлер бұл оқиғаға жергілікті билік пен криминалдық топтардың қатысы бар деп санайды. Ал ішкі істер министрлігі Азаттыққа «оппозиционерлерді соққыға жығу оқиғасы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және милицияға ешқандай арыз түскен жоқ» деп мәлімдеді.

Осы аптада «Искра» газетінде «18 жыл бұрын әйел зорлауға қатысқан депутат» деп жазылған мақаланы парламенттің вице-спикері Торобай Зулпукаров парламент сайлауы қарсаңындағы арандатуға балайды.

– Бас прокуратураға шағымдандым. Менің мұндай бап бойынша қылмыстық жауапқа тартылмағанымды растаған жауап келді. Егер ондай қылмыс жасасам, жазамды құдай берсін. Бұдан өткен ауыр қарғыс жоқ. Мұның бәрі – арсыздықпен жабылған жала, - дейді вице-спикер.

Депутат Торобай Зулпукаров – кезінде жұртты шулатқан гей-насихат пен букмекерлік кеңселерге тыйым салу туралы заң жобалары авторларының бірі. Ол сонымен бірге хиджаб киюге тыйым салған мектеп директорын жауапқа тартуды ұсынған депутат ретінде де танылған.

Сарапшылар «елдегі негізгі саяси оқиға» деп атаған Қырғызстан парламенті сайлауы биыл қарашада өтуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG