Accessibility links

Йеменге Орталық Азиядан барған дәрігерлер


Әйелі Йеменде дәрігер болып жұмыс істеген Тәжікстан азаматы Фирдауси Абдуллоев ол елден кеткен.
Әйелі Йеменде дәрігер болып жұмыс істеген Тәжікстан азаматы Фирдауси Абдуллоев ол елден кеткен.

Йемендегі қақтығыстарда жүздеген адам опат болды. Ол елге Орталық Азиядан барған медицина қызметкерлері тығырықтан шығар жол іздестіріп жатыр.

«ҰШАҚТАР БӨГЕЛДІ»

Йеменде Орталық Азиядан барып жұмыс істеп жүрген жүздеген медицина қызметкерлері елдегі шиеленістен зардап шегіп отыр. Оларды құтқару жұмыстары қолға алынғанымен мәселе әлі шешілген жоқ.

Ресей ұшақтары Йеменнен Ресей азаматтарына қоса Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан барған дәрігерлер мен мейірбикелердің біразын алып шықты. Бірақ, қақтығыс барған сайын өршіп, әуе немесе теңіз арқылы эвакуациялау қиындады, сол себепті әлі талай отбасы Йеменнен шыға алмай отыр.

Йеменде аласапыран жағдай басталып, елдің көп бөлігін хуситтер басып алғалы бері Орталық Азия мемлекеттері өз азаматтарын ол елден кетуге шақырып жатыр.

Йемен астанасы Санадағы әуе шабуылы кезіндегі көрініс. 8 сәуір 2015 жыл.
Йемен астанасы Санадағы әуе шабуылы кезіндегі көрініс. 8 сәуір 2015 жыл.

Иранға арқа сүйеген шииттер мен Сауд Арабиясы қолдайтын үкімет күштері бір-бірін әуе арқылы атқылай бастады. Қиын жағдайда қалған медициналық қызметкерлердің өміріне әуе шабуылы немесе атыс кезінде төнетін қауіп ұлғайды.

«Бұл жердегі әр ауруханада үш-төрт өзбек бар» дейді соңғы төрт жыл бойы Йеменде қызмет етіп жатқан өзбекстандық дәрігер Акбар.«Біраз адам әуежайға барып, сонда төрт күн отырдық, бірақ Йеменнен шығатын ұшақтарға отыра алмадық» деді ол Азаттықтың Өзбек қызметіне.

«Бізге сәуірдің 6-сы күні ұшқан ұшақ соңғысы деп айтты, рас-өтірігін білмеймін» дейді Акбар.

Йеменде нақты қанша өзбек бары белгісіз, мөлшермен бірнеше жүзден үш мыңға дейін болса керек. Аты-жөнін айтқысы келмеген өзбек дәрігерінің қызы қазіргі кезде анасы Йемен астанасы – Санада екенін, соңғы аптада әуе шабуылы тоқтамай, жағдайы ауырлап кеткенін жеткізді.

«Әуежайды атқылағандықтан, ұшақ жерге қона алмаған, сондықтан елден кете алмады. Маған хабарласып, алаңдамауымды өтінді. Біздің жергілікті телеарналарымыз бұл жайында ештеңе айтпайды» деді ол.

«ҚИЫН БОЛСА ДА ҚАЛАМЫН»

Йеменде жұмыс істеп жүрген көптеген орталық азиялық дәрігерлер мен медбикелер ол елге ресейлік компаниялармен жасасқан келісім-шарт бойынша барған. Өзбекстандық медицина өкілдерінің бірқатары Отандарына қайтуға ниетті емес, себебі олар Йеменге Ресей арқылы заңсыз кеткен. Енді елге оралса қылмыскер деп айыптап, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Йеменде ұрланған Гүлрухсор Рофиеваның (сол жақта) бірнеше айлық кепілден босағаннан кейінгі сәттері. 10 ақпан, 2015 жыл.
Йеменде ұрланған Гүлрухсор Рофиеваның (сол жақта) бірнеше айлық кепілден босағаннан кейінгі сәттері. 10 ақпан, 2015 жыл.

Сот жазасына қоса, Орталық Азиядан барған медицина қызметкерлерінің біразы жұмыс орнын жоғалтып, табыссыз қалудан қорқады. Өз елдерінде орта есеппен айына 100 доллар алатын дәрігерлер Йеменде кем дегенде 600 долларға дейін табады. Кейбіреулеріне тегін баспана тәрізді жеңілдіктер беріледі.

Көпшілігі елінде қалған отбасына ақша салып тұрады. Сондықтан тәуекелге бел буып, «не болса да осында қалып жұмыс істей береміз» деп отырғандар бар. Мысалы, Қырғызстан азаматы Нұрбек Исраилов Йеменнің оңтүстігіндегі Аден портынан 700 километр қашықтықта орналасқан Саййам қаласында дәрігер болып істейді. Ол қауіпті болса да бұл жерден кетпейтінін айтады.

«Жергілікті халық бір-бірімен соғысып жатыр. Дәрігерлердің оған қатысы жоқ. Осында қызмет істеп жүрген 20 шақты қырғыз дәрігерін танимын, көбі Қырғызстанның жағдайы тұрақсыз оңтүстігінен келген» дейді Исраилов.

Бірақ, Йеменнен кетуге асығып жүргендер де аз емес. «Катардағы Тәжікстан елшілігі бізге көрші Оманға баруға кеңес берді» дейді соңғы 10 жыл бойы Йеменде жұмыс істеген тәжік дәрігері Хадия Додожонова. «Сауд Арабиясы оған рұқсат етпейді. Махрах провинциясына (Оманмен шекаралас) автобус арқылы бардық» дейді маман.

Йеменнен адамдарды алып шығуға барған Ресей ұшағы жанында бала көтеріп тұрған әйел. 7 сәуір 2015 жыл.
Йеменнен адамдарды алып шығуға барған Ресей ұшағы жанында бала көтеріп тұрған әйел. 7 сәуір 2015 жыл.

Ол да өзге отыз шақты тәжік дәрігерлері тәрізді аласапыраннан қашып, өздері келген елден салыстырмалы түрде тыныш аймаққа бас сауғалап барған. Катардағы Тәжікстан елшілігі Йеменде бүлік басталғанға дейін 200-ге жуық тәжік медицина қызметкерлері бар болатын дейді.

Олардың жүз шақтысы Ресейге эвакуацияланған, сол жақтан кейбірі еліне оралған. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі жақында Йемендегі тәжік азаматтарын қауіпсіз аймаққа көшіріп алып, Ресейдің көмегімен үйіне қайтарамыз деді. «Бұндағы жағдай өте нашар. Жанармай мен ауыз су тапшы» дейді Хадия Додожонова.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG