Accessibility links

Орталық Азияның аймақтық дерттерін жаңа буын емдемек


ЕҚЫҰ академиясы және «Неміс толқыны» медиакомпаниясы бірлесіп ұйымдастырған журналистердің жазғы мектебінің тыңдаушылары. Бішкек, 1 шілде 2011 ж.

ЕҚЫҰ академиясы және «Неміс толқыны» медиакомпаниясы бірлесіп ұйымдастырған журналистердің жазғы мектебінің тыңдаушылары. Бішкек, 1 шілде 2011 ж.

Орталық Азия тап болған жер мен суға талас және этникалық араздық сияқты мәселелердің көбі көрші елдер бір-бірін одақтас емес, бәсекелес деп санайтындықтан туады. Ал Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясы сияқты мекемелер бұндай үрдістің алдын алуға тырысып жатыр.


ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР МЕКТЕБІ

ЕҚЫҰ академиясы болашақ саясаткерлер, кәсіпкерлер мен әлеуметтік жұмысшыларға тиісті білім беріп, оларды кез-келген әрекетті бір ел деңгейінде емес, бүкіл аймақ деңгейінде қарастыруға шақырады. Оқытушылардың бірі Наташа Ефимова Орталық Азияның түкпір-түкпірінен жазғы мектепке жиналған жас журналистер тобын қарсы алды.

10 апталық қарқынды бағдарламаның барысында студенттер теле, баспа және радио журналистика негіздерін үйренеді. Оқу кезінде бүгінгі көкейкесті мәселелер болып табылатын тұтынушы құқықтары, денсаулығы мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы да аталып өтті.

Бағдарламаның мақсаты – жас журналистерді, Орталық Азиядағы репортерлердің жаңа буыны ретінде, жауапкершілігі мен құқықтары
Журналистер жазғы мектебінің студенттері оқытушы Наталья Ефимованың (сол жақта) дәрісін тыңдап отыр. Бішкек, 1 шілде 2011 ж.

туралы хабардар ету. Бүгін Ефимова студенттермен аймақта үлкен резонанс туғызған жанжал мәселесін талқылай бастады да, "жанжал" деген ұғымға қатысты студенттерден үш түрлі: "мүдделер қақтығысы", "өшпенділік" және "түсініспеушілік" деген анықтама естіді.

Deutsche Welle («Неміс толқыны») медиакомпаниясы мен ЕҚЫҰ академиясы бірігіп қаржыландыратын Қырғызстан астанасында орналасқан бұл жазғы мектептің ашылғанына екі жыл болды.

НӘЗІК МӘСЕЛЕ

ЕҚЫҰ академиясы дамып келе жатқан Орталық Азия университеті мен Америкалық Орталық Азия университеті сияқты бағдарламалар мен институттардың бір бөлігі. Кейбір мамандар академия ұлтшылдық пен этникалық зомбылық көбейіп келе жатқан Орталық Азия аумағында ашық-жарқын, аймақтың мәселелерінен хабардар жастарды тәрбиелейді деп үміттенеді.

Жазғы мектептің оқытатыны – журналистика негіздері. Яғни, студенттер оқырманды қызықтыратын кіріспені қалай жазу керектігін, дерек көзіне сенуге болатынын, я болмайтынын анықтауды үйренеді. Алайда бұл сабақтардың негізгі құндылығы – Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген адамдарды бір бөлмеге жинап, оларға ой азаттығына ұмтылуды үйрету.

- Бізде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық қақтығыс пен оның қарапайым адамдарға әсері туралы жазып жатқан тәжік қызы бар. Ал бір өзбек қызы Қырғызстандағы оқиғалардан кейін болған әділеттен аттап өту әрекеті өзбектерге залалын тигізгендігі жайлы жазды. Басқа өзбек қызы болса Қырғызстандағы өзбек тілді мектептер туралы жазған еді. Осылайша Орталық Азияның бір мемлекетіндегі оқиғаларды өз еліңнің оқырмандарына жеткізу идеясын жүзеге асырмақшы болдық.

«Халықтар достығы» идеалын берік ұстанған Совет Одағы ұлттардың араласуын қолдап, ұлтшылдықты жою үшін университеттер, спорт мектептерін, тіпті, әскери қызметті қолданды. СССР құлаған соң бұл саясат та күшін жойды.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ

Пост-советтік кез-келген ел секілді Орталық Азия елдері де соңғы екі онжылдықты ұлттық ерекшелікті қайта қалпына келтірумен әлек.

Алайда нәтижелер көңілден шығарлықтай емес. Шекара мен су қорлары үшін туындап жатқан таластар көршілес мемлекеттердің қарым-қатынасына нұқсан келтіріп тұр. Олардың үшеуін – Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанды – Совет Одағы кезінен келе жатқан саяси жетекшілер басқарып отыр (Түркіменстан, 2006 жылы совет кезінен кейінгі алғаш президентін сайлады, алайда қанаудан құтылған жоқ).

Бір кезде аймақтағы демократияға ең жақын көрінген Қырғызстанның өзі соңғы жылдары ішкі қақтығыстардан зардап шегіп келеді. Былтыр елдің оңтүстігінде туған қырғыздар мен өзбектер арасындағы қақтығыс кезінде 400-ден астам адам мерт болды. Енді жұрт онсыз да тынышсыз Ферғана аңғарында зорлық-зомбылық көбейеді деп қорқа бастады.

Лондон экономика мектебіне қарасты мемлекеттік дағдарыстарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Анна Матвеева жақында қырғыз қақтығыстарын зерттеу мақсатымен құрылған халықаралық тергеу комиссиясының басшысы болып қызмет атқарған. Ол Орталық Азияны тынышсыз аймақ деп атайды, ал ондағы жағдайдың тынышсыз көршілердің кесірінен нашарлай түскенін айтады.

- Бұл өте қауіпті көршілестік. Аумақтың оңтүстігінде Ауғанстан мен Иранның орналасуы Орталық Азия елдері үшін қауіп тудыратыны сөзсіз. Бұл елдер арасында ертеден келе жатқан территория мен этникалық даралық жайлы даулармен қатар табиғи қорларды бөлісу жайлы жаңа араздық туған. Ешкім транзит пен көлік алымының едәуір бөлігінен құр қол қалғысы келмейді. Осылайша көрші елдер арасындағы қарым-қатынастар, әсіресе, Орталық Азияның шығыс бөлігінде, қиындай түсті, - деп санайды Матвеева.

КӨРШІМЕН ТАНЫСУ

Алайда шиеленісті сезбейтіндер де бар екен. 24 жасар Тәжікстан азаматшасы Савриноз Файзова Бішкектегі жазғы мектепке келу үшін елінен алғашқы рет шығып отыр.

«Вечерний Душанбе» мен Digest Press басылымдарында фрилансер болып жұмыс істейтін Файзова шетелде оқуын өзіне берілген кәсіби қасиеттерді жетілдіру үшін тамаша мүмкіндік ретінде қарастырып, өзінің күллі аймақ пен ондағы адамдардың проблемаларын тереңірек түсіне бастағанын атап өтті.

- Біздің ұқсастықтарымыз көп. Барлық елдерге ортақ бір мәселе – ақпаратқа қол жеткізу. Алғашқы келген күні барлығымыз да «Біз ақпарат ала алмай жатырмыз, біз өзіміз қалаған түрде ойымызды жеткізуге еріксізбіз» деп едік. Менің байқағаным, біздегі (Тәжікстандағы) заңдар мен шектеулер Қырғызстан, Қазақстан мен Өзбекстандағы заңдармен үндес келеді, - дейді Савриноз Файзова.

ЖАСТАРДЫ ДАЯРЛАУ

Орталық Азия елдері саяси реформалар жүргізуге асықпағанымен, көп жағдайда пост-советтік алғашқы буынды тәрбиелеуге даярлығын көрсетті. Олар үшін тәрбие беру жастарды шетелге жіберу болып саналады.

Атап айтқанда, энергетикалық қоры мол Қазақстан шәкіртақылық бағдарламаларға орасан көп ақша бөліп, мыңдаған студенттері мен түлектерін АҚШ пен Еуропаға жібереді (2011 жылдан бастап автор айтып отырған «Болашақ» стипендиясын иеленушілерді шетелдік оқу орындарында емес, Астанада жаңадан ашылған Назарбаев университетінде оқуға мәжбүрлей бастады - Азаттық).

Бұл әрекеттер жаңа, заманауи саяси жетекшілер буынын құруға арналған сияқты. Бұл буын уақыт өте ақырындап Орталық Азияға қазіргі билік басындағылар енгізуге мәжбүр болатын жаңа реформалар алып келуі мүмкін.

Бағдарламалар халықаралық бәсекеге икемді және ұлт мүддесін көздейтін студенттерді дайындау үшін жасалынған. 2002 жылы Бішкекте құрылған ЕҚЫҰ академиясы болса, қырғыз үкіметі мен ЕҚЫҰ арасындағы келісімге сәйкес, керісінше, оқушыларын демократиялық құндылықтарға дағдыландырып, оларды тек өз еліне емес, жалпы аймаққа таратуды үйретпекші.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Ұйымдастырушылардың айтуынша, саясаттану саласында магистр дәрежесін алуға, сонымен қатар адам құқықтары мен мемлекеттік саясат секілді салаларда кәсіби дайындықтан өтуге мүмкіндік беретін мектеп аймақтағы үкіметтер мен азаматтық қоғамға маман даярлауды көздейді.

Сонымен қатар бұндай орталықтар радикалды ислам, Қытай және, ең бастысы, теріс ұлтшылдықтың тереңдеуі сияқты демократиялық емес күштердің етек жаюына қарсы тұрмақ дейді академия директоры Максим Рябков.

- Бұл аймақ тек қана экономикалық, я дәстүрлі ерекшеліктеріне қатысты бөлінбейді. Оның бөліну ерекшелігіне бір-бірін білмеушілік пен көршісіне
Журналистер жазғы мектебіндегі көрнекі құралдар. Бішкек, 1 шілде 2011 ж.

әділетсіз қарсылысы ретінде қарау сияқты факторлар да жатады. Көрші елге қарсы неше түрлі соқыр сенімдер бар. Түрлі елдерден студенттерді бір жерде жинау арқылы біз сондай соқыр сенімі жоқ, әрі бұндай үрдіске қарсы тұратын элита құрамыз деп үміттенемін, - дейді Рябков.

Академия кішігірім ғана, студенттері көп емес, әдетте жастары әр түрлі, кейбіреулері Ауғанстан мен Польша секілді алыс жерлерден келген. Соған қарамастан, түлектердің 89 пайызға жуығы Орталық Азияда қалып, көбісі мемлекеттік, не әлеуметтік мекемелерде қызмет істеп жүр.

Орталықтың ең табысты түлектерін атап өтсек, Ауғанстанның сыртқы істер министрлігінде қызмет ететін Захидулла Джалали, түркіменстандық Атажан Язмурадов қазір БҰҰ-ның саяси мәселелер бөлімінде істейді, және Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласындағы аз ұлттардың істерін қарастыратын мемлекеттік емес мекеме жобасының үйлестірушісі Дильдора Хамидова.

ЕҚЫҰ академиясы мен Америкалық Орталық Азия университеті (АОАУ) секілді орталықтардың оқытушылары студенттердің көбі аймаққа пайдалы болуға ғана емес, жақсы білім алу мен тамаша мансапқа жету мүмкіндігіне қызығып келгенін мойындайды.

Бір семестр АОАУ-да «Фулбрайт» гранты бойынша сабақ берген философия ғылымының адъюнкт-профессоры Джон Махони студенттердің көбісі саясатқа енжар қарайтындығын байқағанын айтты. Бұл пост-советтік кезден қалыптасқан үкіметті жек көрушіліктің белгісі, бұндай үрдіс Орталық Азия елдерінің көбінде сақталып қалған. Алайда студенттер мемлекеттік қызмет пен саяси мансапқа қызықпағанымен, көрші елдер арасындағы шиеленістің үдеуі мен мемлекет басшыларының оны тоқтатуын қаламайтынына алаңдайды.

Студенттер Орталық Азия мәселелерін шешуде бұрын-соңды қарастырылмаған шешімнің бар екенін сезетін сияқты көрінеді. Және де ол шешім ұлттық ерекшеліктер мен аймақшылдық жайлы ұрыс-керіске қатыссыз болуы керек.

Дәл осы кезде студенттер Орталық Азияда туындап жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешудің өз жолдарын ойлап табуда. 2010 жылы АОАУ студенті Надежда Пактың көмегімен ұйымдастырылған «Бірлік» қоры оңтүстік Қырғызстандағы балалардың әл-ауқаты мәселелерін шешу үшін жұмыс істейді.

ПАНЕУРАЗИЯЛЫҚ БІРЛІК

Пактың ұлты – корей, туған жері – Өзбекстан, алайда жасөспірім кезінде ол Қырғызстанға көшіп келді. Оның мәлімдеуінше, жоғары сыныптарда оқушы алмастыру бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып келуі оған этникалық әртүрлілікке төзімділікпен қараудың маңызын түсінуге көмектескен. Надежданың бұрын бизнес саласында мансапқа жеткісі келген еді. Алайда, АҚШ-та өмір сүріп, ондағы түрлі ұлт өкілдерінің араласып тату өмір сүретінін көрген соң, өз еліндегі этникалық жанжалдарға таң қалғандығын айтты.

Қазір АҚШ-тың оңтүстігіндегі Джорджия штатында жұмыс істеп жүрген Пактың айтуынша Қырғызстанда бастауын алған «Бірлік» қоры болашақта өз жұмысын Ауғанстан секілді елдерде де жалғастырмақшы.
Оңтүстіктегі жетімдер үйлері мен балалар ауруханаларына материалдық жәрдем мен қолдау көрсететін қордаы толығымен дерлік Орталық Азия, Қытай, Оңтүстік Корея, Македония, Ұлыбритания мен АҚШ-тан өз еркімен келген жастар жұмыс істейді.

- Біздің қорда, шын мәнінде, түрлі адамдар жиналған. Оның ортақ құрылтайшылары Қырғызстан мен Қытайдың тұрғындары. Қытай қызы қорымыздағы ең белсенді адам болып есептеледі. Оның бұндай қасиетін ұлтымен байланыстыруға болмайды, ол адамның жеке тұлғасына байланысты, - дейді Надежда.

Панеуразиялық бірлікті нығайтуға талпыныс қиынға соғып отыр. Себебі пост-советтік елдердің көбісі 70 жыл СССР-дың құрамында болғаннан кейін ақырында ұлттық мүдделерін аймақтық, тіпті, ғаламдық мүдделерден жоғары қоюға бейім.

АҚШ-тағы Muskie шәкіртақысын алушы, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқып жүрген Бақыт Өмірзақов есімді жас қырғыз бұл жұмбақты жақсы түсінеді. Үйге келгенде миграция мен даму саласында қызмет еткісі келетін 36 жасар Өмірзақов Қырғызстан азаматы болмай тұрып СССР азаматы болған кез туралы былай дейді:

- Совет кезі әлі есімде. Қырғыздар ғана емес, барлық ұлт өкілдері өзін совет адамдары деп санайтын. Оңтүстік Қырғызстан, солтүстік Қырғызстан сияқты кішігірім бөлінушілік болмаған. Кім екендігіңді тек қана жеке қасиеттеріңмен көрсете алатынсың.

Желтоқсанда Канзас университетінен магистр дәрежесін алайын деп жатқан Өмірзақов Совет Одағы ыдыраған соң Қырғызстанның бай тарихы жайлы оқып білу мүмкіндігі туғанына қатты қуанғандығын айтты.

- Тәуелсіздік алғалы біздің көзқарасымыз бен ойлауымыз түбегейлі өзгерді, - дейді ол, - оқу барысында кездестірген қазақ және тәжік студенттері Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін жаңа бір қозғалыс ұйымдастырудың маңызды екенімен келісті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG