Accessibility links

Түркіменстанда репрессия жалғасып жатыр


Азаттықтың Түркімен қызметінің штаттан тыс тілшісі Сапармамед Непескулиев. Youtube сайтындағы видеодан скриншот.

Азаттықтың Түркімен қызметінің штаттан тыс тілшісі Сапармамед Непескулиев. Youtube сайтындағы видеодан скриншот.

«Сіз бәле іздеп жүресіз, енді өз басыңызды қырсық шалады. Өзіңіз бен отбасыңыздың болашағына балта шаптыңыз». Түркіменстан билігі жергілікті тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларға шүйліккенде осындай сөздерді қолданады.

Азаттық радиосында жұмыс істеп келе жатқан 20 жылдың ішінде Орталық Азиядағы кейбір тілшілеріміздің осындай ескерту алғанын білемін. Шенеуніктер, қауіпсіздік қызметінің өкілдері немесе полиция қызметкерлері біздің журналистерді «шетелдік үкіметке жұмыс істеп, жалған ақпарат таратасыңдар, өз елдеріңе опасыздық жасап жүрсіңдер» деп айыптайды.

Кейбір тілшілеріміз соққыға жығылды, қамалды, ал бір адам түрмеде көз жұмды.

Жергілікті тілде Азатлық деп аталатын Азаттықтың Түркімен қызметін кейінгі уақытта қырсық жиі шалатын болып жүр. Соңғы кездегі сондай оқиғалардың бірі – Азатлық пен Түркіменстанның балама жаңалықтары (ATN) сайтының тілшісі, 35 жастағы Сапармамед Непескулиевтің есімімен байланысты.

НЕПЕСКУЛИЕВ ІСІ

Шілденің басында Непескулиев өзі тұрып жатқан Балқанабад қаласынан Аваза курорт аймағына ақпарат жинауға жолға шығады. Шілденің 7-сі күні ол отбасына Авазадан қоңырау шалып, сол күннің кешінде үйде болатынын айтады.

Бірақ Непескулиев сол беті үйіне оралмайды. Туыстары жергілікті билікке хабарласып, оның жоғалғанын айтады, билік әуелгіде оның қайда кеткенінен хабарсыз кейіп танытады. Непескулиевті іздеген отбасы ол болуы мүмкін деген барлық жерлерді қарайды, тіпті мәйітханаларды да сүзіп шығады.

Каспий жағасындағы Аваза курорт аймағы. Түркіменстан, 4 шілде 2014 жыл.

Каспий жағасындағы Аваза курорт аймағы. Түркіменстан, 4 шілде 2014 жыл.

Ақыр соңында, шілденің 28-і күні қарындасы Авазадан 30 километр қашықтықтағы түрмеге барғанда, Непескулиевтің сонда қамауда отырғаны анықталады. Оны «есірткі заттары бар таблеткаларды заңсыз сақтаған» деген айыппен ұстаған екен. ATN оның кейбір туыстарымен хабарласқанда, олар Непескулиевтің заңсыз есірткі сақтауы мүмкін емес екенін айтады.

Шілденің соңынан бастап Human Rights Watch (HRW), Шекарасыз тілшілер (RSF) және Amnesty International, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович сияқты құқық қорғау ұйымдары түркімен билігін Сапармамед Непескулиевті босатуға немесе, тым болмағанда, өз қалауымен қорғаушы таңдауға рұқсат етуін сұрады.

Непескулиевтің түрмеде екені жайлы ақпарат тараған соң ATN оның отбасына қоңырау шалып, өзін Непескулиевтің қарындасымын деп таныстырған адаммен сөйлесті. Ол «қарындасы» Непескулиевтің «есірткіге тәуелді» адам екенін, «өзін және анасын үнемі ұрып-соққанын» айтқан.

ATN журналистің анасымен сөйлесуге тілек білдіргенімен, әлгі «қарындасы» анасының таңертең жансақтау бөліміне түскенін айтады. Содан бері ATN Непескулиевтің анасымен телефон арқылы тілдесе алмай келеді. Сапармамед Непескулиевтің өзіне әлі күнге дейін ресми айып тағылған жоқ.

ОҚИҒАНЫҢ БАСҚА НҰСҚАСЫ

Сапармамед Непескулиевтің басындағы жағдай Азатлықтың тағы бір штаттан тыс тілшісі Османқұлы Халлиевтің билікпен тіресуінен кейін болған. 2006 жылдан бері Азатлықтың тілшісі болып істеген Халлиев маусым айының басында жұмыстан кететінін мәлімдеп, «өзіне қарсы биліктің қорқытып-үркіту кампаниясы басталғанын» айтқан.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Халлиевті елдің батысындағы Лебап облысы Гарашсызлық ауданының басшысы кабинетіне шақырып алып, «жергілікті билік және топ басшылары алдында айыптап, сөккен». Бірақ кейін билік тарапынан қоқан-лоқы жасау тоқтамаған соң, Халлиев қайтадан Азатлыққа жұмысқа шықты, ол «өзіме және отбасыма қысым жасауды доғармайтын болса, жұмыс істей берейін» деп ұйғарғанын айтады.

Түркіменстан шенеуніктері бұндай жағдайларға сирек пікір білдіреді, көбінесе Батыс баспасөздері ақпаратты бұрмалады деп құтылады. Дегенмен, жақында жаңадан ашылған Gundogar-news.com сайты (15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оппозициялық Gundogar.org сайтымен шатастырмау керек) жуырдағы оқиғаның басқа нұсқасын ұсынады.

Gundogar-news.com сайты тамыздың 1-і күні «Непескулиев Азатлық пен Түркіменстанның балама жаңалықтары жобасына жасырын жұмыс істеген» деп жазды. Мақала авторы АТН редакторы Руслан Мятиевтің біліктілігіне күмән келтіріп, «3-4 жыл ғана тәжірибесі бар жас журналист» деп атайды.

Содан соң мақалада 2010 жылы Азатлықта қызмет етіп жүргенде Дэвид Берк сыйлығын алған Азатлықтың бұрынғы тілшісі Аширкулы Байриевтің сөзін келтіреді. Ол HRW, Amnesty International және «Шекарасыз тілшілер» ұйымдары «ATN айыптауына сүйеніп, құқық қорғау қозғалыстары мен азаматтық белсенді институттардың беделін түсірді» деген екен. Байриев Непескулиевтің бірнеше жыл бұрын «жеке құқын талап еткен соң» психиатриялық емханаға түскенін айтып шағымданғанын жөнсіз санайды, «Түркіменстанда күн сайын біреу сотта, арбитражда, құқық қорғау мекемелерінде өз құқын талап етеді... еліміздің күнделікті тіршілігінде ол қалыпты құбылыс» дейді ол.

«Мен ешқашанда біздің құқық қорғау мекемелерінің, арнайы қызмет органдарының біреуді психиатриялық емханаға жатқызғанын естімеппен, бұл күлкілі мәлімдеме» деген Байриевтің сөзін келтіреді Gundogar-news.com сайты.

Содан соң Байриев Непескулиев туралы пікірінде: «ол ATN жобасына (мүмкін Азатлыққа да) ақшаға жұмыс істеген, солайша өзінің заңсыз есірткі саудасын құқық қорғау мекемелерінен жасырмақ болған» депті.

Әдетте, Азатлықта жұмыс істеу, керісінше, биліктің, бұл жағдайда түркімен құқық қорғау мекемелерінің ерекше назарын аударатыны белгілі. Gundogar-news.com сайтын кімдер қаржыландыратыны белгісіз, бірақ сайттың мазмұнына қарағанда оның түркімен үкіметінің сойылын соғатыны байқалады.

ЖАҢА АМПЛУА

Азатлық биыл биліктің Ашғабаттағы үйлердегі спутник антенналарын алып тастауды бұйырғанын жазған еді. Gundogar-news.com сайты бұл мәселеге қатысты өз бейнекөрінісін ұсынған.

Спутник антенналары жайлы бейнебаянда Азатлықтың тағы бір бұрынғы тілшісі Довлетмурад Язкулиев тәрелкелерді алып тастау шешімін қолдаған. 2011 жылы Азатлықтың тілшісі болып жүрген Язкулиев «балдызын өзіне қол жұмсауға мәжбүрлеген» деген айыппен 5 жылға сотталған еді. Кейін ол президенттің амнистиясымен бостандыққа шықты, бұдан соң мемлекеттік мекемеге қызметке тұрды, әлі күнге дейін сол жерде жұмыс істеп жүр.

Тұрғын үйлерден телехабар толқынын ұстайтын спутниктік табақшаларды алып жатқан жұмысшылар. Ашғабат, 26 мамыр 2015 жыл.

Тұрғын үйлерден телехабар толқынын ұстайтын спутниктік табақшаларды алып жатқан жұмысшылар. Ашғабат, 26 мамыр 2015 жыл.

Довлетмурад Язкулиев видеосында Ашғабатта үйлердің шатыры мен ғимараттарының алдын жапқан спутник тәрелкелерін көрсетеді. Ол түркімен билігінің шешіміне қарсы шыққан халықаралық құқық қорғау ұйымдарын сынайды, бірақ үкімет өзінің кабельдік телеарналарын ұсынып тұрғанда көпшіліктің неліктен спутник арналарды көргісі келетінін айтпайды.

«Бейне-есепте» Азатлық және басқа БАҚ-тар хабарлағандай, үйлердің қиратылғаны, тұрғындарға биліктің ешқандай өтемақы ұсынбағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған. Байриев бұл бейнебаянда шетелдік үкіметтік емес ұйымдарды және ақпарат құралдарын «жалған хабар таратады» деп сынайды.

Аширкулы Байриев үйден шығарылған тұрғындарға жаңа пәтер берілгенін айтады, видеода құрылыс пен жаңадан салынған ықшам аудан көрсетілген, бірақ сол жаңа үйлердің бірде-бір тұрғынынан сұхбат алмаған.

Биліктің Азатлықты нысанаға алуы бекер емес. Азатлық сайтын ай сайын 335500 адам қарайды, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаға 113500-ден аса адам жазылған. Түркіменстан Ауғанстанмен шекаралас аймақта қауіпсіздікке қатысты шетін мәселелерді бастан өткеріп жатыр және елдің табиғи газды экспорттаудан тапқан түсіміне тәуелділік салдарын енді сезіне бастады.

​Түркіменстан билігі тәуелсіздік алғаннан бері халыққа тәуелсіз ақпарат жетпеуі үшін алысып келеді. Сондықтан олардың Азаттыққа шүйлігуі таң қаларлық жағдай емес. Түркіменстан билігі бар болғаны қолы үйренген репрессияны жаңа әдіс-амалға салып жүргізіп жатыр.

(Мақаланы ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG