Accessibility links

Орталық Азиядағы ұқсас референдумдар


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы қызметке шексіз мәрте қайта сайлануына жол ашатын түзетулерді конституцияға енгізу ұсынылған референдумда дауыс беріп тұр. Душанбе, 22 мамыр 2016 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы қызметке шексіз мәрте қайта сайлануына жол ашатын түзетулерді конституцияға енгізу ұсынылған референдумда дауыс беріп тұр. Душанбе, 22 мамыр 2016 жыл.

Тәжікстанда конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өтіп жатыр. Орталық Азиядағы үйреншікті дәстүрге сәйкес, бұл референдум да атқарушы билік иесінің құзыретін кеңейтуге бағытталған.

Тәжікстанда 22 мамырда өтіп жатқан референдумда ел конституциясына енгізуге ұсынылған 41 өзгеріс дауысқа қойылған. Солардың ішінде қазіргі президент Эмомали Рахмонның президент болып қайта сайлануына тыйым салатын бапты алып тастау және президенттікке кандидаттың жас шегін төмендетуді көздейтін түзетулер бар.

ТҮРКІМЕНБАШЫ СҮРЛЕУІ

1991 жылғы Совет одағы тарап жатқан кездегі егемендікке қатысты плебисцитті қоспағанда Орталық Азияда ұзын саны 15 референдум өткен. 1994 жылы Түркіменстанда өткен алғашқы референдумның мақсаты – президент Сапармұрад Ниязовтың өкілетін 2002 жылға дейін ұзарту еді. Ниязов 1992 жылы өткен сайлауда жеңіске жеткен. Бұл – оның өміріндегі ең алғашқы әрі ең соңғы сайлау болды. 1999 жылы Түркіменстанның өмір бойғы көшбасшысы болып жарияланған ол 2006 жылы желтоқсанда қайтыс болғанға дейін билік құрды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке қойылған ескерткіштің ашылу шарасында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке қойылған ескерткіштің ашылу шарасында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Орнына келген Гурбангулы Бердімұхаммедов «70 жастан асқандар президент болып сайлана алмайды» деген қағиданы алып тастайтын конституциялық реформаны қолға алып жатыр.

Түркімен конституциясында «бір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген бап жоқ. Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістер референдумға шығарыла ма, әлде президентке толық бағынышты парламент қабылдай сала ма, ол жағы әлі белгісіз.

ПРЕЗИДЕНТ ӨКІЛЕТІН ЖАППАЙ ҰЗАРТУ

Түркімендерден кейін 1995 жылдың наурызында Өзбекстан да дәл сондай референдум өткізіп, президент Ислам Каримовтың өкілетін 2000 жылға дейін ұзартты. Оның ізін ала Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы наурызда парламентті таратып, сәуірдің соңында президенттің өкілетін 2000 жылдың соңына дейін созу туралы референдум өткізді (дегенмен ол 1999 жылдың басында мерзімінен бұрын сайлау ұйымдастырды). 1995 жылы өткен екінші референдумда парламенттің рөлін төмендетіп, президент құзыретін кеңейтетін жаңа конституция қабылданды.

Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев (солдан оңға) пен әйелі Майрам, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шымбұлақ тау базасында. 8 қаңтар 2001 жыл.

Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев (солдан оңға) пен әйелі Майрам, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шымбұлақ тау базасында. 8 қаңтар 2001 жыл.

Қырғызстан алғашқы референдумын 1994 жылы қаңтарда өткізді. Парламенттің қарсылығына тап болған президент Асқар Ақаевқа қолдау көрсету мақсатын көздеген бұл референдумге: «Сіз 1992 жылдың 12 қазанында демократиялық жолмен бес жылға сайланған Қырғызстан Республикасы президентінің Қырғыз Республикасы президентінің құқықтарын иеленіп, мемлекет басшысы қызметін атқаруымен келісесіз бе?» деген қарапайым сұрақ шығарылған еді.

Сол жылы қазанда өткен екінші референдум нәтижесінде бір палаталы парламент қос палаталы болып өзгеріп, заң шығарушы органның біраз құзыреті президенттің қолына өтті. Одан соң 1996 жылы ақпанда, 1998 жылы қазанда және 2003 жылы ақпанда өткен референдумдар президент билігін нығайтуға бағытталды. Соның нәтижесінде президент Ақаевтың алдыңғы президенттік мерзімдері «ескі» конституция негізінде өткендіктен, олар есепке алынбайтын болып ұйғарылып, оған тағы екі рет сайлауға түсуге мүмкіндік берілді.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ПАРАДОКС РЕФЕРЕНДУМ

Тәжікстан да осы сүрлеумен жүріп келеді. Қазіргі президент Эмомали Рахмон 1992 жылы қарашада елдің солтүстігінде өткен шағын жиында парламент спикері болып бекітілген. Ол кезде елде азамат соғысы басталып келе жатқандықтан, бірер айдың ішінде бірнеше президент ауысып, ақыр соңында президент лауазымы мүлде алынып тасталды. Сөйтіп, парламент төрағасы елдегі ең жоғары лауазымды тұлғаға айналды.

Тәжікстан президенті болып қайта сайланған Эмомали Рахмон өз инаугурациясы кезінде. Душанбе, 16 қараша 2013 жыл.

Тәжікстан президенті болып қайта сайланған Эмомали Рахмон өз инаугурациясы кезінде. Душанбе, 16 қараша 2013 жыл.

Рахмон 1994 жылы 6 қарашада Тәжікстан президенті болып сайланды. Сол күні халық екі мәселе бойынша – президентті сайлау және билік жүйесінде президент лауазымын қайта енгізген жаңа конституция жобасын мақұлдауға қатысты дауыс берді.

Тәжікстандағы келесі референдум 1999 жылы қыркүйекте өтті әрі бұл ел тарихындағы ең маңызды шешімдердің бірі болды. Бұл жолы діни саяси партияларды заңдастыру жайы дауысқа салынды. 1992-1997 жылдардағы азамат соғысына нүкте қойған бейбіт келісім шарттары бойынша Тәжікстан оппозициялық күштерінің парламенттен орын алуына мүмкіндік жасалуы керек болды. Ал елдегі оппозицияның біраз бөлігі Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясы мүшелерінен құралған.

«ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ»

Мұнымен қоса сол референдумда президенттің өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Кейінірек Эмомали Рахмон да қырғыз президенті Асқар Ақаевты қайталап, алдыңғы екі президенттік мерзімін «санамай» тастады.

Тәжікстан президентінің ұлы Рустам Эмомали (сол жақта) және халықаралық футбол федерациясы (FIFA) президенті Зепп Блаттер. Душанбе, 25 наурыз 2014 жыл.

Тәжікстан президентінің ұлы Рустам Эмомали (сол жақта) және халықаралық футбол федерациясы (FIFA) президенті Зепп Блаттер. Душанбе, 25 наурыз 2014 жыл.

Тәжікстанда 2003 жылдың маусым айында өткен соңғы референдумда 1999 жылғы конституцияда жазылған «бір адам бір рет қана президент болып сайлана алады» деген қағида өзгертіліп, екі мерзімге ұзартылды. Ал бүгін өтіп жатқан референдумда «Ұлт көшбасшысы» Эмомали Рахмонға бұл баптың шарттары қолданылмайды деген түзетуді негізгі заңға енгізу ұсынылған. Оның үстіне президенттіке кандидаттың төменгі жас шегі 35-тен 30 жасқа дейін төмендетілмек. Жұрттың көбі бұдан «президент өз ұлы Рустам Эмомалиді келесі президенттікке дайындап жатыр» деген тұжырым жасайды. Рустам Эмомали қазір 29 жаста.

Өзбекстан 2002 жылы тағы бір референдум өткізіп, онда президент Ислам Каримовтың өкілетін тағы да ұзартқан және президентті бес жыл емес, жеті жылға сайлау туралы ереже енгізген. Осы референдум нәтижесі бойынша, бір палаталы парламент екі палатаға бөлінді.

«Екі реттен артық сайланбау» қағидасы Өзбекстанда әлі де бар. Бірақ 2007 жылы екінші мерзімінің уақыты өткенде Каримов тып-тыныш қайта додаға түсе салды, бұған елде қарсы шыққан ешкім болған жоқ. 2015 жылы ол тағы сайлауға түскенде де ешкім наразылық білдірмеді.

2010 жылы маусымдағы Қырғызстанда өткен референдум басқаларынан ерекшеленетін маңызды саяси оқиға болды. Бұл референдумның нәтижесіне сәйкес, Қырғызстанды президенттік билік жүйесінен парламенттік басқару түріне ауыстырған жаңа конституция қабылданды. Ол сондай-ақ, сол кездегі президент Құрманбек Бакиевтің билігін нығайта түскен 2007 жылғы қазандағы өзгерістердің күшін жойды.

Дегенмен, Тәжікстанда өтіп жатқан науқан Орталық Азия аймағын дәстүрлі референдумдар соқпағына қайта түсірді.

(Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG